Ұлы ақын əрі ағартушы Абай Құнанбаевтың қилы тағдыры мен өмірін суреттейтін «Абай жолы» атты роман-эпопеясын ұлы қазақ жазушысы Мұхтар Əуезов жазды. Жазушының Абай өмірі мен шығармашылығына ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жолында сіңірген еңбегі орасан зор.
Бұл эпопея елдің рухани үлгісі болған Абайдың өмірі, үміті, арманы, айтысы, тартысы, халқына еткен қызметі жайында сөз қозғайды. Халық қамқоры, «Қалың елім, қазағым» деген Абайдың адал өсиеті ойлы жандардың көкірегіне ұялап, оларды болашаққа жетелейді. Осындай сəттерді жете сезінген, терең таныған жазушының өзі де шығармаларында адам жанының шынайлығын, оның ойы мен сезімін табиғи қалпында, таза күйінде бейнелейді. Бұл – сабырлы да парасатты, кемеңгер тұлғамыз Абайдың бейнесін ашуда көрінеді.
Жүзінде жылы жымиысы, əдемі, ізгілікті адамның шытырман бел-белесі мол өз халқы, оның ұлы адамы хақында жазған «Абай жолы» романы жазушының ұлы табысы. Романның алғашқы кітабында балалық шақтан бастап, азамат болып қалыптасқан Абай бейнесі кеңінен ашылады. Бұл уақытта бала ақын өзін қоршаған ортадағы қайнаған тіршіліктің куəсі болады. Бала кезден əкесі орнатқан тəртіпке, зорлық-зомбылыққа жаны түршіге, жиіркене қарайды. Еріксіздігі мен жігерсіздігі, жастығы есебінен бұл жер иеленушілік, ескі салт-санаға қарсы күреспей, тек іштей өкініш етеді. Балғын жастың бірден тарихи қайраткер атанып, күреске араласып кетуіне мүмкіндік болмады. Ескі қоғамдық сана, əлеуметтік қайшылық аяққа тұсау, көңілге бұғау болды.
Романда ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының ауыр тіршілігі көрсетіліп, қазақтардың көп ғасырлық көшпенді өмірі баяндалады. Ұлы ақын, философ, ағартушы, демократ, қазақтың жазба əдебиетінің негізін қалаушы, композитор, халық жақтаушысы Абай халқы үшін ауыр уақытта өмір сүрді. Осының бəрі қазақтың озық қоғамдық ойының жəне шексіз далада күнге, сəулеге қайраттандыратын көркем сөзінің тууы-
на себеп болды.
Мұның жемісі ретінде қазақтың реалистік əдебиетінің негізін салушы Абайды айтамыз. Абай бейнесі сол ғасырдың шамшырағы, шындықтың, əділдіктің символы іспетті болды. Абай – бай əрі көрнекті қайраткер Құнанбайдың ұлы. Ол туған ауылына оралғанда, əкесі оны өзінің ісіне баулымаққа ұмтылды. Құнанбайдың елшісі ретінде Абай ауыл-ауылды аралап, əкесінің жарлығын орындады. Осы көріністе Абайдың əкесі сияқты аты шыққан бай боларлық келешегі байқалады. Бірақ, бәрі Құнанбай күткендей жəне талап еткендей болмады. Өйткені, Абайды билік те, байлық та қызықтырмайды, ол жеке басының амандығы мен игілігін əділдік пен шындыққа құрбан етеді. Абайдың осындай əділдік пен шындықтың құрбаны болуына оқуға деген ынтасы түрткі болғаны сөзсіз.
Автор оның шығыс əдебиетін сүйіп оқығанын жазады. Абайдың көзқарасының қалыптасуына оның əжесі Зере мен шешесі Ұлжанның ықпалы да зор болды. Олар бала Абайды жақсы көріп, жағымды жағынан тəрбиелеп, беделді азамат болуын қалады. Абай өзінің халқына зор сүйіспеншілікпен қарады. Ол заңсыздық пен қылмыс арқылы бейбітшілікке қол жеткізуді қаламады, оған көптеген қатал заңдар ұнамады.
Абай – бұл эпопеяның жаны мен жүрегі. Абай бейнесі Мұхтар Əуезов қиялында, оның қалам ұстаған күнінен бастап өрбіген. Əуезовтың өзі Абайға, Абай Әуезовқа айналып кеткенше бұл бейнені қағаз бетіне түсірмей, тек іштей ойша әбден пісіріп, осындай бір туындыны барлық қазақ халқына паш еткен.
Қорыта келе, кітаптағы Абай бейнесі – ұлы есімімен жүректің дəл төріне ұялаған, қияға шарқ ұрып самғаған, ел болашағына жаңа бағыт іздеген, əзір таппаған, бірақ, қайдан, қалай табатынын дəл сезіп болжаған ел баласы, қиюы қашып, ыдырай бастаған ескі қоғамдағы əділетсіздікке қарсы күресіп, демократия-
шыл озат ойларды берік ұстанған зор тұлғалы, аса көрнекті қоғам қайраткері. Ол бүгінгі күнделікті тіршілігімізде рухани əлемімізді, қарақан басымызды алып жүруден бастап, биік адамгершілікке дейінгі аралықты тегіс қамтитын жан-жақты құбылыс іспетті. Абайды тануда саясат ықпалынан, уақыт қыспағынын аса алмаған кездер де болды. Енді заман өзгерген шақта азат елдің азат ойымен, азат жүрегімен, азат зердесімен Абайды шындап тануға тиіспіз. Ол үшін мектеп қабырғасынан Абайдың шығармаларын оқып, оны түсінуге талпынып, ұлы ақынмен жақын болуымыз керек Абай айтқан бес нәрседен қашық болып, бес нәрсеге асық болсақ, біз де осы өмірге, қоғамымызға бір кірпіш болып қаланамыз.
Арайлым АМАНТАЙ,
Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы.