Еріктілер қозғалысы – жастардың жүрек қалауы

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 26 тамыздағы «Волонтерлер жылын жариялау туралы» Жарлығынан кейін облыста айта қаларлықтай істер қолға алынуда. Әсіресе, жастардың бойында елге, жерге жанашырлық сезімінің мол екендігі қуантады. Волонтерлерді қолдау орталығы облыстық жастар ресурстық орталығының жанында жұмыс істеуде. Бүгінгі күні облыстың барлық өңірлерінде 84 орталық ізгілік нұрын сеуіп, қамқорлық қанатын кең жайып келеді. «Nur Otan» партиясы Ақмола филиалы жанынан ашылған волонтерлық шеберлік мектебі де игі іске зор ықпалын тигізуде.

Әсіресе, жаман тұмау жайлаған кезде жалпақ жұрт жалынды жастардың ізгілік тұнған ізетті іс-қимылынан көп демеу көрді. Өз бастарын қатерге тігіп жүрсе де, халқының қамын ойлаған жастар жалғызілікті адамдарға дәрі-дәрмегін, азық-түлігін жеткізіп беріп, алғысқа бөленді. Алғашқы жартыжылдықта облыс бойынша 1250-ден астам жақсы істерге ұйытқы болатын шаралар өткізілді. Оның ішінде онлайн кеңес беру, онлайн конкурстар, «Біз біргеміз!» акциялары және талай жастың көкірегінде елжандылық пен ұлтжандылық сезімдерін оятатын «Патриотизм сағаты» жобасы бар.
«Күміс волонтерлықты» дамыту аясында «Біз біргеміз!» қоғамдық қоры карантин кезінде де белсенді жұмыс істеді. Қор еріктілерінің тізе қосуымен «Аялау» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтың кіре берісі мен тамбурына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстық әділет департаменті халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға құқықтық мәселелер төңірегінде кеңес беру барысында студент волотерлерді тарту арқылы арнайы іс-жоспарлар жасап, оның кестесі бекітіліп, қыруар жұмыс атқарылды. Осы кезеңде жоғарыда айтылған тақырыптарға орай, жүйелі түрде кеңестер өткізілді. Саяжайларда тұратын халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген топтарына консультациялық көмек көрсетілді. Нақтырақ айтсақ, студенттердің өзі 113 құқықтық кеңес берген екен. Облыстық экология департаменті өңірлік экологиялық слет өткізді. Бұл шараға 100-ден астам ерікті қатысты. Есепті кезең ішінде Қазақстан Рес-
публикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы елуден астам еріктіні жұмылдыра отырып, аңшылық шаруашылығы аумағында жабайы жануарларды азықтандыру іс-шараларын ұйымдастырды.
«KustoGroup» халықаралық компаниясы қашықтықтан оқыту кезінде ауылдық жерлерде тұратын әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың оқушыларына ондаған ноутбуктар алып берді. Тілдік онлайн-курстар, ҰБТ-ға онлайн дайындық іске қосылды. Осы орайда 46 сабақ өткізілді. Сондай-ақ, карантин кезінде жанашырлық танытқан жоғарыдағы компания волонтерлық ұйымдармен бірлесе отырып, бір жиынтығы 14 мың теңге шамасында болатын азық-түлік пакеттерін жеткізуді қолға алды. Мұндай көмек облыс орталығындағы 500-ден астам отбасына жасалды. Азық-түлік пакеттерін жеткізуге автоволонтерлер де жұмылдырылды.
Атбасар қаласында халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына көмек көрсету мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бастамасымен «Қамқор» ашық арнайы қоры құрылды. Банкте қордың есеп шоты ашылып, аудан азаматтары ақшадай қаражат жинады. Қор бұл ақшаға азық-түлік себеттерін сатып алды. Ұзын-ырғасы 20 миллион теңгеден астам қаражат көлемінде көмек көрсетілді. Көкшетаудағы жоғары көп салалы азаматтық қорғау колледжінің білім алушылары «Балаларға – театр» жобасын іске қосып, жас ұрпақты рухани азық нәрімен сусындатуды қолға алды. 35-тен астам қызғылықты қойылым ұйымдастырылды.
Ақмола ауруханаларына ондаған өкпені жасанды желдету аппаратуралары жеткізілді. Көкшетаудағы «Тыныс» зауыты облыстық денсаулық сақтау басқармасына осындай аппараттың 77-сін тапсырды. Қорғалжын ауданының медицина қызметкерлері «Dauletten» қайырымдылық қорынан 4 оттегі концентратын алды. Макинск құс фабрикасы дәрі-дәрмек сатып алу үшін 7 миллион теңге бөлді.
Үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығында «Волонтерлерді қолдау орталығының» облыстық фронт-офисі қозғалысты дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізді. Оның ішінде «Жақсылық жолы» акциясы, «Үйде бірге оқимыз» челленджі, «Бір ел, бір тағдыр» тәрізді мазмұнды шараларды айта кетуге болады. «Ерлікке тағзым» челленджі мәні мен мазмұны жағынан алып қарағанда айта қаларлықтай шара болды.
Жаман тұмау жан алқымнан алған кезде психологиялық көмектің де қажет болғандығын айта кетуіміз керек. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен Ақмола облыстық азаматтық альянсы бірлесе отырып, психологиялық қолдау қызметін ұйымдастырды. Тұс-тұстан рас-өтірігі белгісіз, адам жанын түршіктіретін түрлі хабар өршіп тұрған уақытта елді сабасына түсіру үшін талай жұмыс атқарылды. Жеті тәжірибелі психолог уақытпен санаспай қызмет етті. Бұл істен еріктілерді қолдау орталығының өкілдері де шет қалған жоқ. Жұмыс уақытында қолдау қызметіне сексеннен астам адам жүгінді. Тақырып та уақытша қиындықты қамтыды. Жаман тұмауға байланысты жағдай, отбасылық қарым-қатынастың бірқатар күрделі мәселелері толғандырған адамдар үміт жібін қайта жалғады.
«Звездный» балаларды сауықтыру орталығында волонтерлер қатерлі ісікке шалдыққан 14 жасқа жан жылуымен демеу болды. Сондай-ақ, әлеуметтік жағынан аз қорғалған жастарға да өмірден өз орнын табуға көмек қолдарын созды. «Феникс» еріктілер орталығы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету бойынша диспечерлік қызмет жобасын ұйымдастырды. Бұл орайда да сусап отырған сұраныс бар екен. Тәулігіне жүзге жуық жастар хабарласып, бағыт-бағдар алды. Ел іргесін бекітуге, жастарды жақсылыққа жұмылдыруға бағытталған тәп-тәуір шара жақсы нәтиже берді. Мәселен, Шағалалы жоғары агротехникалық колледжінің білім алушылары «Сезімтал жүректер» акциясын ұйымдастырып, колледждің ауыр науқасқа шалдыққан білім алушысына қаражат жинау үшін коммерциялық футбол матчын ұйымдастырды. Мен жақсылық жасасам екен дейтін жан жадыратар ізгі ниеттің көптігі бұл жолы да байқалды. Аталмыш акцияға 150-ден астам адам қатысып, көмек қолын созды.
Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен экологиялық акциялар жүйелі түрде жүргізілді. Мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері іс-шараларға белсене қатысып, білім ошақтарының, мектепке дейінгі мекемелердің, қарттар үйлерінің, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аулаларын тазалады. Өткен қақаған қыста да осындай көмек көрсетіліп, елу тоннаға жуық қар шығарылды. Сөйтіп, жас толқын 1319 зейнеткерге, жалғызілікті жандарға жанашырлық көрсетті. Үстіміздегі жылдың мамыр айында «Өмір жолы» қоғамдық қоры «Мирас» қорымен бірлесе отырып, «Өзің сен!» жобасын іске асыруға кірісті, сөйтіп, қиын жағдайға тап болған елдестеріне көмек қолын созды. Нәтижесінде 56 мұқтаж адам жастардың жан жылуын сезініпті.
Жақсы істің тағы бір арнасы – «Бабалар ескерткіштері – ұрпаққа аманат» жобасы. Аталар мұрасына адал жастар облыс өңіріндегі тарихи орындарды қоқыстардан тазартып, күтімге алды. Ел ішінде экологиялық мәдениетті насихаттау жұмыстарын жүргізді. 300-ден астам еріктіні қамтитын 25-ке жуық экологиялық сенбіліктер ұйымдастырылды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, Ұлы Отан соғысының обелискілері мен ескерткіштерін сырлап, ақтап, абаттандырды. Осы бір жанашырлық қимылдан-ақ ерікті жастардың еліміздің өткеніне деген құрметін аңғаруға болады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар