Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абыз ағаның асыл ғұмыры - АРҚА АЖАРЫ

Абыз ағаның асыл ғұмыры

Ұлы Отан соғысының ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Асылбек Жәзиұлы Дәулетов жайлы бір үзік сыр

Кең бөлменің үлкен терезесінен күзгі шуақ құйылып тұр екен. Үй іргесіндегі жуандығына құшақ жетпейтін қайыңның бұтақтары терезеден сығалап қарайды. Кешегі жасыл бояу-дан арылған, уақыт табы сап-сары етіп қақтап тастағандай. Тоқсанның бесеуіне табан іліктірген майдангер жұмсақ креслоға жайғасыпты.

Әуелі ауыл-елдің амандығын сұраған. Содан соңғы әңгіме әлібі өз жайы, өз өмірі төңірегінде сабақталды. Жарық дүние есігін ашқан жері қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарайтын Әлжан ауылы. Жер бетіндегі жұмақ іспетті табиғаттың тартуы молынан бұйырған елді мекен. Ауыл іргесінде Ақсораң тауы. Баурайы мәңгі жасыл қарағай мен қолдың саласындай ақ қайыңға сыңсып тұр. Тау етегінде тананың көзіндей мөлдіреп, шалқып жатқан айдын су – Ақкөл.
Туған жері есіне түскенде қарт тебіреніп кетті-ау деймін, көз алдына кіреуке ілінген. Бұл күнде қатарының азайғанына өкінді. Бұрынғылардың сөзі рас екен деп бір түйді. Содан соң балалық, жастық шаққа ойысқан. Ұлы Отан соғысы алдындағы ауыл балаларының өмірі бір-біріне ұқсас қой. Әке-шешесі адал еңбектерімен қоғам байлығын еселеуге үлес қосқан колхозшылар екен. Асылбек аға да қабырғасы қатып, буыны бекіместен ауыр еңбектен қажып жүрген ата-анасына көмектескен. Болашақтың білімде екендігін бағамдаған ата-анасы балаларын оқытқысы келіпті. Бірақ, орта мектепті бітіре алмады. Алыста, тым-тым алыста болғанымен, суығы тұла бойын тоңдыратын Ұлы Отан соғысы жүріп жатты. Елмен бірге әкесі де, үлкен ағалары да майдан даласына аттанды. Өкінішке орай, ағаларының бәрі Отан қорғау жолында қаза тапты.
Ұжымшарда екі жыл жұмыс істегеннен кейін кезек Асылбек ағаға да келді. Ағаларының майдан даласында опат болғанын естіген соң кеудесіне кек қатқан жасөспірім майданға аттанды. Фрунзе қаласында жаяу әскер училищесінде әскери қызметтің алғашқы сабақтарын оқыды. Училищені ойдағыдай бітіргеннен кейін денсаулығының ерекшелігін және оқудағы дұрыс мінез-құлқын ескере отырып, Мәскеу әскери округіне жіберді. Дәл осы уақытта жоғары бас қолбасшының резерві – Қарулы Күштердің жаңа түрі – элиталық әуе десанты әскері қалыптасып жатқан болатын. Бұлар да күн-түн жаттығу өткізіп, Карель мойнағында жауға қақырата соққы беру үшін дайындалып жатты.
Әп еткен бетте жергілікті жағдайда жауға қарсы әскери іс-қимыл жүргізу үшін жақсы даярланған жауынгерлік қақтығыстарға қатысты. Соның ішіндегі ең ерекшесі – Свирь операциясы еді. Онда жаудың бас көтертпейтіндей дауылды отының астында қарудың барлық түрлерінен Ладога және Онеж көлдерін қосатын стратегиялық маңызы ерекше Свирь өзені арқылы өткел салу жүзеге асырылған еді. Сол жерде жаудың қуатты қорғанысын жапыра шаныштап өтті. Қазіргі күні еске алса, өлім мен өмір таразы басын тең тартқан, тілмен айтып жеткізгісіз алапат сұмдық арпалыс болған екен. Төрт құбыланың бәрін ажал аңсаған жау оғы түртінектеп тұр. Төңірек лапылдап жанған отпен қара қошқыл реңге боя-нып, қолқаны қабатын түтінге айналып кеткен. Әне бір жерде танк жанып жатыр, мына бір жерде зеңбіректердің қақырай сөгілген қаңқасы үйіліп қалыпты. Егер тозақ шынымен болатын болса, дәл осы жерде тәрізді болып көрінген. Кеңес жауынгерлері сол тозақтың ішінде қайтпас қайсар ұрыс салды. Жүзден, жүзден емес-ау, мыңнан іріктеліп алынған десантшылар қанша тегеуірінді болса да жауға төтеп беріп, жеңіске жетті. Осы операция үшін батальондағы 12 десантшы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Ерен ерліктің үлгісін көрсеткен батальон жауынгерлерінің ішінде марапатсыз қалған ешкім жоқ. Асылбек ағаның да кеудесіне бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені тағылды.
Тозақ оты жымыңдаған операция бұдан кейін де аяқтала қойған жоқ. 350 шақырым қашықтықта, жау ішіне қарай ауыр айқас күтіп тұрған. Жан алып, жан беріскен қанды майдан Маннергейм шебінде Финляндия шекарасына дейін созылды. Осы майданда десантшылар қатары селдіреп қалды. Ротадағы 60 десантшының тек бесеуі ғана тірі қалған. Әңгіме дәл осы жерге келгенде Асылбек ағаның маңдайындағы жаңа сәл жіңішкелеу көрінген әжім іздері тереңдеп бара жатқандай көрінді. Қаза болған майдандас десантшы жолдастары әлі күнге дейін есіне түседі екен. Тіпті, көбінің аттарын да ұмытпапты. Айтпақшы, Асылбек Дәулетов Свирь өзенін кесіп өткені үшін орденнен басқа Бас қолбасшы, Кеңес Одағының Маршалы И.Сталиннің Алғыс хатын да алды. Финдермен болған шайқаста асқан ержүректік көрсеткені үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Карель майданындағы шайқастардан кейін бірінші Украин майданының құрамында атақты Сандомир плацдармын алуға және оны ұстап тұруға қатысып, Висло-Одер операциясының бел ортасында жүрді. Украинаны, Молдавияны, Румынияны басқыншы жаудан азат етуге қатысты. Үшінші Украин майданының құрамында Будапешт пен Венаны азат ету барысындағы қиянкескі майданда қазақ жауынгері ерлігімен әйгілі болды. 1945 жылдың наурыз айында жарақат алып, Венгрия астанасының маңындағы әскери госпитальда емделді. Бар адам аңсаған ұлы Жеңісті Венгрия мен Австрияның шекарасындағы Шопрон қаласында қарсы алды.
Соғыс аяқталғаннан кейін аға сержант шенінде тағы да бес жыл қызмет етті. Бір жылы Австрияда, одан кейін төрт жылы Украинада өтті. 18 мәрте әскери наградаға ие болған Асылбек Жәзиұлы бейбіт өмірде де ерлікке пара-пар еңбек етті. 1950 жылдың мамыр айында елге оралғаннан кейін еңбекке араласты. Айтпақшы, кешегі майдангердің тұла бойын кернеген күш-қуатынан басқа ешқандай мамандығы жоқ екен. Әйтсе де, мәселе күтпеген жерден шешілді. Көкшетау аудандық партия комитетінде партиялық есепке тұрған кезінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы оның өмірбаянын, мінездемесін оқып отырып, үлкен үміт күтіп, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметін ұсынды. Біраз уақыт өткен соң партия қызметкерінің келешегі бар екенін, әйтсе де, саяси білімінің аздығын аңғарған аудан басшылары Асылбек Жәзиұлын Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің жанындағы төрт жылдық партиялық оқуға жіберді. 1961 жылы оқуын аяқтап шыққаннан кейін қосымша мамандық алу үшін Талғар ауыл шаруашылығы техникумына сырттай оқуға түсіп, агроном мамандығын алды.
Оқуын бітіріп келген жас жігітті Көкшетау облыстық партия комитетінің бюросы Арықбалық аудандық партия комитетінің екінші хатшысы етіп тағайындады. Асылбек Жәзиұлы бұл ауданда көп қызмет еткен жоқ. Аудан таратылып кеткеннен кейін Володар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқарды. Бұл жерде өндірістік сала мәселелеріне жетекшілік етті. Аудан ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу бойынша облыста жетекші орынға ие болды. Өндірістік нысандар өте жылдам қарқынмен салынды. Мал фермаларының ғимараттары, механикаландырылған қырмандар, бидай сақтайтын қоймалар, нан және май зауыттары пайдалануға берілді. Сол кезде ауданда 62 елді мекен болды. Әр ауылға электр желілері тартылды. Су құбырлары, байланыс пен радио тораптары іске қосылды, жол салынды. Осы мәселелердің бәріне аудандық партия комитетінің екінші хатшысы жетекшілік етті. Ел экономикасын көтеріп, әлеуметтік-мәдени саланы дамытуға қосқан үлесі үшін Асылбек Жәзиұлы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Арада алты жыл өткен соң іскерлігімен танылған партия қызметкерін Ленинград ауданына атқарушы биліктің бірінші басшысы етіп жіберді. Асылбек Жәзиұлы бұл жерге атақты Еркін Әуелбековтің заманында келді. Еркін Нұржанұлының үзеңгі қағыстырған жолдастарының бірі болды.
Аудандық атқару комитеті мен оның төрағасының еңбегі айрықша зор еді. Тың ауданы үшін өткір мәселелер аз болмайтын. Жігерлі еңбегінің арқасында елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және жол құрылысы мәселелері толық шешілді. Ауданның қарт тұрғындары осы күнге дейін Асылбек Жәзиұлының еңбегін лайықты бағалап, алғыстарын білдіреді. Өйткені, сол уақытта ауданның елді мекендері гүл жайнаған заман болды. Ауданды 11 жыл бойы басқаруы зор сенім екендігі айтпаса да түсінікті. Кейінгі жұмыс сүрлеуі халықтық бақылау комитетінде сабақталды. Комитет төрағасының орынбасары ретінде өмірлік мол тәжірибесін, білімін пайдалана отырып, ел экономикасын көтеруге аянбай үлес қосты.
Әскери марапаттарымен қатар, еңбек майданында жеңісті де жемісті қызметі бағаланбай қалған жоқ. Екі «Еңбек Қызыл Ту», төрт «Құрмет Белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен, сондай-ақ, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырған жоқ. Қалалық бау-бақша қоғамын басқарып, бұл орайдағы күрделі мәселелерді шешуге атсалысты.
Қан майдандағы қайтпас қайсар ерлігі, Отан алдындағы сіңірген еңбегі үшін және Ресей Президенті В.Путиннің шақыртуы бойынша Мәскеудегі Қызыл алаңда Жеңіс шеруіне қатысты. Ардагер десантшы майдан даласындағы қаруластарымен ұзақ жыл хат алмасып тұрған екен. Қазір сағыныштан сарғайған сол хаттар үйінде бірнеше папка болып сақтаулы тұр. Қазақ жауынгерін Ресейдегі элиталы әскерлердің қолбасшысы, генерал-полковник В.Шаманов та ұмытпапты. Қолы қойылған жинағын Асылбек аға көзінің қарашығындай сақтап келеді. Жинақтағы соғыс сұмдығын сипаттаған жазбалар сол бір қиын-қыстау кездің бір шөкім жәдігері іспетті. Ал, ең үлкен жәдігер – асыл ағаның өз өмірі, ерлік пен еңбекке толы ғажайып ғұмыры.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар