Жақсыдағы жақсы істер

Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында Жақсы ауданының бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарында болып, олардың жұмысымен таныстық.

Бұл өңір егін орағын алғашқылардың бірі болып аяқтап шықты. 448,4 мың гектар жердің егіні бастырылып, қамбаға 473,3 мың тонна астық, оның ішінде 55,9 мың тонна тұқым құйылды. Орташа гектар берекесі 10,6 центнерден айналды.Баспасөз турында алдымен, осы ауданның Беловодский селосында орналасқан «АгроЖер-1» серіктестігінің дала қосында болдық. Серіктестік директоры Серік Жармұхамедов өз сөзінде ұжымда 27 адам жұмыс істейтінін, биыл 5,3 мың гектар алқаптың астығын шашпай-төкпей жинап алғандарын айтты. Жаз айларындағы ауа райының қолайсыздығы өнімнің шығымдылығына кері әсерін тигізіп, гектар берекесі 10 центнерден айналған екен. Өткен жылдары гектарынан 16 центнерден астық алыныпты. Бүгінгі күні барлық алқаптың 15 пайызы жыртылған екен. Еңбеккерлер үшін барлық жағдай жасалғанын өз көзімізбен көрдік. Шаруашылық жылқы, қой бағумен де айналысады. Ол үшін 1,9 мың гектар жайылым жер қарастырылған. Мал азығы да молынан дайындалыпты.
Одан әрі іссапарымыз Подгорный селосында жалғасын тапты. Село клубы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен екен. Село әкімі Қарлығаш Әубәкірованың айтуынша, екі қабатты клуб 1994 жылы салынған. Мәдениет ошағы содан бері жөндеу көрмепті. Былтыр бюджеттен қомақты қаржы бөлінудің арқасында ғимараттың жаңа шатыры салынып, жылу жүйесіауыстырылған екен. Сондай-ақ, көрермендер залы, фойесі, киім ілгіш орыны жөнделіп, жаңа терезелер орнатылыпты. Биыл ғимараттың сырты жөнделген екен.Бұдан кейін ат басын Жаңа Қима ауылындағы бұрынғы оқу-өндірістік кешеніне бұрдық. Мұнда Наталья Кацуба балалардың бос уақытын өткізетін арнайы орын ашқан екен. Алғашында ол «Еңбек» бағдарламасына қатысып, «Бастау бизнес» курсында оқыпты. Грант алған соң өз қаржысын қосып, балалардың ойыншықтары мен батут тәрізді көптегенойын жабдықтарын сатып алған екен. Қазір ауылдың балалары сағатына 500 теңге төлеп, әртүрлі ойындар ойнайды.
«Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында биыл облыстық бюджеттен 118 миллион теңге бөлініп, Жаңа Қима ауылының 10 көшесіндегі 7,6 шақырым жолға асфальт төселіпті. Ол жөнінде осы жұмысты атқарған «КөкшеАгроИнец» серіктестігінің учаске басшысы Александр Воробей айтып берді.Осы ауылда тұратын көп балалы ана Сәния Сыздықова «Бастау бизнестің» курсында оқыған екен. Кейін мал шаруашылығын құру бағытындағы 555,6 мың теңгенің грантын ұтып алып, он алты қой сатып алыпты. Келешекте бұл отбасы ірі қара мен жылқы сатып алуды межелеп отыр. Ғұбайдолла Әбдірахманов атындағы Жаңа Қима орта мектебінің мұғалімі Еркегүл Сүлеймен республикалық «Жыл мұғалімі» атаныпты. Оның бірқатар оқушылары да олимпиадаларға қатысып, жүзден жүйрік шыққан екен. Ұстаздар отбасында тәрбиеленген Еркегүл Сүлейменнің бауырларының бәрі білім саласында еңбек етеді.
Бұдан кейін аудан орталығында орналасқан «Урожай» серіктестігінің элеваторына келдік. 33 гектар жерді алып жатқан төрт элеватор «ТНК» компаниясының құрамына кіреді. Төрт диірменде компания шаруашылықтарының 200 мың гектар алқаптан жинап алынған астығы өңделеді. 1998 жылдан бері ұн шығарылады. Төрт элеваторда 300 мың тонна астық сақталады. Өткен жылдан бері жарма шығаратын цех жұмыс істеуде. Біз цехтың жұмыс барысымен таныстық. Мұнда Германияда жасалған қондырғылар орнатылған.Барлық жұмыс үрдісі компьютермен басқарылады. Цехта 26 адам еңбек етіп, күніне 35 тонна өнім шығарады. Өндірілген өнім Қазақстан рыногына шығарылады. Еңбеккерлер үшін барлық жағдай жасалған. Кәсіпорынның өз жатақханасы мен асханасы бар. Тұрғын үй салынып жатыр.
Біздің іс-сапарымыз 89 түтіні бар Чапаев селосында жалғасын тапты. Село іргесіндегі су бөгетіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Село әкімі Ерлан Серікпаевтың айтуынша,суын ауыл тұрғындары ауыз суға пайдаланатын бұл су бөгетін көктемде су шая бастапты. Егер биіктігі 12 метр бөгеттегі су толық ағып кетсе, Ленинск селосын су басып, ауыл тұрғындары бір жыл судан тарығады екен. Биыл бюджеттен 148 миллион теңге қаржы бөлініп, шілдеден бері «Көкше Еурострой» серіктестігі жөндеу жұмысын жүргізуде. Бүгінгі күні барлық жұмыстың 90 пайызы атқарылыпты. Жиналған суды реттеуге диаметрі 1 метр болатын бес құбыр және артық суды ағызатын диаметрі 30 сантиметр екі құбыр орнатылған екен.
Аудандық аурухана маңында медицина саласының мамандары үшін 8 пәтерлік тұрғын үй қалпына келтірілуде. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дәулет Қосшығұловтың айтуынша, бұл тұрғын үй он жыл бойы қаңырап бос тұрған екен. Өткен жылы оның жобасы жасалып, биыл аудандық бюджеттен 106,9 миллион теңге қаржы бөлініпті. Шілдеде «Павлодар электромонтаж» серіктестігі құрылыс жұмысын бастаған екен. Бүгінгі күні барлық жұмыстың тең жартысы атқарылыпты. Бір қабатты тұрғын үй биылғы жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Іссапарымыздың соңында аудандық мәдениет үйінде орналасқан орталықтандырылған кітапхана жүйесіне келдік. Мекеме директоры Гүлмира Райымбекова өз сөзінде қазан айының басында жергілікті бюджеттен 4 миллион теңге бөлініп, коворкинг орталығы ашылғанын айтты. Бұл орталықтың жұмысы шығармашылық пен бос уақытты өткізуге арналған. Орталық балалар, газет-журнал, кітап бұрышы тәрізді бірнеше бөлікке бөлінген екен. Кітаптар адамдардың жас ерекшеліктеріне орайластырып қойылыпты. Биылғы жылы 500 мың теңгенің жаңа кітаптары сатып алынған екен. Жалпы, кітап қоры 295 мың дананы, оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар 92 мың дананы құрайды. Орталыққа жылдамдығы жоғары интернетке қосылған компьютерлер қойылыпты. Сондай-ақ, интернетке телевизор қосылған. Алдағы уақытта орталықтың жұмысын сағат 21-ге дейін ұйымдастыру межеленген. Мұнда жастарға арналған дебаттар, кездесулер мен пікірталастар өтеді. Міне, ауданда осындай жақсы істерді көріп, көңіліміз тоғайып оралдық.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілішісі.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар