Көкшетаудағы Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Қазақстан Республикасының халық әртісі Жібек Бағысованың 80 жылдық мерейтойына орай, мерекелік іс-шара болып өтті.
Мерекелік шара барысында театр әртістері Жібек Есекеқызының құрметіне арнап Қазақстанның әртістері мен әріптестері атынан дайындаған бейне-құттықтауын ұсынып, өз өнерлерімен көрермендерін баурап алды.
Кеште Ақмола облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Г.Бекназарова облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың ақ тілегін жолдаған Алғыс хатын, естелік сый-сияпатын табыс етті. Кеште Жібек Есекеқызының 60 жылдан астам уақыт бойы театр өнерінің дамуына сіңірген еңбегі баса айтылды. Соның ішінде, соңғы 25 жылға жуық өнегелі өмірін Көкшетаудағы театр сахнасының өнер әлеміне арнап келеді. Киелі сахна саңлағы 100-ден астам жарқын, естен кетпейтін әйелдер образын сомдаған.
Ақмола, Көкше өңірлері Қазақстанның халық әртісі, өздерінің сүйікті Жібегін қашанда мақтан тұтады және баянды ғұмыр, зор денсаулық, шығармашылық шабыт тілейді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.