Жаңа аурухана ашылды, арнайы көліктер тапсырылды, томография іске қосылды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетаудағы жаңадан пайдалануға берілген инфекциялық аурулар орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, Абылай хан алаңында медицина, өрт сөндіру ұйымдары мен құқық қорғау органдарына жаңа диагностикалық медициналық кешеннің, автокөліктердің кілттерін тапсырып, алдағы уақытта халық игілігі үшін осындай жұмыстардың одан әрі де жалғаса түсетіндігін атап көрсетті.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында 3 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті біздің облыс, соның ішінде Қорғалжын, Зеренді, Жарқайың, Есіл, Ерейментау, Астрахан, Аршалы, Ақкөл аудандары үшін өз елімізде өндірілген 8 жылжымалы медициналық кешенді сатып алуды іске асырған. Абылай хан алаңындағы салтанатты жиында аудандық ауруханалардың бас дәрігерлеріне аталмыш жылжымалы кешендердің кілттерін облыс әкімі өз қолымен тапсырды.
Облысқа қаржылық лизинг келісім-шарты аясында санитарлық авиация және жедел жәрдем қызметі үшін 58 санитарлық көлік жеткізу көзделген. Оның 30-ы Hyundai H350, 25-і JAC Sunray, 3-еуі УАЗ Профи көліктері. Бүгінгі таңда осылардың жартысынан астамы келіп жетті. Барлық көліктер тұрғындарға көмек көрсетуге арналған қажетті медициналық құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ, осы шарада облыстық жедел жәрдем станциясына реанимобильдердің, облыстық полиция департаменті мен Көкшетау қалалық полиция басқармасына патрульдік автокөліктердің, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне өрт сөндіруге арналған техникалардың кілттері тапсырылды.
–Бүгінде коронавирус пандемиясы әлемдік проблемаға айналып отыр. Барлық материалдық және адами ресурстар инфекциямен күреске бағытталған. Ауруды одан әрі таратпау үшін елімізде барлық қажетті шаралар қабылдануда. Коронавируспен күрес мәселесі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті бақылауында, – деген Ермек Маржықпаев соңғы күндері елімізде инфекция жұқтырғандар саны өсіп жатқанын, біздің облыс эпидемиологиялық ахуалы күрделі төрт аймақтың қатарында екенін айтты. Алайда, облыстың медициналық ұйымдары пандемияның екінші толқынымен күресуге толықтай дайын. Облыста дәрі-дәрмек қоры мен құрал-жабдықтар жеткілікті, оның үстіне дәрігерлеріміз індетпен күресте мол тәжірибе жинақтады. Медицина қызметкерлерімен қатар, құқық қорғау органдары да коронавирусқа қарсы күрестің алғы шебінде,–деп атап көрсеткен Ермек Маржықпаев облыстық әкімдік тарапынан полиция органдарының материалдық-техникалық қамсыздандырылуына зор көңіл бөлініп жатқанын айтты. Сонымен қатар, салтанатты шарада әкім пандемиямен күрес кезінде адал еңбегімен көзге түскен бірқатар сала мамандарына «Халық алғысы» медалін тапсырды.
Облысымыз үшін тағы бір маңызды оқиға Көкшетауда 200 орындық инфекциялық аурулар орталығының ашылуы екені сөзсіз. Үкіметтің қолдауымен небары екі айдың ішінде бой көтерген бұл орталықта пандемия кезінде, одан кейін де жұқпалы ауруларға шалдыққан науқастардың сапалы, жоғары білікті медициналық көмек алуына қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. Орталықтың ашылу рәсімінде сөз алған Ермек Маржықпаев Көкшетауға жұмыс сапары кезінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мәмин орталыққа жоғары баға бергенін, нысанның құрылысына «ақылды аурухана» жобасы негіз болғанын атап көрсетті.
–Инфекциялық орталықтың ұйымдастырушылық құрылымының өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнда жұқпалы ауруларға шалдыққан науқастар толық оқшауланып, инфекцияның таралмауы үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Желдету, сүзгілеу жүйесі вирустың науқастан медициналық персоналға жұқпауын қамтамасыз етеді. Орталық компьютерлік тамограф, цифрлық рентген, ИВЛ аппараттары секілді заманауи құралдармен жабдықталған. Әр кереует оттегі станциясына қосылған. Өткен жаз айларында індеттің өршіп кетіп, өлім-жітімнің орын алуының негізгі себебі осындай жабдықтардың болмауынан еді. Енді, орталық ұжымына пандемиямен күресте зор сенім артамыз. Бүгінде облыстың медициналық ұйымдарында 425 ИВЛ аппараты, шамамен 600 оттегі концентраторы, 32 рентген аппараты, 9 компьютерлік томография бар, – деген облыс басшысы шараға жиналған жұртшылықты осынау айтулы оқиғамен құттықтап, атқарылып жатқан жұмыстар індетпен күресте өз жемісін беретініне сенім білдірді. Осындай ізгі тілектер мен облысымызда халықтың өмір сапасын арттыру мақсатында қолға алынып жатқан игі істер Көкшетау қаласының құрметті азаматы, медицина саласының ардагері Болат Жанәділов пен «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің құттықтау сөздерінде де нақты көрініс тапты.
Одан кейін инфекциялық аурулар орталығының бас дәрігері Нариман Сыздықов әкімге орталықты аралатып көрсетті. Орталық 8 корпустан тұрады. Мұнда 180 төсек-орын тәуліктік емделуге арналған және 20 төсек-орын қарқынды терапия бөлімшесі болып табылады. Бір палата екі науқасқа лайықталған. Ішінде жуынатын орын, ауыз суы бар. Реанимациялық бөлімше бейнекамерамен бақыланып отырады.
Инфекциялық аурулар орталығын аралап көргеннен кейін облыс әкімі Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында болып, аурухана базасында магнитті-резонансты томография кабинетінің ашылу рәсіміне қатысты. Signa Creator магнитті-резонансты томографы облыстық әкімдіктің қолдауымен жергілікті бюджеттен бөлінген 568 миллион теңгеге сатып алынған. Облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жаровтың айтуынша, бұл томография аппараты «гелидің нөлдік буға айналуы» технологиясының арқасында қиын жағдайда да аурудың нақты көрінісін білуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында МРТ зерттеуі тегін жүргізіледі. Ол үшін тұрғындар өз учаскелерінен жолдама алулары қажет. Медициналық сақтандыру жарнасын аудармайтын тұлғалар диагностиканы ақылы өте алады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар