Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында Үкіметке қолайлы экологиялық жағдай туғызу мәселесін қолға алу туралы тапсырған болатын. Жолдауда «Үкімет экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, қоршаған ортаны сақтау ісін дәріптеу жұмыстарын жандандыруы керек. Осы орайда, «Бірге – Таза Қазақстан» науқаны – қолдауға тұрарлық жоба. Бұл жұмысты жалғастыру керек», деп айтылған болатын. Расында да, қоршаған ортаны қорғау бүгінде бүкіләлемдік маңызы бар мәселелердің біріне айналып отыр. Ғылым мен техника дамыған сайын экологиялық ахуал да қиындап, қоршаған орта мен ауаның ластануы күшейе түсуде. Өнеркәсіп орындары мен жыл өткен сайын көбейіп бара жатқан автокөліктерден шыққан газ, одан қалды, өндіріс қалдықтары қоршаған ортаның ластануына үлкен әсерін тигізіп отыр.
Ауаның ластанып, өзен-көлдердің тартылуы, жердің сортаңдануы, әсіресе, ғаламдық жылыну үрдісі – осылардың бәрі де адамдардың жерді дұрыс пайдаланбауынан, табиғатқа залал келтіретін әрекеттерге жол беруінен болып жатқан құбылыс. Соңғы кездегі экологиялық ахуалдың күрт нашарлауы қоршаған ортаны қорғау мәселесін алдыңғы қатарға шығарды.
Ақмола аграрлық – өнеркәсіптік аймақ болғандықтан, өңірдің экологиялық ахуалы осы екі салаға тікелей байланысты. Облыста табиғатты пайдаланатын 5113 кәсіпорын тіркелген. Оның 221 бірінші, 474 екінші, 679 үшінші және 3739 төртінші санатты. Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының өзінде облыс бойынша, 8,302 мың тонна зиянды заттың тасталғаны анықталды. Дегенмен, бұл көрсеткішті былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама азайғанын көруге болады. Бұл әрине, экологиялық апаттарды алдын алу шараларына тікелей байланысты. Осы орайда, жастар арасында қоршаған ортаны қорғау туралы насихат жұмыстарының маңызы зор.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында осындай мәселелерге көңіл бөліп отырғандығы қатты қуантады. Шыны керек, біз қоршаған ортаға бір тіршілік әлемі ретінде емес, жансыз дүние сияқты қарап келдік. Президент мысал ретінде келтіргендей, біздің елде итті таспен ұру дөрекілік болып саналмайды. Мен соңғы кездері «бүгін кішкентай жануарға зиянын тигізген адам, ертең адамзат баласын да аямайды» деген оймен толық келесімін. Осы бағытта біздің департамент жыл сайын балалар арасында экология тақырыбында суреттердің аймақтық байқауын өткізіп келеді. Байқаудың мақсаты – балалар арасында экологиялық білімді насихаттау, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға сүйіспеншілікті арттыру болып табылады. Қоршаған ортаны қорғаудың болашақ ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор дер едім. Өйткені, планетамыздың экологиялық жағдайы соларға қатысты, сондықтан да бала кішкентай кезінен бастап табиғат оның туған үйі екенін білуі керек.
Департаменттің экологиялық реттеу бөлімі шаруашылық қызметті жүзеге асыру алдында жоба алды құжаттамаларға мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру қызметін жүзеге асырады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыс кәсіпорындары қоршаған ортаға эмиссиялар үшін 23 рұқсат рәсімдеді, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы бойынша 52 жобаға оң шешім қабылданды, 12 жобаның құжаттары қаралып жатыр.
Департамент облыстағы экологиялық ахуалды жақсарту мен тұрақтандыру мақсатында біршама жұмыстар жүргізіп жатыр. Алайда, өңірде су қоймаларының күйі кетіп, ластануы және қалдықтардың қордалану мәселелері бар. Мәселен, 2020 жылдың сегіз айында департамент қызметкерлері табиғатты пайдалану заңнамасының бұзылуына жол бермеу бағытында 15 тексеріс жүргізіп, 47 заң бұзушылықты анықтады. Оның 5-еуі жоспарлы болса, 9-ы жоспардан тыс тексеріс болатын. Нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасының бұзылғандығы үшін жалпы сомасы 3301,88 мың теңгені құрайтын 29 әкімшілік жаза қолданылды. Сонымен қатар, төрт іс материалдары сотқа жолданса, тағы жетеуі ішкі істер органдарының қарауына жіберілді.
Бұл бағытта көптеген мысал келтіріп айта беруге болады. Осы сандардан аңғарып отырғанымыздай, табиғат байлығын қалай болса солай пайдаланатындармен күрес күшейе түскендігі байқалады. Бірақ та, табиғатты иесіз жатқан ен байлық деп санайтын бұрыннан қалыптасқан көзқарасты өзгертудің қиын екендігі анық байқалып отырған жайы бар. Оған қоршаған ортаны қорғау заңдарының жиі бұрмаланатындығы айғақ болады. Сондықтан, біздің департамент қызметкерлері жиі-жиі рейдтерге шығып, тексерістер жүргізіп тұрады. Нақтырақ айтсақ, Целиноград ауданының Талапкер, Қосшы, Қоянды, Қараөткел ауылдарының аумағында рұқсатсыз төгілген күл-қоқыс тазартылды. Аталмыш фактілер бойынша Целиноград ауданының әкімдігіне рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою бойынша жедел шаралар қабылдау жөнінде хат жолданды.
Бұланды ауданы аумағында жер бедеріне қалдық сулардың ағызылғандығы анықталды. Тексеріс кезінде белгілі болғанындай, «Макинск жылу» коммуналдық кәсіпорны тарапынан Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 73 және 225-баптары бойынша құқық бұзушылықтарға жол берілген. Осыған байланысты аталмыш коммуналдық кәсіпорын әкімшілік жауапқа тартылды.
Степногорск қаласының Ақсу кентіндегі жергілікті кәсіпорында апат орын алып, қойыртпақ зат далаға төгілді. Аталмыш факті бойынша кәсіпорынға ескерту жасалды. Өз кезегінде кәсіпорын басшылығы апаттың болғанын растап, оның салдарын жойды. Көкшетау қаласында Қопа көлінің жағасына төгілген өндірістік және тұрмыстық қалдықтар тазартылды. Департамент қызметкерлері көлдің жағасын ластаған ұйымды анықтап, қоқысты шығару туралы нұсқау берді. Мұндай келеңсіз жәйттерді тізбектеп айта беруге болады.
Облысымыздың табиғаты сұлу, ауасы емге дәру болғанымен, мұндағы түрлі ірі кәсіпорындардан шығатын зиянды қалдықтардың адам өміріне қауіп төндіретіні сөзсіз. Осы ретте, өңірдегі «Қазақалтын» тау-кен металлургия комбинаты» акционерлік қоғамы, «Алтын тау» акционерлік қоғамы, «Алексеевка доломит кеніші», «RG Gold», «Көкше цемент» тәрізді ірі кәсіпорындармен қоршаған ортаны ластамау жөнінде бірлескен жұмыстар жүргізіліп, экологиялық мекемелер тарапынан осыған үнемі бақылау жасалып отырады.
Соңғы жылдары Щучинск-Бурабай және Зеренді курортты аймақтарының экологиялық ахуалына да ерекше көңіл бөлінуде. Курортты аймақтардағы көлдер мен су айдындарының ластануын, жағажайларда тасталған қоқыстарды анықтау бойынша тұрақты түрде рейдтер ұйымдастырылып тұрады. Елімізде туризмді дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаның қолға алынуы мұндағы экологиялық ахуалдың жақсаратынына сенім ұялатады. Облысымызда қоршаған орта тазалығын сақтау, оны қорғау бағытында айтарлықтай істер тындырылуда. Орман-тоғайларымызды қалпына келтіру, елді мекендерді көгалдандыруға арналған «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде жастар мен студенттер жасақтары да еселі еңбек етуде. Бір сөзбен айтқанда, өзекті мәселелерді шешуге талпыныстар бар. Алайда, алда тұрған міндеттер де ауқымды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткеніндей, ең алдымен, жұртшылықтың назарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға аударып, ортақ үйіміз – табиғатты қорғауға үндеуіміз керек. Бұл өткір мәселені барша халық болып жұмылғанда ғана шешуге болатынын естен шығармағанымыз жөн.
Абай САФИН,
Ақмола облыстық экология департаментінің басшысы