Жанға жайлы шипажай

Демалыс ұғымының ауқымы кеңейіп келеді. Бір досым айтып еді: «Бурабайда қарағайды құшақтап, қайыңның алтын жапырағын мәпелеп тұрған кісілерді кездестірдім. Тіпті, құмырсқаның жолын зерттеп, илеуіне үңіліп тұрғандарды, көбелектерді қуалап жүргендерді көрдім. Бұған енді таңқалудың жөні жоқ. Қымбат уақытты қадірлеу жатыр астарында». Шындығында, жылына бір келетін демалысыңнан ішкі сұранысыңа қанығып, жаныңа ләззат, бойыңа қуат жинағанға не жетсін…

Биыл жағдай қиындау болып тұр. Әлемді дүрліктірген коронавирустан ғой барлығы. Бурабай да баяғыдай думанын дүркірете алмағандай кейіпте. Пісіп-жетілген жемісі жерге төгіліп жатқандай әсер бар. Әйткенмен, демалыс-сауықтыру, туристік ұйымдардың өтініш-тілектері ескерусіз қалмағаны қуанышты. Батыл шешімнің астарындағы батпан жауапкершілікті сезінгендер қатарында «Щучинский» шипажайының аты көбірек естілуде.
Бурабайдың адам қиялындай ирелеңдеген жолдарымен «Щучинскийге» тез жеттік. Бұл – қарағай, қайыңды орманымен, тұнық көлдерімен, көздің жауын алатын көрікті табиғатымен әйгілі өңірдің өзегінде орналасқан шырайлы шипажай. Толыққанды сауықтыру және демалуды жүзеге асыратын көпбағытты кешеннің бір мезетте 400 қонақты қабылдайтын жеті қабатты жатын ғимараты, үлкен хауызы, төрт қабатты емдеу корпусы, 350 адамға лайықталған асханасы, екі «виб-залы», кафе бары мен жазғы демалыс орындары, тегін автотұрағы бар. Шипажай халыққа 87 жыл бойы тынымсыз қызмет көрсетіп келе жатқанымен, әлгі ғимараттардың ине-жіптен жаңа шыққандай әсер қалдыратыны ғанибет. Жанында мөлдір Шортан көлі жан жадыратады. «Ұйқыдағы батырымен» танымал Көкше тау да таяқ тастам жерде. Осынау табиғи тұтастық пен жарастық адам көңілін көркейтіп, шипа-дәруін молынан шашып тұрғандай. Аталған нысан тыныс алу, жүрек-қан тамырлары, буын-тірек қимылы, урологиялық кеселдерді емдеу мен оңалту шараларының ауқымды түрін қамтамасыз етеді. Шипажайға кіреберістердің барлығына арнайы баспалдақтар (пантус) орнатылып, көпқабатты емдеу және тұрмыстық ғимараттарға лезде жеткізетін жедел сатылар істеп тұр. Айналаңыз мұнтаздай тазалық. Аяғыңызды сүртіп, қолыңызды шайып кіресіз. Яғни, қолайлылық атаулының бәрі қарастырылған.
Бұл туралы «Щучинский санаторийі» АҚ бас директорының орынбасары Сәуле Қинаятова кеңінен әңгімелеп берді.
–Ұжым уақыт талабындағы жауапкершілікті түсінеді. Соған орай қызмет ауқымы да өсе түсуі тиіс. Біз бұрынғыларға қоса отбасылық, коммер-циялық және туристік демалысқа басымдық берудеміз. Медицина саласында климаттық терапияның, өз ұңғымамыздағы родон суларының, балшықпен емдеу, массаждың тоғыз, СПА-емнің алты түрінің, панта-ем қабылдау мүмкіндіктерін барынша пайдаланамыз. Ал, туристік және өлкетану бағытындағы маршруттарымыз танымдық сипат алуда. Бұл үшін тиісті мамандар даярланып жатыр. Балалардың ойын алаңдарының қызықты ұсынымдары молайтылды. Мәдени және спорттық шараларды ұйымдастырушы Дәурен Укиннің жаңашыл ұсыныстары қолдау тапты, – дейді Сәуле Жаңбырбайқызы.
Мұнда шипажайдың өзіне тән ерекшелігі мен мүмкіндігін пайдалана отырып, оның көпсалалы қызметіне әлеуметтік басымдық берілгені көңілден шығады. Бас дәрігер Серік Адамбаев отыздан астам ем-шаралар қызметін талап деңгейінде ұйымдастыра білуде. Асхана меңгерушісі Бибігүл Жанаева мен зал әкімшісі Жәмила Шыныбекова, диетолог Марат Абдрахманов ас мәзірін түрлендіру, оның сапасын жақсартуды бірінші кезектегі міндеті санайтыны байқалады. Көкшетау медучилищесін бітірісімен осында 41 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан бас медбике Наталья Дивисенконың «шипажай қызы» атанып кетуінен де таратып біраз әңгіме шертуге болады. Бірақ, біз осынау маңызды қызмет иелерінің еңбегін тізбелей шарықтатуды мақсат санамадық. Бұл орайда, еңбектің бағасын тынығушылар беретіні белгілі. Сондықтан, еліміздің әр аймағынан келген кісілермен тілдесуді жөн көрдік.
–Мен Орал қаласынан келіп отырмын. Осыдан үш жыл бұрын жолай өткенім бар. Бурабай алыстан қол бұлғап қалғанымен, сұлу өлкеге арнайы келуді армандайтынмын. «Понарама» туристік агенттігі арқылы жолдама сатып алып, осында жүргеніме он күн болды. Күн сайын әртүрлі маршруттағы саяхаттардан қалмауға тырысамын. Әсерімді айтып жеткізу қиын. Ғажап! Алты түрлі ем алудамын. Менің мамандығым – аспаздық. Дастархан мәзірі көңілден шығады,–дейді Инна Очкал.
Қарағандылық Анатолий және Любовь Красночековтардың қуанышы бөлек екен. Ерлі-зайыптылар автомобиль жүргізушісі, тігінші болып, зейнеткерлікке шығыпты. Үш баласының қызығын көріп отыр. Жуырда анасының туған күні құрметіне «Щучинскийге» жолдама алып беріпті. Бурабайда бірінші рет болған олардың шипажай қызметіне ризашылығын рецепшендегі, емдеу кешеніндегі, асханадағы, үй тазалау жағындағы қыз-келіншектердің аты-жөнін жатқа айтуынан-ақ байқап тұрмыз.
Нұр-Сұлтан қаласынан келген Нәзира Исмағамбетованың әңгімесі халықтық болмысымыздың әдемі ғибратымен өрбіді. Бұл апамыз бурабайлық Маржан Тоқатаевамен 16 жылдан бері құдандал екен. Үнемі сыйласып жүретін Маржан құдағиы жыл сайын дерлік Бурабайды тамашалатып тұрады екен. Биыл осы шипажайға арнайы шақырыпты. Жарасқан жандардың жұбын жазбай жүргені жарасып-ақ тұр. Маржан апамыз бұдан басқа үш құдағиымен де тату-тәтті араласып тұратынын айтады.
Балаларының қызығын көріп отырғандардың бірі солтүстік қазақстандық Қайрат пен Шәмшия Әбділмановтар десек болады. Қараағаш ауылының құрметті азаматтары механизация және балабақша саласында абыройлы қызмет атқарған. «Курортқа барыңыздар деген соң келіп қалдық», – дейді көп балалы ана Шәмшия апамыз күлімдеп.
Петропавлдағы Бескөл ауылының тұрғыны Әскербек Смағұлов ақсақал кезінде колхоз басқармасының төрағасы, Тимирязов ауданық атқару комитетінің төрағасы, Возвышен аупорткомының 2-ші хатшысы қызметін атқарған екен. «Қолда бардың қадірін білген жақсы,–дейді ол. Ертеректе біраз жердің дәмін таттық. «Щучинскийдің» деңгейі олқы түсіп тұрған жоқ. Әлемдік стандарттарға бейімделіп қалыпты. Бәрінен Бурабайдың көркемдігін, осындағы қызметшілердің жан дүниемізге жақын табиғи пейілін айтсаңызшы. Мен ем-домын алып жүрген Күлбану Асылбекова, Бақытжан Досмағамбетова, Раушан Жанболатова, Айнагүл Әбілғазина сияқты медбикелердің қолы жеңіл. Шипажай директоры Геннадий Валерьевич Нидің осындағы үлкен істің ұйытқысы екендігі көрініп тұр.
Демалушылар қатарында жастар да көп. Ақтөбелік медбикелер Жанат Шалабаева мен Нәзипа Наушина пандемия кезіндегі еңбектері үшін тегін жолдамамен марапатталыпты. Қарағандылық Ырысгүл және елордалық Қарлығаш есімді дәрігерлер де осындай құрметке ие болған. Абай қаласындағы электр қуатымен қамтамасыз ету стансасының ауысым басшысы Аслан мен оның лаборант келіншегі Ксения Сайтбағиндер энергетиктер ретінде, санаториядағы баламалы қуат көздеріне, үнемдегіш құралдардың көптігіне көңіл аударып, есіктердің чиппен ашылатындығын «ақылды жүйеге» жатқызып отыр.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар