Еңбек – ер мұраты
Жуырда «Белсенді ұзақ өмір» орталығында белгілі қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі, Президент сыйлығының иегері Байқал Байәділдің «Тайталас» атты деректі хикаятының тұсаукесері өтті.
Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен өткен әдеби кешке жергілікті ақын-жазушылар, әдебиетші ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының мамандары мен кітапсүйер қауым жиналды. Бұл басқосудың жөні бөлек, жосығы ерек болды. Баспадан жаңа шыққан кітапқа арқау болған «Көкшетау Энерго» ЖШС-ның бас директоры, білікті басшы, есімі елге танымал абзал азамат Досымхан Аралбаев сахнадан кітапта баяндалған оқиғалар мен өзінің еңбек жолы жайында әңгімелеп, оқырмандармен пікір алмасып, кітаптың жазылуына негіз болған өмір белестерінің қызықты сәттерімен бөлісе отырды.
Досымхан Аралбаев өзі туып-өскен Жамбыл облысы мен Көкше өңірінде елге жанашырлығымен, азаматтық ұстанымымен, кең пейілімен танылған жандардың бірі. Әсіресе, қолына қалам ұстаған қауымға қолдау көрсетіп, шығармашылық адамдарының еңбегіне құрметпен қарайтын, әдебиет пен мәдениеттің дамып, өркендеуіне лайықты үлес қосып жүрген азамат ретінде көпшілікке кеңінен белгілі. Оның есімі қайырымдылықты даңғазаға айналдырмай, жақсылықты жүрек қалауымен жасауды жөн көретін жомарт жандардың қатарында аталады. Ал, атымтай жомарттық дегеніміз ол кісінің ұғымында қолындағы барын есепсіз шашу емес, елдің, ұлттың еңсесін көтеретін игі іске демеу болу, «бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, таланттың қанатын қатайту, ізгілікке сүйеу болу деген сөз. Досымхан Әлішұлының бойынан осындай азаматтық қасиеттерді көріп, қамқорлығына, мейірім шапағатына бөленіп жүрген жандар мен тұтастай ұжымдар ол кісіге дән риза. Оның қаламгерлерге, өнер адамдарына, ардагерлер мен тіл жанашырларына көрсетіп жүрген қолдауы да сөз өнеріне деген құрметтің, руханиятқа, аға ұрпаққа деген ерекше көзқарасының көрінісі деп ойлаймыз. Міне, осындай азаматтың өмір және еңбек жолын арқау еткен «Тайталас» кітабы оқырманды кейіпкер үлгі-өнегесі арқылы қайсарлықтың, адамдықтың мәніне үңілдіреді.
Кеш барысында жазушы-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дәуешов жаңа кітаптың тұсауын кесіп, мұндай туындының жарық көруін жергілікті рухани орта үшін елеулі оқиға ретінде бағалап, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, филология ғылымдарының кандидаты, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры Сәбит Жәмбек «Қаламгер Б.Байәділдің «Тайталас» деректі хикаятындағы кейіпкер тұлғасы» тақырыбында баяндама жасап, шығармадағы кейіпкер болмысына, туындының көркемдік және мазмұндық ерекшеліктеріне тоқталып, деректі проза табиғаты тұрғысынан талдау ұсынды. Ал, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры Серік Жетпісқалиев «Талантты қаламгердің талғамды тартуы» атты баяндамасында автордың шығармашылық ізденісі мен жаңа туындының тағылымдық сипатына назар аударды.
Әдеби кеште автор Байқал Байәділ оқырмандардың сауалдарына жауап беріп, шығарманың жазылу тарихы мен кейіпкер таңдаудағы ұстанымдары жөнінде ой бөлісті. Әсіресе, жоғарыда айтып өткеніміздей, кітаптың басты кейіпкері Досымхан Аралбаевтың осы кездесуде жазушының баяндауындағы кейбір оқиғалар жайында өзі айтып беруінің оқырмандар үшін айрықша әсері болды. Осылайша, сөз бен саз жарасым тапқан кеште Көкше өңіріне белгілі әнші Жанат Есов Шортанбай Қанайұлының «Қайран жиырма бес» әнін орындаса, Балжан Зұлқарнаева мен Аружан Бекенова «Жезкиік» әнімен тыңдарман көңілін тербетті. Ал, Аякөз Қалмағанбетова Шәмші Қалдаяқовтың «Қуаныш вальсін» әуелете шырқады.
Негізінде, жақсы адамның жақсылығы ешқашан ұмытылмайды, ал, сол жақсылық хатқа түсірілген еңбек уақыт өткен сайын құнды бола түседі. Сөз қадірі дегеніміздің өзі де осы болса керек.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

