Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті «Көкшетау Энерго Центр» серіктестігінің электр энергиясына бағаны көтеру жөніндегі жобасын талқылау бойынша қоғамдық тыңдау өткізді.
Жиналысты ашып жүргізген аталмыш департаменттің басшысы Нұрлан Жалғасбаев өз сөзінде «Көкшетау Энерго Центр» серіктестігі электр энергиясын тарату қызметінің бағасын көтеру жөнінде өтініш білдіргенін айтты. Бұл серіктестік энергиямен қамтамасыз ету мақсатында электр энергиясын сатып алумен айналысады. Сондай-ақ, олар Ақмола облысының үш ауданына, Көкшетау мен Щучинск қаласына және Степногорск энергия торабы кенттерінің бір бөлігіне қызмет көрсетеді. Ол жөнінде «Көкшетау Энерго Центр» серіктестігінің директоры Гүлшат Иржанова баяндап берді. Оның айтуынша, серіктестік қызмет көрсететін абоненттер саны 108 535 құрайды. Оның 102664 жеке тұлға және 5871 заңды тұлға. Серіктестік Ақмола облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің биылғы жылдың басында бекіткен 1 кВт сағат үшін 19 теңге 85 тиын көлемінде босатылатын тариф бойынша электрмен қамтамасыз ету қызметін ұсынады. Оның ішінде тұрғындар 1 кВт сағат үшін 15,61 теңге, заңды тұлғалар үшін 22,42 теңге төлеуде.
Босатылатын тарифті көтерудің негізінде «Көкшетау Энерго» және «Степногорск Энерго Транзит» серіктестіктерінің жүйесі бойынша станциядан электр энергиясы тарифін көтеру және электр энергиясын тарату қызметі жатыр. «Көкшетау Энерго Центр» серіктестігі босататын баға жобасы 2020 жылдың 1 қазанынан бастап 22 теңге 25 тиынды құрайтын болады. «Электр энергиясын сатып алу» бабына Жамбыл мен Екібастұз электр станциялары мен Степногорск жылу электр орталығынан электр қуатын сатып алу шығыны кіреді. Электр станцияларындағы электр энергиясының бағасы Энергетика министрінің 2020 жылдың 1 шілдесіндегі бұйрығымен бектілді. Осы кезеңнен бастап электр энергиясын сатып алудың орташа бағасы 8 теңге 54 тиынды құрады. Өсім 64 тиын немесе 8,1 пайыз.
Серіктестік директоры Гүлшат Иржанова «РЭК жүйелері бо-
йынша электр энергиясын тарату», «Электр қуатының дайындығын қолдау қызметі», «Қамтамасыз етудің құны» жөніндегі баптар туралы айтып берді. Жеке тұлғалар үшін тариф (1 кВт сағат үшін) 17 теңге 48 тиын, заңды тұлғалар үшін 25 теңге 11 тиын, бюджет үшін 26 теңге 28 тиын көлемінде есептеліп отыр. Бұл – тарифтің 12-17,2 пайызға көтерілгенін көрсетеді. Серіктестік басшысы үш деңгей бойынша жеке тұлғалар тұтынатын көлем жөнінде де айтты. «Көкшетау Энерго Центр» серіктестігінің 2020 жылдың 1 қазанынан бастап босататын тарифінің деңгейі облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментімен 30 күннің ішінде қаралып, бекітіледі.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.