Көкшетауда атқарылған көп жұмыстар көңіл қуантады

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, COVID-19-дың таралуына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында болып, коронавирус індетіне байланысты кеңес өткізді және Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық аясында бірқатар нысандарды аралап көрді. Сапар барысында Премьер-Министрдің орынбасарымен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Вице-Премьер өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша облыс басшылығымен кеңес өткізіп, коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындықты қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдады. Кеңес барысында сөз алған облыс әкімі Ермек Маржықпаев соңғы екі апта ішінде індет жұқтырғандар саны 2 есе өскенін мәлімдеді. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова бүгінгі таңда 289 ақмолалық коронавирустан емделуде, олардың 184-і инфекциялық стационарларда ем алып жатыр. 10 науқастың жағдайы ауыр, 2-уі аса ауыр халде.
Өңірде тұрғындардың денсаулығын сақтау мақсатында барлық шаралар қолға алынуда. Ауруханаларда қосымша төсек орындар жасақтаудың жоспары әзірленген. Қажет болған жағдайда олардың саны 5 мыңға дейін жеткізіледі. Дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдарының 2 айлық қоры жасалған. Тұмауға қарсы екпе бекітілген мерзімде жүзеге асырылды. Айна Ермекқызы жаз айларына қарағанда, қазір өңір ауруханаларының материалдық-техникалық жабдықталуы анағұрлым жақсартылғанын атап өтті. Бұл мақсатқа 15,8 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Оның 4 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен бөлінген. Осының нәтижесінде стационарлардағы ИВЛ аппараттардың саны 2 есе, оттегі концентраторларының саны 15 есе, жылжымалы кешендердің саны 3,7 есеге артқан. Жаңадан 40 жедел жәрдем көлігі сатып алынды, тағы да 18 көлік жеткізіледі деп күтілуде. Осы орайда, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов өңірде тіркелген СOVID-19 фактілерінің саны ағымдағы жылдың қазан айының қорытындысы бо-йынша 2,7 есеге артқанын атап өтті. Вице-премьер шектеу шараларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі мониторингтік топтар қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде тапсырма берді.
Одан кейін Вице-Премьердің жұмыс сапары облыс орталығында жаңадан ашылған жаңа модульдік инфекциялық ауруханада жалғасты. Мұнда аталған аурухананың бас дәрігері Нариман Сыздықов Ералы Тоғжановқа «ақылды ауруханада» орнатылған заманауи медициналық құрылғыларды таныстырды. Айта кетейік, бұл заманауи аурухана 200 орынға лайықталған, бірнеше жекеленген бокстардан тұрады. Сондай-ақ, ол реанимациялық және диагностикалық заманауи аппараттармен жабдықталған. Атап айтсақ, ИВЛ аппараттар, компьютерлік томограф, цифрлық рентген аппараты бар. Науқастар жайлы ақпарат жалпы мәліметтер базасында сақталады және күн сайын жаңартылады. Бұл жүйе еліміздің басқа да медициналық ұйымдарының ақпараттық жүйелерімен біріктірілгендіктен, дәрігерлердің Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының білікті медицина қызметкерлерімен қашықтықтан консилиум өткізулеріне мүмкіндігі бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясовтың айтуынша, аурухананың 135 қызметкерден тұратын штаты құрылғанын, резервте тағы дәрігерлер бар. Олар КВИ жұқпасының алғашқы толқынында қалалық ауруханада жұмыс істегендіктен, барлығының да коронавирус-пен күресте тәжірибелері қалыптасқан.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндайды көз алдымызға елестетудің өзі қиын еді, ал бүгінде санаулы аптаның ішінде керемет аурухана бой көтеріп, жабдықталды, –деді Ералы Тоғжанов.
Осы күні Вице-Премьер облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын мамандандырылған мектеп-гимназиясында да болды. Білім ошағының ғимараты 1976 жылы салынғандықтан, жөндеуді қажет етеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша мектепті жөндеуден өткізуге 152 миллион теңге бөлініп, бұл қаражатқа электр желілері ауыстырылып, мектептің сыртқы қабырғалары, спорт залы мен фойесі жөнделген. Мектеп-гимназияда 1143 оқушы білім алуда.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «Көкшетау» мәдениет сарайы да жөндеуден өткен болатын. Ғимараттың алдында орнатылған үлкен Лед-экран алыстан көз тартады. Мәдениет сарайының іші-сырты толық жаңартылған. Премьер-Министрдің орынбасары карантиндік шектеулерге қарамастан, республика үкіметі білім мен мәдениет салаларына қомақты қаражат бөлгенін атап өтті.
– Биылғы жыл мәдениет саласы үшін оңайға соқпағаны белгілі. Қазір карантин шаралары тағы да қатаңдатылғалы отыр, мәдениет нысандары жабылады. Бірақ, адамдардың денсаулығы бәрінен маңызды екенін ұмытпауымыз керек. Мұның барлығы уақытша. Бірнеше аптада жағдайды тұрақтандырып, карантин шаралары жеңілдетіледі деп сенеміз, – деді Ералы Тоғжанов. Жұмыс сапарының соңында Премьер-Министрдің орынбасары облыс орталығында Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында бой көтерген «Болашақ» сарайында болды. Екі корпустан тұратын «Болашақ» сарайы білім саласының барлық бағыттары бойынша ғылыми шеберханалармен жабдықталған. Мұнда спортзалдар, бассейндер және түрлі үйірмелерге арналған жайлар бар. Аймақ басшысы өз сөзінде форум қарсаңында бірнеше қонақ үйлердің ғимараттары, әуежай, қалалық отельдер жөндеуден өткізіліп, жаңадан көпірлер, жағажолдар, велосипед жолдары салынып, жарықтандырылғанына тоқталды.
Вице-Премьер «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының өңірде жүзеге асырылу барысына мән берді. Бұл орайда, облыс әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев аталған бағдарлама аясында жалпы сомасы 45 миллиард теңгені құрайтын 325 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, онда 11 мың адам жұмыспен қамтылғандығын атап өтті. Осындай ірі жобалардың қатарында Целиноград ауданы Қоянды ауылындағы 1200 орындық мектептің құрылысы, күрделі жөндеуден өткен Егіндікөл аудандық ауруханасы мен медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана бар.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшілері.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар