Санитарлық бекеттер жұмысын қайта бастады

Көкшетау қаласының бас санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте коронавирус пандемиясының облыс орталығындағы таралу барысы, санитарлық бекеттердің атқаратын жұмысы жайлы айтып берді.

– Облыс орталығының жан-жағынан алты санитарлық бекет іске қосылады. Онда бекеттен өтушілердің дене қызуы өлшеніп, сауалнамалар жүргізіледі. Ыстығы көтеріліп, індет белгілері байқалған адамдар бірден жедел жәрдем қызметіне тапсырылады. Бұның барлығы халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жасалып отырған шара. Сондықтан, қала тұрғындары мен келіп-кетушілер түсіністікпен қараулары тиіс. Қазіргі уақытта бізде індетке шалдыққан адамдармен қарым-қатынаста болған адамдардың тізімдері жүргізіліп жатыр. Егер санитарлық бекеттен өткен кезде жолаушылардың аты-жөндері осы тізімде болса, ол адамдар бірден кері қайтарылады. Себебі, оларға мүлдем далаға шығуға болмайды. Керісінше жағдайда тиісті шаралар қолданылады, – деді қаланың бас санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов.
Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, індет басталғалы Көкшетау қаласында лабораториялық расталған 1489 оқиға тіркеліпті. 725-інде аурудың белгілері анық байқалса, қалған 764-і індетті симптомсыз өткерген. Өкінішке орай, облыс орталығында коронавирус пен пневмониядан 20 адам қайтыс болды. Тамыз айынан осы аралыққа дейін 156 коронавирус белгілері бар пневмония оқиғасы тіркелсе, қазан айының ішінде коронавируспен ауырған 153 науқас анықталды. Қазан айында 18 медициналық қызметкер коронавирус инфекциясын жұқтырған.
Сонымен бірге, спикердің айтуынша, облыс орталығында жаңа оқу жылының басынан бері 13 оқушы аталған індетке шалдыққан, олардың 2-еуі дәстүрлі форматта білім алып жатса, 11-і қашықтықтан оқитындар.
Көкшетау қаласында осы күні індеттің 156 ошағы тіркелген. Оның 46-сы үй жағдайында, қалғандары қызмет орындарында. Бүгінгі таңда 93 көкшетаулық емдеу орындарында аты жаман індеттен ем қабылдап жатыр. Олардың 86-сы облыстық фтизио-пульмонологиялық орталықта жатса, 7 бала облыстық балалар ауруханасында емделуде.
–Мобильді топтардың тексерістері нәтижесінде маусым айынан бастап 2 мыңнан астам мекеме тексеріліп, оларда анықталған карантин тәртібін бұзу бойынша 330 айыппұл салынып, 24 миллион теңгеге жуық ақша өндірілген. Бүгінде кәсіпкерлермен түсіндірмелік жиналыс-тар жүргізілуде. Ал, қоғамдық көліктер тек жұмыс күндері қатынап, қарбалас сәттерде көптеп шығарылады. Осы ретте, әр автобустың жүргізушілері соңғы аялдамаларда көліктің ішін зарарсыздандырып отырулары тиіс. Қаланың аумағында әзірге блокбекеттер қойылмайды. Егер жағдай қиындап, облыста коронавирус пандемиясының таралу деңгейі қызыл аймаққа өтсе, онда міндетте түрде карантин одан әрі қатаңдатылып, блокбекеттер орнатылады, – деді Қанат Ысқақов.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар