Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қарттарым, аман-сау жүрші!.. - АРҚА АЖАРЫ

Қарттарым, аман-сау жүрші!..

Қарттар күні қарсаңында тоқсанға аяқ басқан Жанай қарияның отбасында болып,  60 жылға жуық жұптары жазылмай келе жатқан жан жары Жұлдызай екеуінің бір-бірін толықтырып отыратын өнегелі өмірлерінен шерткен сырларына куә болып қайттық.

Бойы тіп-тік, ойы түзу, күлкісі де шынайы, салмақты да салиқалы, бір бойына бар парасаттылықты жиып алған Жанай қария  бізді жылы қарсы алып, төргі бөлмеге бастай жөнелді. Бәріміз жайғасқан соң біздің сұрағымызды күтпестен:
–Қарағым, мен үш ағайындымын. Ініміз о дүниеге ерте аттанып кеткен. Ал, тоқсанға таяған ағам сол туған жеріміз Сарыадырда тұрып жатыр, –  деп бір тыныстады. Мен де қарияны іздеп арнайы барған соң, ойын бөлмеуге тырыстым. Көп нәрселерді айтып қалғысы келгендей, кітап сөресінің үстіндегі қаз-қатар тізілген суреттерге көз тастап, ұзақ тоқталып, алдындағы альбом бетіндегі сарғайған бейнелерді қолымен сипап, таныстырады бастады.
Иә, сонау  алыс күндерге, жастық шағына деген сағыныш сезімі көкірегін кернеп тұрғаны айтпаса да түсінікті еді. Бірақ, бәрі дәл бүгінгідей қаз-қалпында киноның лентасындай көз алдынан өтіп жатыр-ау.  Бір сәт сол жастық шағынан ой түйген қария бүгінгі күні де ештеңе жоғалтпағандай көрінді маған. Өйткені, оның  жинақы ойы, өзін сабырлы ұстаған қалпы көп нәрсені аңғартып тұрғандай. Жылдардың санына байланысты бірлі-жарым ойланып қалған сөздері болса, оны да күлімдей тіл қатқан жан жары Жұлдызай түзетіп,  толықтырып отырды. Шыныменен, біздің «облыстық газетке жазамыз» деп іздеп келгенімізге қатты риза болғаны екеуінің де жүздерінен анық байқалады. Өздерін суретке түсіріп жүрген фототілшімізге іштей риза болып отырғаны ма, «қарағым» деп күбірлеп қояды.
Сонымен, біз әңгімелегелі отырған кейіпкеріміз – Жанай Жармағамбетұлы Жармағамбетов 1940 жылдың желтоқсан айында Чистополь ауданы Новомихайловка ауылында туған. Яғни, бұрынғы Целиноградтың Сарыадыр ауылының тумасы. Ағайынды үш ұл болған, інілері қайтыс болып, бүгінде туған елі Сарыадырда тұрып жатқан 1934 жылғы ағасы 90 жасқа таяған ауылдың абыз ақсақалы екен. Жанай қария бәйбішесі Жұлдызаймен 1963 жылы отасқан.
–Жанай-Жұлдызай, екеумізді қосқан бір құдай. Ұл менен қыз өсіріп, Он бір немере-жиен сүйдік-ай, екі шөбере, бір жиендер тағыда-ай», – деп қайта-қайта айтып, әсерленіп өмірлеріне тәубе етеді Жанай қария. Оның туған інісі марқұм Кеңес Жармағамбетұлы Жармағамбетов те майор шенінде зейнеткерлікке шыққан, өңірімізге ақындығымен де танымал азамат. Сондықтан, Жанай қария да ақындықтан құралақан емес екен. Бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бір-бірін қас-қабағынан ұғынып, 60 жылға жуық отасып отырған өнегелі жандар арасындағы әзіл-қалжыңның да орны жарасып тұр.
– Жұлдызай маған 50 жыл үндемей келіп еді, соңғы жеті жылда мені жұмсап, ұрсып келеді, – деген ол, «қазір менің бастығым» деп жадырап бір күліп алды.
Бар салиқалы ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған Жанай қария алғаш үйленген жылдары екі баламенен Алматыға барып, екі жыл жоғары мектепте оқиды. Одан Қарағандының жоғары милиция мектебіне ауысады. 1972 жылы оның ең алғашқы түлектерінің бірі болып, бітіріп шыққанын да мақтан тұтады. Сол кездегі Целинный ауданының Пески, Новоишимка елді мекендерінің милиция бастығының орынбасары қызметтеріне жіберіледі. Екі жылдан кейін 1976 жылдары жұмыс бабымен Арықбалық ауданына ішкі істер бөлімінің бастығы болып барып, үш жыл абыройлы қызмет атқарады. Содан 1980 жылдары Көкшетауға қоныс аударып, мемлекеттік автоинспекцияда еңбек жолын жалғастырады. Кейін Көкшетаудың Ішкі істер басқармасына ауысып, сол жерден 1993 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де бір жыл еңбектен қол үзбейді. Осылайша 32 жыл құқық қорғау саласында үздіксіз еңбек етіп, тәуелсіздіктің ақ таңын елмен бірге қарсы алып, соңғы 30 жылға жуық уақытында зейнеткерліктің де жемісін көріп келеді. Әке жолын жалғастырған екі баласы Жасұлан мен Гүлжиян да құқық қорғау саласында қалтқысыз қызмет еткен, шендері майор ардагер. Қызы Гүлжиян Жезқазғанда жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін үш бөлмелі пәтерге ие болған. Ұлы Жасұлан болса, Зеренді ауданының учаскелік инспекторы бола жүріп, зейнет демалысына шыққан. Бұл әулеттің бір салада қызмет істеген 100 жылға жуық еңбек өтілі және бар. Одан кейінгі ұл-қыздары Нұрланы мен Гүлнәрі де жоғары білімді, отбасылы жандар.
Бүгінде Жанай қария адал еңбектің, жылдар бойғы төккен тердің жемісін жеп, «Ұзақ мерзімді адал еңбегі үшін», «Мінсіз қызметі үшін», Қазақстан полициясының ведомстволық медальдары мен мерейтойлық медальдарға қоса, көптеген Құрмет грамоталары және дипломдармен марапатталған. Оның жұбайы Жұлдызай апай болса, отағасы апталап жұмыс бабымен іссапарда жүргенде үйдегі төрт баласына қамқор болып, қандай жұмыстан да қашпай, еңбектің дәмі тәтті екенін балаларының санасына сіңіре жүріп, жарымен өмірдің бар қызығы мен қиындығын бірге бөлісіп келеді. Міне, осылайша өмірде жұлдызы жарқырай түскен Жанай Жармағамбетұлының жастарға айтар тілегі де жоқ емес.
– Қазіргі жаһандану заманында жас ұрпақтың ертеңгі болашағы жарқын болып, сол жастарға біздің ғұмырлы, абыройлы жасымызды берсін! Қай салада да адал еңбек етіп, біздей зейнеткерлікке жете беріңдер, айналайындар, – деп ақ батасын берген қария бүгінде қызмет орны берген төрт бөлмелі пәтерінде алаңсыз тұрып жатыр.
Дүниеге келер бір рет,
Дария-кеуде,
Тау-мүсін,
Құрыштан құйған құдірет –
Қарттарым,
аман-саумысың? –
деп ақын Сағи Жиенбаев «Ауыл қарттары» өлеңінде жырлағандай, дария-кеуде, тау-мүсін қарттарымыз аман болсын!
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар