Жастарға арналған төрт жоба

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің арнайы бекітілген бұйрығына сәйкес Жастар ресурстық орталықтары «Жастарға – кеңес», «Жастарға – білім», «Жастарға – қызмет» және «Жастарға – жұмыс» сияқты төрт көлемді жобаны жүзеге асырып келеді. Әрбір жобаның жастарға берер пайдасы зор. Себебі, әрқайсысы әртүрлі бағытта жас буынға жәрдемдесуші жоба болып саналады.

Жасырары жоқ, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар, жалпы жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы жастар көбіне-көп дер кезінде ақпараттандырылмай қалатыны бар. Ал, жүзеге асып жатқан бұл жобалардың басты мақсаты – жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы кеңес беру және сол арқылы олардың жеке және әлеуметтік дамуына жәрдемдесу болып табылады. Сонымен қатар, жастар ресурстық орталықтарының негізгі бағыттары шеңберінде оларды онлайн режимінде жұмысқа орналастыруға және кәсіптік бағдар беруге дайындауға жәрдемдесу.
Ақмола облысы бойынша облыстық жастар ресурстық орталығы әр жоба бойынша қарқынды жұмыс атқаруда. Бір ғана мысал, көп жылдар бойы Америка Құрама Штаттарында өмір сүрген және білім алған Дмитрий Гатенюк, осы «Жастарға – білім» жобасы аясында ағылшын тілін онлайн түрінде тегін курстар ұйымдастырып жүр. Бұл шет тілін үйренемін деген жастарға беріліп отырған зор мүмкіндік.
Ал, Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығының жастарды жұмыспен қамту бойынша маманы Мақпал Жанарысованың айтуынша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының және қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандарымен бірлесіп, онлайн түрде жастарға жаңа бағдарламалар туралы кеңінен ақпарат, ақыл-кеңес беруде. Бұл кеңестердің арқасында жыл басынан бері облыстық жастар-ресурстық орталықтары 4650-ден астам жас азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдескен. Жеке өтініштер бойынша Жастар орталықтарына 473 адам жұмысқа орналасқан.
Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, әлеуметтік желілерде түрлі эстафеталар, челлендждер «Жастарға – қызмет» жобасы аясында өткізіліп жатыр. Жыл басынан бері аталмыш жоба бойынша әлеуметтік желілерде 90-нан астам іс-шаралар өткізілді.
Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығы мамандарының айтуынша, алдағы уақытта, әлеуметтік желідегі аккаунттарда мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, вебинарлар, онлайн тренингтер, жастарға кәсіптік бағдар беру, ағартушылық челлендждер, марафондар, акциялар, бос орындардың онлайн жәрмеңкелерін және тағы басқа ілкімді істерді ілгерілету жоспарда бар.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар