Үлкенге құрмет көрсету ұлтымыздың болмысындағы маңызы зор қасиеттердің бірі. Қарттардың батасын алып, олардың өнегелі өмірін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету басты парызымыз. Алда келе жатқан қарттар айлығына орай аудан орталығынан шалғайда жатқан Күлшін ауылына ат басын бұрған едік.
Күлшін ауылының құрметті қарияларының бірі – Отан Қайырханұлы Әбілғазин. Бүгіндері жасы жетпістің бел ортасынан асқан ақсақалдың байыпты, өмірден көргені мен түйгені мол қария екендігін әңгімесінің әлқиссасынан-ақ аңғаруға болады.
Отан Қайырханұлы 1944 жылы Күлшін ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Қайырхан Садықұлы ауылда мұғалім болып қызмет етсе, анасы Күлпай Көшербайқызы мектепте шаруашылық меңгерушісі болған. Бір үйде 10 бала тәрбиеленіп өссе, Отан ақсақал солардың үлкені болды.
8 сыныпты ауылдық мектептен бітірген соң, қазіргі Бозайғыр ауылындағы техникалық училищеге оқуға түсіп, механизатор мамандығын игеріп шығады. Алғашқы еңбек жолын ауылда механизатор болып бастап, 1969 жылға дейін еңбек етеді. Сол жылы Сәуле Болатқызына үйленеді.
Жолымбет кентінде шоферлық мамандықты меңгеріп, сонда жүргізуші болып жұмыс жасай жүріп, кешкі мектептен 10 жылдық білім алады. Одан соң 1973 жылы туған ауылы Күлшінге қайта оралып, партия қатарына өтеді, мал шаруашылығында бригадир болып қызметін жалғастырады. 1973 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының сырттай бөліміне оқуға түсіп, «Зоотехник» мамандығын меңгеріп, диплом алады. Бір жыл ауылда зоотехник болып қызмет етеді. Әрі қарай товарлы-сүт фермасының бригадирі болса, 1986 жылы бөлімше басқарушысы болып тағайындалады. Содан 2007 жылға дейін еңбек етіп, зейнеткерлік демалысына шығады.
Әжеміз Сәуле Болатқызы мектепте аспазшы болып жұмыс істеген екен. Отан ақсақал екеуі 3 ұл тәрбиелеп өсіреді. Қазір осы балаларынан 6 немере сүйіп, бақытты ғұмыр кешуде.
–Қазір еліміз тыныш. Еңбек еткен адамға бәрі бар. Біз алғаш мектепке барғанымызда қолдан тіккен сөмке ұстадық. Май шаммен сабақ оқитынбыз. Қазір айтсаң, немерелеріміз күледі. Ол кезде заман қиын еді. Бүгінгі балалардың көзі ашық, ғаламтордан бәрін қарап, оқып-біліп отыр. Біз оқыған заманда ондай болмады. 1958 жылы 7 сынып оқып жүрген кезім, 6 баланы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне апарды. Лениннің мавзолейіне бардық. Ол кезде бұл үлкен құрмет. Кеңес Одағының астанасына бару деген сол кездегі балалар түгіл, үлкен қызметтегі адамдардың түсіне кірмейтін. 90 жылдардың тоқырауын да бастан өткіздік. Ауылда жарық бірде бар, бірде жоқ. Бірақ, оны да жеңіп шықтық. Бұл біздің ғана емес, еліміздің басынан кешкен қиындықтары. Енді міне, дүниені дүрліктірген коронавирус індеті де елімізді әбігерге салуда. Біз тарихтың талай соқпағында бірлікпен, бауырластықпен небір қиындықты жеңген халықпыз. Бұл індетті де жеңіп шығамыз. Тек ел іргесі тыныш, жастарымыз аман болсын, – дейді Отан ақсақал.
Ауылының тарихы, ондағы өмір сүрген, елдің дамуы мен бірлігін сақтаған азаматтар жайында сырлы сыр шерткен Отан Қайырханұлы расымен, бүгінгі күннің тірі шежіресі дерсің. Осындай қарттарымыз барда, тарихымыз өшпесіне кәміл сенеміз.
Мадет ӨМІРБЕК.
Шортанды ауданы.