Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бесігін тербетіп, отын өшірмеген - АРҚА АЖАРЫ

Бесігін тербетіп, отын өшірмеген

Қиын кезеңде туып, қилы заманның ауыртпалығын арқаласа да, аттаған босағасының қасиетін сақтап, қадірін арттырып, шаңырағын шаттыққа бөлеген көнекөз әжелеріміз қаншама. Олар туралы қанша сүйсінсек те, қанша жазсақ та көп емес.

Құдай қосқан қосағынан жастай айырылып, шиеттей балаларымен тағдыр тауқыметін көріп, қайсарлығы мен батылдығын серік етіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған осы аналарымыздың өткен өмірі бүгінгі күні аңыз сияқты. Міне, осындай ақжаулықты әжелеріміздің бірі – Бозайғыр ауылдық оругіне қарасты Күлшін ауылының тұрғыны Қайныш Шәкенқызы Ыдырысова.
Қайныш әжеміз 1935 жылы Көкшетау облысы (қазіргі Ақмола облысы) Щучье ауданы Дмитриевка ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келеді. Анасы 12 құрсақ көтереді. Қайныш 8-ші бала болып, өмір есігін ашады.
Әкесі Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек майданына аттанып, сол жақта дүниеден өтеді. Әкеден жастайынан жетім қалған Қайныш әже Жолымбет кенті жанындағы «Угольный» шахтасында еңбек ететін нағашыларының қолына келеді.
1956 жылы шахтада жұмыс істейді. Ал, 1957 жылы жолдасы Қадырмен отасып, шаңырақ көтеріп, Күлшін ауылына келін болып түседі. Бірақ, тағдырдың тауқыметі Қайныш әжемізді тағы да сынға алады. 1965 жылы жұбайы өмірден өтіп, 5 баламен қалады. Шиеттей балаларын өсіріп, жетілдіру жолында мектепте еден жуушы болса, жазда кеңшарда жұмыс істеп, осы балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, ұлын ұяға, қызын қияға қондырады.
50 жасында зейнет дамалысына шығып, бүгінде 9 немере, 13 шөбере сүйіп, адал жар, аяулы ана, асыл әже атанып, бақытты өмір кешуде. Шаңырағының бар ауыртпалығы өз мойнына түссе де, балаларын оқытады. Өз өмірі, бұл тірлікте көрген-білгені туралы:
–Бүгінгі жастар сәл қиындық болса болды, шаңырағын шуға толтырады. Жас жұбайлар бір-бірін бағаламайды. Соңы ажырасуға әкеледі. Негізі, отбасының тату болуы, шаңырақтың шайқалмауы қыздарымызға, әйелдерге байланысты. Қазақ қыздары шыдамды, төзімді, ақылды болуы керек. Әйел баласы қайда болсын, жылылық таратуы керек. Ерін сыйлап, үлкендерді құрметтесе, ағайын-туысқа сыйлы болса, бәрі де болады. Қазіргі жас-
тар осыны түсінсе ғой, – дейді Қайныш әжеміз.
Қазақ әйелінің жаны нәзік болса да, рухы құрыштан мықты. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесігін тербеткен аналарымыздың ақ білегі керек кезінде болаттай беріктігімен ерлерімізге сүйеніш, көмек болды. Міне, Қайныш әжеміздің тағдырлы өмірі осының айғағы. Мұндай апалар қашанда бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Мадет ӨМІРБЕК.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар