Жұрт көңілінен шыққан жәрмеңке болды

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңында Астрахан, Атбасар, Біржан сал, Бұланды, Есіл, Жақсы, Жарқайың, Зеренді, Сандықтау аудандары мен Көкшетау қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері және «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қатысуымен өткен азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесін аралап көріп, оның ұйымдастырылуына және азық-түлік бағасы мен сапасына назар аударды.

Көкшетаулықтар тағатсыздана күткен азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі бұл жолы да әдеттегідей ұйымшылдықпен қана өтіп қоймай, тұтынушылар көңілінен шықты. Оны таңертеңнен орталық алаңға ағылған халықтың көңіл-күйінен байқауға болады. Бірі базар бағасынан арзан азық-түлік іздесе, енді бірі қысқа осы бастан қамданып қалуға асыққандай.

Жыл сайын облыс орталығында өтіп тұратын жәрмеңкелер шарықтап бара жатқан бағаны аз да болса тежеуге игі ықпалын тигізіп отырғандығы жасырын емес. Бұл жолы да сол дәстүр жалғасын тапты. Жәрмеңкеге өңірдің 90-нан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалпы құны 55,6 миллион теңге болатын 83 тоннаға жуық өнім әкелініпті.

 Қала тұрғындары мен қонақтары жергілікті өндірушілерден азық-түліктің 30-дан астам түрін нарық бағасынан 10-15 пайыз арзанға сатып алды. Соның ішінде 23 тонна ет және шұжық өнімі, 4 тонна балық, 6,4 тонна сүт және сүт өнімі, 11 тоннадан астам ұн, 5 тонна өсімдік майы, 33,5 тонна картоп пен көкөніс және өзге де өнімдер бар,  деді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласбаев.

Бұдан бөлек, жәрмеңке барысында жеміс ағаштары мен тал көшеттері, отын, шөп, астық қалдықтары да сатылымға шығарылды. Жәрмекенінің ұйымдастырылуын арнайы барып көрген облыс басшысы Ермек Маржықпаев азық-түлік бағасы мен сапасына назар аударды. Осындай жәрмеңкенің алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылып тұруына баса көңіл бөлді.

Жәрмеңкеде кәсіпорындар барлық санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарға сай жұмыс істеді. Әр павильонда антисептиктер қойылғаны және сатушылар тауарларды жеке қорғаныс құралдарын қолдана отырып сатқандығын да айта кеткен жөн.

Аслан ОСПАНОВ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар