Жұқпалы аурулар орталығында мамандар жетіспеушілігі болмайды

Облысымыздағы медициналық ұйымдардың коронавирустың екінші толқынына дайындығы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нариман Сыздықов айтып берді.

Аталған медициналық мекеменің бас дәрігерінің айтуынша, бүгінгі таңда Көкшетау қаласында эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Алайда, соңғы уақыттары коронавирус індеті және пневмония деректері жиі тіркелуде. Жұқпалы індеттің екінші толқынының алдын алу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмек көрсететін барлық мекемелермен тығыз жұмыс істеп, қажетті шараларды қолға алуда.
–Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы облысымызда алғашқылардың бірі болып коронавируспен күресті бастаған болатын. Үстіміздегі жылдың сәуір айында мекемеде карантиндік стационар ашылды. Провизорлық бөлімше бізде бұрыннан болған. Осы уақыт аралығында қалалық емханада мыңға жуық науқас емделіп шықты. Қазіргі таңда 20 орынға арналған провизорлық стационар жұмыс істеуде. Онда облыс бойынша жүкті және босанған әйелдер емделеді, – дей келе, Нариман Сыздықов жақында Көкшетауда жұқпалы ауруларды емдейтін орталық ашылатынын, ол қалалық көпбейінді аурухананың бөлімшесі болатынын атап өтті.
Өз сөзінде бас дәрігер инфекциялық аурулар орталығында 300-ге жуық медицина қызметкері жұмыс істейтінін айтты. Орталықта 8 әмбебап блок құрылған. Әр блок бір-бірінен тәуелсіз, желдетудің, ауа жеткізудің автономдық жүйесі бар. Әр палатаға таза ауыз су тартылған. Блоктардағы науқастар мен медицина қызметкерлері бір-бірімен көріспейтіндіктен, вирусты ауруханада жұқтырып алу қаупі төмен дейді бас дәрігер.
–Тұрғындар «Індет жойылғаннан кейін инфекциялық аурулар орталығы не болады?» деген сауалды жиі қойып жатады. Осы арада мынаны айтқым келеді: COVID-19 вирусымен күрес тоқтағаннан кейін, орталық басқа да жұқпалы ауруларды емдеумен айналысатын болады. Біздегі инфекционист мамандардың барлығы өз саласының білгірлері. Осы күні коронавирусқа шалдыққан 70 науқас Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің фтизиопульмонология орталығында ем қабылдап жатыр. Жаңа орталық ашылғаннан кейін фтизиопульмонология орталығының ақ халаттылары модульдік ауруханада коронавирусқа қарсы күрес шараларына жұмылдырылады, – деді Нариман Сыздықов.
Сондай-ақ, брифингте бас дәрігер жос-парлы ем қабылдау қалалық ауруханада үзілмей жүргізілетіндігін айтты. Ол үшін шұғыл түскен науқастар мен жоспарлы түрде ем қабылдауға келген адамдар ПТР-тестілеудің нәтижесі негізінде профильді бөлімшеге немесе инфекциялық орталыққа жіберіледі.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар