Мемлекеттік тілде қаралатын істер саны өсіп келеді

Облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров журналистерге Мемлекет басшысының биылғы жылғы Жолдауындағы сот саласының алдына қойған міндеттері туралы жан-жақты баяндап, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап  берді.

-Осыдан жиырма жылдай бұрын басталған Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауларында елдің алдағы негізгі міндеттері мен даму бағдарлары айқындалатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болып сайланғалы бері екінші рет Жолдауын жолдады. Биылғы қыркүйек айындағы Жолдауында әлеуметтік, экономикалық дамумен бірге, құқық, оның ішінде сот саласын дамыту жайы да кең қамтылған, -дей келе, облыстық соттың төрағасы Жолдауда айтылған сот саласының алдында тұрған міндеттері мен оны жетілдіру бағытындағы атқарылар жұмыстарға тоқталды. Жолдаудың «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында» деп аталатын 8-ші тарауында заң үстемдігін құрудың маңызы мен бұл міндетті жүзеге асырудағы құқық қорғау органдарының, оның ішінде сот билігінің атқарар міндеттері жан-жақты баяндалған. Облыстық соттың төрағасы Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру әрдайым назарда ұсталатынын атап өтті. Әділетті мемлекет орнықтыруда сот шешімдерінің әділ болуы, халықтың сотқа деген сенімі үлкен орын алатындығы белгілі.

-Сот шешімдері әділ болуы үшін судьяның ғана әділ болуы жеткіліксіз, оның қызметін бақылап, бағалайтын барша қоғам әділдікке мүдделі болуы керек. Бұның өзі сот қызметінің ашықтығынан, сот билігіне халық өкілдерін тартудан анық көрінеді. Осыдан он жыл бұрын  «Медиация туралы» заң қабылданған алғашқы жылдары медиациялық тәртіппен қаралатын істер жоқтың-қасы болса, қазіргі күні оның деңгейі 10 пайызға жетіп отыр. Сотқа жетпей, медиаторлардың араағайыншылдығымен шешілетін істер қатары жыл санап өсіп келеді, -деді облыстық соттың төрағасы.

Биыл көктемде елімізде жұқпалы дерттің таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланып, карантин шаралары енгізілген еді. Бның сот жұмысына да әсері болғанымен, облыстық соттың төрағасының айтуынша, сот мәжілістері тоқтаусыз жүргізілуде. Тараптардың өтініштері бойынша кейбір істердің қашықтықтан қаралмауы себепті, кері шегінгені болмаса, карантин шаралары сот жұмысына кедергі келтірген жоқ.

Журналистер тарапынан қойылған сауалға байланысты облыстық соттағы мемлекеттік тілде қаралатын істердің үлесі туралы да бүкпесіз айтып берді. Мәселен, 2017 жылы облыс соттарымен қаралған барлық істің 1,3 пайызы ғана мемелкеттік тілде қаралса, биылғы жылдың 10 айының қортындысына сай,  қаралған істердің 8 пайызы мемлекеттік тілдің үлесіне тиеді. «Жасыратына жоқ, кейбір судьялардың мемлекеттік тілді білмейтіні, іс жүргізе алмайтыны рас, дегенмен бұл бағытта мақсатты жұмыстар жүргізіліп, біршама жетістіктерге қол жеткізілген. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар атқарыла беретін болады» -деді облыстық соттың төрағасы.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар