Жолдау жарқын істерге бастайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміздің қиындықтарды еңсеретініне үлкен сенім артылған. Біздің ауданның еңбеккерлері де өңірімізді өркендету жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Қазақстан Президенті өзінің халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында:
– «Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды», – деген еді.
Билік органдары бірлесіп, бір мақсат жолында ел игілігі үшін қызмет атқарып келеді. Өкілетті органдар жергілікті тұрғындардың еркін білдіретін, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған өзіндік көпір іспетті болғандықтан, біз билік органдарында халықтың мүдделерін лайықты қорғайтынымызға, талаптарын жүзеге асыратынымызға, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу үшін барлық мүмкіндіктерді жасайтынымызға сенім артып отырған халықтың үмітін ақтауға міндеттіміз.
Биылғы 2020 жыл өзіндік қиындықтарын ала келсе де, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізе алдық деп ойлаймын. Қазіргі уақытта астық жинау сынды жауапты науқанға барша халық жұмылдырылған. Жаз ыстық, қуаңшылық болса да, егіс алқаптарын өңдеуге мүмкіндік болды. Бүгінгі таңда астықтың 81 пайызы жиналды, биылғы орақ маусымында гектар берекесі 9 центнерден айналуда.
Жастар шағын ауданында 60 пәтерлі үй қалпына келтіріліп, 3 ауылдық елді мекенде мәдениет үйлері жөнделді және аудан орталығындағы 2 орта мектеп күрделі жөндеуден өтті.
Бүгінгі таңда біздің ауданда 9 нысанда жүйелі жұмыс жасалуда. Атап айтар болсам, Крупский атындағы орта мектеп, аудан орталығындағы №1 орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бұл нысандарға 60 жылдай уақыт өткеннен кейін ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Тағы бір айта кетерім, 45 шақырымдық Державинск-Тасөткел жолын жөндеуге біршама қаржы бөлініп, халық үшін көптен күткен игілікті іске айналды. Оған жұмыспен қамту орталығы арқылы 259 адам жұмылдырылып, 85 мың теңгеден кем болмайтын орташа жалақы төленуде. Осылайша бағдарлама аясында көптеген әлеуметтік нысандар жөнделді, олар халқымыздың игілігі үшін пайдаланылатын болады. Ал, облыста бірнеше есеге жоғары, бұл халық үшін шынымен тиімді әрі қазіргі қиын кезеңде мемлекеттің нақты қолдауы екенін жақсы сезінеміз.
Оқу үдерісінің басталуы биліктен үлкен күш пен инвестицияны талап етті. Қашықтықтан оқыту форматында мұғалімдер аудан басшылығымен карантиндік жағдайда жұмыс істеу ерекшеліктерін, қашықтықтан оқытудың қиындықтарын, коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау проблемаларын және көптеген басқа да мәселелерді талқылады.
Бүгінгі күні ауданымызда қашықтықтан оқытылатын 7 мектеп компьютермен толық жабдықталған, ал, қалған мектептерде оқу процесі әдеттегідей жүргізілетін болады. Биылғы жылы 98 компьютер сатып алынды, ал, жыл соңына дейін тағы 60 компьютер сатып алу жоспарланып отыр.
Жалпы, онлайн білім беру форматының ерекшелігі – интернет жылдамдығына тәуелді. Сол себепті де, бұл мәселе аудандық мәслихаттың бірлескен отырысында қаралды. Ауданымызда, барлық елді мекендерде интернет желісі қосылған, ал, кейбір шет орналасқан елді мекендерде интернет желісінің сапасы әлі де назарда болатыны сөзсіз. Бұл мәселе айналып келгенде қала мен ауыл оқушылары арасындағы білімге қолжетімділігін алшақтатады, біліктілігіне әсер етеді. Осы орайда, депутаттар атынан ауылдағы интернет мәселесін көтеріп, құзырлы органдарға арнайы хаттар жолдап, бұл проблеманы оңтайлы шешуге атсалысып жатырмыз. Қазіргі таңда барлық мектептер интернетке қосылды, бірақ, біз оның жылдамдығын әлі де назарда ұстайтын боламыз. Сондықтан да, біз облыстық және аудандық мәслихаттың депутаты ретінде 2 жылдан бері барлық мүдделі органдармен шалғай ауылдардағы Интернет желісінің жылдамдығын арттыру және сапаны жақсарту үшін ресми хат-хабар жүргізіп келеміз. Бұл жұмыстың оң нәтиже беретінінен үміттіміз. Өйткені, Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында егжей-тегжейлі айтып өтті. Дегенмен, сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеу туралы Жолдауда баса айтылды. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, елімізді жайлаған коронавирус пандемиясын ауыздықтауға байланысты карантин шаралары кезінде қаржылық қиындыққа тап болған отбасыларға қолдау көрсету жұмыстары жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстар барынша ашық әрі бақылауда болды. Осылайша халқымыздың басына түскен қиындыққа орай, денсаулық сақтау саласына қолдау көрсету басты назарда болды. Жарқайыңдық азаматтар бір кісідей жұмылып, дәрігерлер мен науқастар үшін аудандық ауруханада бұған дейін алуға мүмкін болмаған оттегі концентраттарымен, баллондарымен, пульсоксиметрлер және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге атсалыс-ты. Сөйтіп, 10 миллион теңгеден астам қаражат ізгілік нұрын себезгілейтін осындай қамқорлыққа зәру жандарға жұмсалды.

Ұлбосын АХМЕТОВА,
Жарқайың аудандық
мәслихатының хатшысы.

 48 total views,  4 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар