Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықовтың төрағалығымен өткен кеңесте мал шаруашылығы саласын дамытудың қорытындысы талқыланды, сондай-ақ, «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» серіктестігі қызметінің тұсаукесері болып өтті.
Аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің және шаруашылық субъектілерінің басшылары қатысқан кеңесте өңір басшысының орынбасары аграрлық сала негізгі секторлардың бірі екенін, ол ғылыми қолдауды қажетсінетінін айтты. Расында да бүгінгі күні ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру ғылымсыз мүмкін емес. Осы орайда, мал шаруашылығы саласындағы ғалымдардың ақыл-кеңесін тыңдау үшін «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» серіктестігінің өкілдері шақырылыпты. Аталмыш институт директорының міндетін атқарушы Бекет Иманқұлов өз серіктестігінің қызметі жөнінде айтып берді.
–Мал шаруашылығы мен өндірісті дамыту үшін жағдай жасау, өңдеу, мал шаруашылығы өнімдерін сатудың» 249 бюджеттік бағдарламасы аясында инс-титут ғалымдары етті және сүтті мал шаруашылығына, жылқы, қой, шошқа және құс өсіретін шаруашылықтарға ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізеді. Бұл серіктестік Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарының шаруашылықтарымен қоян-қолтық жұмыс істеп, мал шаруашылығы саласына етті мал шаруашылығында селекциялық жұмыс жүргізу, ет бағытындағы ірі қараның асыл тұқымды құндылығын бағалау, бұқаларды таңдау, ірі қараны қолдан ұрықтандыру, аспаптың көмегімен жүктілігін зерттеу, малдардың азық базасын ұйымдастыру тәрізді ғылыми-консалтингтік қызмет көрсетеді. Мәселен, институт ғалымдары «Алабота асыл тұқымды зауыты» серіктестігінің мамандарымен бірге «Алабота» атты жаңа қазақтың ала бас тұқымын және «Шамана», «Пиона», «Графа» тәрізді мал тұқымдарын шығарды. Бұл тұқымның бұзаулары туғанда 25 келіні, 15 айда 427 келіні, бұқа болғанда 860 келіні, сиырлары 550 келіні құрайды,–деген институт директорының міндетін атқарушы Қазақстанда 2 миллион жылқы бағылатынын, бірқатар қой тұқымдары барын айтты.
Серіктестік ғалымдары жылқы шаруашылығында өнім өндірісінің, өндірістік будандастыруды пайдаланудың, табиғи жайылымда жайылым айналымы сұлбасының және күзгі, қысқы жайылым құрудың интенсивтік технологиясын жасапты. Сондай-ақ, институт әр түрлі мал азығы мен сүтке химиялық талдау жүргізеді. Облыс әкімінің орынбасары өңір шаруашылықтары алдағы уақытта институттың қызметін пайдаланатынын айтып, ғалымдардың берген кеңестеріне алғысын білдірді. Одан әрі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов мал шаруашылығы дамуының алдынала қорытындысы жөнінде баяндап берді.
–2020 жылдың 9 айында 107,5 мың тонна ет, 321,1 мың тонна сүт өндірілді. Мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 147,8 миллион теңгені құрады. Негізгі үлес Бұланды, Целиноград, Зеренді аудандарына тиесілі. Бұл жұмыста Жарқайың, Қорғалжын, Егіндікөл аудандарының көрсеткіштері өте төмен. Ет бағытында Шортанды, Бурабай, Ақкөл, Сандықтау, Жақсы, Егіндікөл, Астрахан, Қорғалжын аудандарындағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің көрсеткіштері төмендеп кеткен. Есіл, Біржан сал, Зеренді, Бурабай аудандарында сүт өндіру көрсеткіші көңіл көншітпейді. Биылғы жылы 2,5 мың бас ірі қараға арналған 18 тауарлы-сүт фермасын құру жоспарланған. Бүгінгі күні 1,3 мың бас ірі қара малы бар 15 тауарлы-сүт фермасы құрылды. Бұл жоспарды Аршалы, Бурабай, Ерейментау, Жақсы, Атбасар, Егіндікөл аудандары орындамады. Сондай-ақ, 2020 жылы 7,6 мың бас ірі қараға арналған 111 еттік бағыттағы ферма құру жоспарланды. Әзірше 7,6 мың бас ірі қарасы бар 94 етті ферма құрылды. Бұл жоспарды Аршалы, Қорғалжын, Атбасар, Целиноград аудандары толық орындай алмай отыр. Биылғы жылы 1175,2 мың тонна шөп, 128,6 мың тонна жемшөп, 150,4 мың тонна сүрлем, 345,8 мың тонна сабан, 620,9 мың тонна құрама жем дайындалды. Атбасар, Біржан сал, Есіл, Жарқайың аудандары жемшөп, сүрлем, сабан дайындамады, – деген Қасым Итқұсов мал шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау, асыл тұқымды мал басының саны жөнінде айтты.
Бұдан кейін жоспарды орындай алмай отырған аудан әкімі орынбасарларының есебі тыңдалды. Кеңес соңында облыс әкімінің орынбасары тауарлы-сүт фермасын құру бойынша Жол картасы аясында айтылған жобаларды жүзеге асыруды ерекше бақылауға алу, мал шаруашылығы өнімін өндіру және мал басын азайтуға жол бермеу шарасын қабылдау жөнінде аудан әкімдіктеріне міндеттер жүктеді.
–Біз бүгінгі күні тауарлы-сүт және ет фермаларының жобаларын сондай-ақ, келесі жылы агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды айқындауымыз қажет. Ұсыныс үстіміздегі жылдың 15 желтоқсанына дейін берілуі тиіс,–деген Ғалымжан Әбдіхалықов қойылған сауалдарға жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.