Ардагерлер – туған елдің тірегі

Ардагер деген сөз құрметті, ардақты, қадірлі, абыройлы, сыйлы адам деген мағынаны білдіреді. Өзінің күн көрісі үшін көп жыл еңбек еткен кез-келген адам ардагер бола алмайды. Елдің қамын жеп, ұлттың намысы мен тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрлерін қорғаған, халқына аянбай еңбек сіңірген адамды халық ардагер деп бағалап, төрге шығарады.

Ұлы Отан соғысы кезінде жаңбырдай жауған оқтын астында апталап, айлап, тіпті жылдап қан кешіп, мұз жас-
танып, қар жамылып, қанын төккен аталарымыздың, тылда арып-ашып еңбек етіп, елді бейбіт өмірге жеткізген аға-аталарымыздың алдында өмір бақи қарыздармыз. Өйткені, олар нағыз ардагерлер! Біздің халық – батыр да өжет, мықты да төзімді, білімді де зерек, өнерлі де еліктегіш, бауырмал да қонақжай қарттарын қатты сыйлаған кеңпейіл халық. Соғыс жылдары Қазақстанға жер аударылып келген 2 230 500 адамды да халқымыз бауырына басты.
Ал, батырлығымызға дәлел керек болса, Ұлы Отан соғысына 1 миллион 200 мың азаматымыз қатысып, оның 630 мыңы мәңгі майдан даласында қалды. Олардың 449-ы Кеңес Одағының Батыры атанса, солардың ішінен 111-і қазақ жігіттері мен қыздары. Әлия мен Мәншүк, Хиуаздай батыр қыздар мұсылман елінің ешбіреуінде жоқ. Бұл үлкен абырой әрі зор мақтаныш.
Асты толған қазына, үсті байлық осынау ұлан-ғайыр жерді бізге тәңірім осындай қасиеттеріміз үшін берген бе дерсің. Осы орайда, Егіндікөл ауданының киелі топырағынан Отанын қорғауға аттанған Көркем және Жалманқұлақ ауылдарының 150 боздығын айтпай кетуге болмас.
Жеріміздің жазиралы кеңдігі,
Еліміздің егемені, теңдігі.
Келмес те еді, Жеңіс туын қадаған,
Болмаса егер сол сарбаздың ерлігі, –
деген ақын жолдарынан асырып айту қиын.
Егіндікөл жаңа аудан боп шаңырақ көтергенде тың және тыңайған жерлерді игеріп, жаңа совхоздардың алғашқы қазығын қаққан басқа ұлт өкілдері де қан майданнан орала сала еңбекке құлшына араласқан жастар еді. Олардың да саны 150-ден асып жығылады. Олар Армавир, Бауман, Днепропетровск, Полтавск, Ушаков ауылдарында көп жыл еңбек етіп, елінде қалған соғыс және еңбек ардагерлері. Қазір солардың бірі де жоқ. Есесіне сол сұрапыл соғыс жылдары балалық бал дәуренді артқа тастап, еңбекке ерте араласқан тылдағы ардагерлеріміз бар. Бүгінде де олар да 70 пен 90-ды арқалап қалған қарттар. Ендігі құрмет, сый-сияпат осы аға буын өкілдері – еңбек ардагерлеріне арналса екен дейміз. Олардың көбі сол қырғыннан оралмаған боздақтардың ұрпағы.
Ардагерлер ұйымының негізгі мақсаты аудан көлеміндегі тыл ардагерлері және барлық зейнет жасындағы қарттарды қамқорлыққа алу болғандықтан, өз тарапымыздан қарттарға қолдан келген көмегімізді көрсетіп келе жатырмыз. Қарттарды дәрі-дәрмекпен қамту, дәрігерлік бақылаудан өткізу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Ардагерлерге Түркістан облысына қарасты Арыс қаласындағы «Арасан», Бурабайдағы «Алмаз» шипажайларына демалыс ұйымдастырылды.
Ешбір мереке аудан ақсақалдарының қатысуынсыз өтпейді. Өзіміздің «Ғибрат» әжелер клубы бар. «Әжелер өнері – ұрпаққа аманат» қағидасын берік ұстанып, жалғастыру мақсатында «Ғибрат» әжелер клубының бастауымен аудандық мәдениет үйінде «Шебер қолдар» үйірмесі ашылды. Аудандық мәдениет үйінде әжелер клубының мүшелері «Әжелер – елдің ажары, немере – үйдің базары» байқауын өткізді. Мұндай шаралар өскелең ұрпаққа үлгі болары анық. Халқымыздың барын бағалап, жоғын жоқтай білетін саналы ұрпақ тәрбиелеуден жалықпайық.
«Жастарға ақыл айту – қарыз, өнерге үйрету – парыз, тәжірибеңді беру – міндет. Бұл үшеуін айтпаса, қарт кінәлі, ұқпаса, жас кінәлі» деген екен бір ғұлама. Ендеше ел тірегі, жастардың ақылшысы бола білген аяулы ардагерлерімізді Қарттар күнімен құттықтаймын! Еліміздің жарқын болашағы ынтымақты еңбекте, ауыз бірлікте жалғаса берсін деп тілеймін! Таланттысы басшы, талаптысы қосшы болып, құт-береке дарыған қуатты да, іргелі ел болуға ұмтылайық!
Бақыт ӘМІРХАНОВА,
Егіндікөл аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар