Жарна аударушылар игілігін көреді

Үстіміздегі жылдың сегіз айында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті түрінде 163,6 миллиард теңгені әлеуметтік көмекке бағыттады. Ақмола облысы бойынша бұл сома 6,6 миллиард теңгені құрады.

Жалпы, Ақмола облысы бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді төлеуге 16,3 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат консультативтік-диагностикалық, ауылдық жерлерде және қалада стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсетуге, сондай-ақ, оңалтуға және жоғары технологиялық медициналық қызметке, пандемия жағдайында ПТР зерттеулерді төлеуге бағытталған.
Биылғы жылдың сегіз айында міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына 351,2 миллиард теңге жарна түсті. Осы ретте, медициналық сақтандыру жүйесіне негізгі қаражат жіберуші мемлекет болып отыр. Себебі, 15 жеңілдігі бар санатқа медициналық сақтандыруды мемлекет төлейді. Мемлекет жарнасы – 197,2, жұмыс берушілердің аударымдары – 100,9, жұмысшылардың, жеке кәсіпкерлікпен, жеке ісімен айналысатын жандар мен өз-өзіне төлеушілердің аударымдары – 50,8 миллиард теңгені құраған, сонымен қатар, бірыңғай жиынтық төлемнен 2,3 миллиард теңге қаражат түскен.
Айта кететін бір жай, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жіберілетін аударымдар мен жарналар Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі. Одан кейін қаражат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінде көрсетілген медициналық қызметтерді төлеу үшін қор жеткізушісі саналатын медициналық ұйымдарға жіберіледі.
–Қазіргі таңда елімізде емханаларға тіркелу науқаны жүріп жатыр. Соның нәтижесінде тұрғындардың медициналық ұйымдар разрезінде бөлінуін ескере отырып, келер жылға қаржыландыру жоспарланады. Қор барлық қазақстандықтар есепке алынатын мәліметтер базасының абсолютті дұрыс болуына мүдделі. Себебі, әр тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын қаржы аударылады, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақмола филиалының директоры Әлия Жүсіпова.
Өңіріміз бойынша қаңтардан тамызға дейінгі шығындардың ең көп мөлшері стационарлық медициналық көмекті, соның ішінде ауылдық жерлердегі стационар қызметтерін төлеуге жұмсалған. Аталған мерзім ішінде облыс стационарларында жоспарлы түрде 22 мың адам емделген.
Бұдан бөлек, қор тұрғындардың жоғары технологиялық медициналық қызмет алуы үшін 262 миллион теңге жұмсаған. Мұндай қызметпен 111 адам қамтылған. Тағы 445 миллион теңге стационарды алмастыратын қызмет көрсетуге бағытталған.
Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында коронавирусқа қарсы карантин енгізілуіне байланысты жоспарлы түрде медициналық көмек көрсетуге шектеулер қойылған болатын. 1 тамыздан бастап еліміздің клиникалары жоспарлы медициналық көмекті қайта жандандырды. Сол себепті, тамыз-қыркүйек айларында тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде медициналық қызметтерді көбірек алғаны байқалады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар