«Көкше-Нанның» тұтынушылары көп

Нан нарығында жиырма жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан «Көкше-Нан» серіктестігі бүгінгі күні 35 түрлі нан-тоқаш, 30 түрлі кондитер өнімдерін шығарып, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының елді мекендеріне тасымалдайды.
Атап айтқанда, кәсіпорын өнімдерін Көкшетау, Атбасар, Щучинск, Тайынша қалалары мен Кішкенекөл, Зеренді елді мекендері тұтынады. Серіктестіктің қаржы директоры Құрмет Хасеннің айтуынша, облыс орталығында кәсіпорынның 6 сауда орыны жұмыс істейді. Негізгі сауда орыны орталық базардағы «Рубин» дүкенінде, өзгесі қаладағы павилондарда орналасқан. Ұжымда тоқсанға жуық адам жұмыс істейді. Нан пісіру жұмысы түнгі ауысымда, яғни, күндізгі сағат 15-тен түнгі сағат 4-ке дейін атқарылады. Мұнда кондитерлік өнімдермен бірге тапсырыс бойынша пәліш те пісіріледі. Алғашында кәсіпорындағы қондырғылар ескі болған екен. 2012 жылы қондырғылар толық жаңғыртылып, 5 пеш және қосалқы құрал-жабдықтар сатып алыныпты. Қамыр бөлгіш қондырғысы автоматты түрде жұмыс істейді. Ескі қондырғылармен екі ауысымдық мезгілде жұмыс істелініпті. Оның барлығы жаңғыртылғаннан кейін өнім көлемі көбейген екен.
–Кәсіпорынның өз автокөлік паркі бар.Тұтынушыларға ыстық нан жеткізу үшін түнгі сағат төртте Дәурен Алшынбаев, Берік Рақымжанов, Базарбек Ғабдуллин, Нияз Сабыров сияқты жүргізушілер тізгіндеген арнайы «Газель» автокөліктері қалалар мен аудандарға бет түзейді. Биылғы жылы ұнның бағасы көтерілгендіктен, әлеуметтік нан пісірмейтін болдық. Бұл біздің ішкі экономикамызға тиімді болмады. Оның үстіне пандемияның салдарынан өнімімізге деген сұраныс азайды. Бүгінгі күні өтінім көбейіп келеді. Уақыт өте бәрі орнына келеді деп ойлаймын. Біз өзіміздің бәсекелес кәсіпорындардан қалмауға тырысамыз. Олардан көп үйренеміз. Әр кәсіпорынның рынокта өз орны, өз тұтынушысы бар. Пандемия кезінде барлық өнімдерімізді орап сатудамыз. Автоматтандырылған нан орағыш қондырғысын сатып алуды межелеп отырмыз. Біздің барлық өнім табиғи әрі ешқандай химиясы жоқ. Сондықтан, біздің кондитерлік өнімнің сақтау мерзімі қысқа. Сатылмай қалған өнімнен қытырлақ нан жасаймыз. Кейбір кәсіпорындардың печеньесі бес айға дейін сақталады. Бұл дұрыс емес. Тұтынушылар табиғи өнімдерді сатып алуды қалайды. Біз олардың көңілінен шығуға тырысудамыз,–деген серіктестіктің қаржы директоры кәсіпорында Ғалима Әбикеева, Сара Қожабекова, Людмила Рожанская сияқты тәжірибелі еңбеккерлер жұмыс істейтінін айтты. Көбі он жылдан астам уақыт еңбек ететін көрінеді. Серіктестік 19 жыл бойы егде адамдар күнін атап өткен екен. Жыл сайын кәсіпорында еңбек еткен Айша Зікіриянова, Қарлығаш Қапашева, Хапия Төлемісова сияқты 20 зейнеткердің басын қосыпты. Оларды құттықтап, сыйлық берген. Өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіпті. Биылғы жылы сыйлықты зейнеткерлердің үйлеріне апарып беру межеленіп отыр.
–Біз демалыссыз жұмыс істейміз. Тек Жаңа жыл мерекесінде екі күн дем аламыз. Еңбеккерлерімізге барлық жағдай жасалған. Жұмыс киімі беріледі. Олардың зейнетақы қоры мен салығына уақытында ақша аударамыз. Еңбекке жарамсыз болып қалғанда ақша төленеді. Сондай-ақ, күн сайын екі бөлке нан тегін беріледі. Түнде жұмыс істейтін еңбеккерлерді үйіне тасымалдаймыз. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлері мен жаңа сауда орнын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтағым келеді. Оларға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасының амандығын, еңбектерінің жемісін тілеймін,–дейді Құрмет Хасен бізбен әңгімесінде. Бұдан кейін біз нан пісіретін цехтың ішін аралап көрдік. Оның іші мұнтаздай тап-таза. Ақ халат киген еңбеккерлердің қимылы ширақ. Осы жерде біз өндіріс меңгерушісі Шолпан Сағынаеваны жолықтырдық. Ол бұл кәсіпорында 2007 жылдан бері еңбек етеді екен. Бұған дейін Көкшетау нан зауытында 30 жыл жұмыс істепті. Өндіріс меңгерушісі өз жұмысымен бірге зертхана меңгерушісі міндетін де атқарады. Зертханада сатып алған ұнды тексереді.
–Бір ауысымда 11 наубайханашы жұмыс істейді. Алдымен, ұн еленеді. Кейін ұнды автоматтандырылған қамыр илегіште илейміз, ашытамыз. Жоғары және 1 сұрыпты сапалы ұннан дәмді нан пісіріледі. Еңбекті жанындай сүйетін еңбеккерлер баршылық. Мәселен, Қарлығаш Қашалиева, Назгүл Смағұлова, Бақытгүл Төкеева өздерінің адал еңбегімен өзгелерге үлгі-өнеге болып жүр. Олар «Көкше-Нан» серіктестігі құрылғаннан бері жұмыс істеп, нан сапасының артуына өз үлесін қосты. Бүгінгі күні «Арман» атты қара нанға сұраныс көбейді. Бөлкелер кесіліп те сатылады. «Плюшка» деген тоқашқа сұраныс өте жоғары. Тоқаш пісіргенде сүт, повидло, жүзім қосылады,–деген өндіріс меңгерушісі Шолпан Сағынаева күніне 6,5 тоннаға дейін нан-тоқаш өнімдерін пісіретін «Көкше-Нан» серіктестігінің болашағынан зор үміт күтетінін айтты.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар