«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында ауданда «Бастау бизнес» бағдарламасы жүзеге асырылып, жұмыссыздардың кәсіпкерлік бастамалары қолдау табуда.
Бүгінгі күні бағдарламаға қатысушылар кәсіпкерлік дағдыларын меңгеріп, бизнес жобаларын жүзеге асыруға кірісті. Биылғы жылы бағдарлама арқылы оқыған 54 адам несие алады деп жоспарланса, оның он төртіне 58 миллион теңге несие берілді. Межеленген жоспар іске асырылса, өткен жылғы көрсеткішке қол жеткізілмекші. Былтырғы жылы 54 адам 213 миллион теңге несиені иемденген. Несие алушылардың көпшілігі мал шаруашылығын дамытуға үлес қосуда.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Айжан Мұхамедиеваның айтуынша, биылғы жылға 35 грант бөлінген екен. Оның 25-і беріліпті. Бұл игілікті іс тиімді болғандықтан, бағдарламаға қатысуға сұраныс артуда. Осы орайда, басқармаға қосымша бюджеттік өтінім беріліпті. Бүгінгі күні мал шаруашылықтары, сән салоны, техникалық қызмет көрсету станциясы ашылған екен. Мәселен, бұландылық Лена Горбунова «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында шағын несиеге қол жеткізіпті. Кәсіби біліктілікті шыңдайтын оқуды бітірісімен бизнес жоспарын қорғағанда қиналмаған екен.
–Қарағанды қаласынан Макинкаға келгеніме 1 жыл болды. Қалада саудамен айналыстым. Өткен жылы «Атамекен» кәсіпкерлікке оқытады деген хабарды естіп, жұмыспен қамту орталығына бардым. Кеңес алған соң «Бастау бизнес» бағдарламасының бір айлық оқуына жіберді. Сертификат алғаннан кейін бизнесімді дамытуға 6 миллион теңге несие алып, азық-түлік дүкенін аштым,–дейді кәсіпкер. Лена Горбунова кәсібін жандандыру үшін жергілікті шаруашылықтардан көкөніс пен сүт сатып алуға келісім-шарт жасады. Осылайша ол жергілікті өнімнің нарықтағы саудасын дамытпақшы. Нәзік жанды кәсіпкер алдағы уақытта тұшпара цехын ашуды жоспарлап отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бұланды ауданы.