Облысымызда құс тұмауының тіркелуіне байланысты күшейтілген режимде індеттің алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, қыркүйектің 24-нен бастап облыстың елді мекендерінде вакцина салу жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі таңда 173,9 мың үй құсына екпе салынды. Өзіміздегі бар вакцина есебінен ірі құс фабрикаларындағы 1462 мың құсқа осы екпе іске асырылды. Бұлардың қатарында «Капитал Прожект», «Астана құс», «Бурабай Агро Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Ижевск» өндірісті кооперативі бар. Бірер күнде тағы екі құс фабрикасына вакцина жеткізіледі деп күтілуде. Басқарма басшысы Базарбай Бұлашевтің айтуынша, індетке мониторинг жүргізу шаралары да күнделікті бақылауда, ұсталып отыр.
– Құс тұмауының таралуына жол бермеу мақсатында үй құстарының жабайы құстармен байланысын болдырмау үшін өңір тұрғындары мен құс шаруашылықтарының басшылары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ветеринарлық қызметкерлер күн сайын құс шаруашылығы фермаларына барып, құстарды тексеруде. Сонымен бірге, жабайы құстар жиналатын су қоймаларында бақылау жүргізілуде, – дейді Базарбай Бұлашев.
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, облыстың 9 ауданындағы 11 елді мекенде құс тұмауы анықталып отыр.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.