Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары өңірімізге жұмыс сапары барысында Шортанды ауданында болып, жергілікті тұрғындармен және жергілікті билік өкілдерімен кездесу өткізді, сондай-ақ, шаруа қожалықтарын аралап көріп, тыныс-тіршілігімен танысты.
Сапар барысында Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері ауылдағы нақты жағдай мен өзекті мәселелерге, сондай-ақ ауылды қолдау мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу сапасына назар аударды.
Кездесуде ауыл тұрғындарының қалаларға қоныс аударуы, ауыл мектептері мен дәрігерлік мекемелердің жай-күйі, жұмыспен қамту мәселесі сөз болды. Осы ретте, шаруа қожалықтарының басшылары білікті жас мамандардың жетіспейтінін тілге тиек етті.
– Ауылға жоғары білімді жас мамандарды тартуда көптеген мәселе бар. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы осы мәселені шешуі қажет. Өкінішке орай, бұл бағдарламаның орындалу сапасы төмен, – деді сенатор Ақылбек Күрішбаев.
Сенаторлар жоғары оқу орындарында ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша диплом алып шыққан жас мамандардың 30 пайызы ғана ауылға оралатынын атап өтті. Еліміздің көптеген өңірлерінде осыған ұқсас жағдай қалыптасқан. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының арқасында қазір ауылдық елді мекендер жандануда, әлеуметтік нысандар қалпына келтіріліп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Ауыл тұрғындары осы бағдарламаның одан әрі жүзеге асырылуына үміттеніп отыр.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.