Зайырлы мемлекеттегі діннің орны

Мемлекеттің зайырлылығы діндердің алуан түрлілігіне деген құрмет пен діни төзімділіктен көрініс табады. Зайырлы қоғам зайырлы азаматты, өз елін сүйетін, өз елінің патриотын қалыптастырады. Сонымен қатар, ұлттық мәдениетті және осы ел үшін дәстүрлі дінді нығайту ұстанымын жоққа шығармайды.

Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Бұл Қазақстан Республикасының дінге қатынасын көрсетеді. Соған сәйкес ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгілене алмайды. Ал, діни бірлестіктер болса, мемлекеттен бөлінген және заң алдында тең болып саналады. Мемлекет діни бірлестіктердің заңды қызметінің еркіндігін қамтамасыз етеді. Бірақ, азаматтардың дінге және дінге қатыстылығын анықтауға, діни бірлестіктердің қызметіне араласпайды. Оларға мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының функцияларын орындауды жүктемейді. Өз кезегінде, діни бірлестіктер мемлекеттің қызметіне араласпайды. Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың басты сипаты – елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті діннің болмауында. Осыған орай, еліміз қоғамды көркейтетін құндылықты қолдап, тұлғаның діни сенім еркіндігін қамтамасыз етеді. Демек, республиканың әрбір азаматы өз бетінше әрі ешкімнің мәжбүрлеуінсіз қай дінді болса да таңдау еркіндігіне ие және өзінің қалауымен діни институттардан тыс өмір сүріп, қандай да бір діннің өкілі болмауға да құқылы.
Дін – ол әрбір адамның ішкі рухани жағдайы. Егер адам шынымен сенетін болса, онда ешкім оған өз дінінің белгілі бір ережелері мен заңдарын ұстануына тыйым салынбайды. Сондай-ақ, діншіл адам ең алдымен зайырлы мемлекеттің азаматы екенін ұмытпауы керек. Сонымен қатар, айналасындағы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі және сақтауы керек. Гуманизмнің зайырлы түрін қалыптастыру өз кезегінде, дінаралық толеранттылықты жоққа шығармайтын және елдің ұлттық бірегейлігін сақтайтын, елдің діни мәдениетінің жаңа түрін қалыптастыруға әсер етеді.
Қазақстан Республикасы діни толеранттылық идеясын таратып, конфессияаралық үнқатысу мен мемлекет тарапынан қойылған нақты істер, халықтармен діндер арасындағы келісім мен түсіністікке толық қол жеткізуге болатынын дәлелдеді.
Зайырлылық тепе-теңдікті қамтамасыз ететін жүйе болып саналады. Бұл жүйеде мемлекет пен дін бір-біріне араласпай, әрқайсысы бөлек жұмыс жүргізеді. Дін еркіндігі мен одан туындайтын құқықтардың қамтамасыз етілуі тек зайырлылық принципімен жүзеге асады.
Еліміздегі діни ұстаным қоғамның бойына зайырлылық пен зиялылықты, имандылық пен салауаттылықты, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеп, оларды этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды құрметтеу мәдениетіне, дүниетанымдылық пен төзімділікке және этикалық әдептілікке қалыптастырады.
Арман ЖАПАРОВ,
Ақмола облысы дін істері басқармасы
«Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының»
дінтанушы-маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар