830 адам  есепте тұр

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығының бас дәрігері Құрманбек Бұрмағановтың қатысуымен адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясы бойынша өңіріміздегі эпидемиологиялық ахуал тақырыбында брифинг өтті.

Жыл сайын 1 желтоқсанда әлем бойынша ЖИТС-ке қарсы күрес күні атап өтіледі. Биылғы жылы дүниежүзінің назары COVID-19 пандемиясында болып отырғаннан кейін, бізде де ЖИТС-ке қарсы күреске бағытталған іс-шаралардың көбі онлайн форматқа ауыстырылған. Ақмола облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығының бас дәрігері Құрманбек Бұрмағанов брифингте сөйлеген сөзінде кез-келген аурудың алдын алуда тұрғындардың өз денсаулықтарына деген жауапкершілігі мен сақтық шаралары маңызды екенін айтты. Сонымен қатар, ЖИТС-ке қарсы күрестің халықаралық жүйесіне келесідей өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе деген тілегін жеткізді. Ең алдымен, денсаулық сақтау саласына құйылатын инвестиция мөлшерін ұлғайту қажет. Соңғы он жылда ЖИТС-ке қарсы күрес шараларына бөлінген қаражат түгелдей денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға мүмкіндік берген. Десек те, денсаулық сақтау жүйесі өз тиімділігін көрсетіп, медицина қызметкерлері лайықты қорғалуы үшін әлі талай іс тындырылуы керек, өмірлік маңызы бар медициналық қызметтер мен тауарлар қолжетімді болуы тиіс дейді бас дәрігер Құрманбек Бұрмағанов.

Одан әрі сөз алған Ақмола облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығының бөлім меңгерушісі Зоя Хванның айтуынша,Ақмола облысындағы   АИВ инфекциясы бойынша эпидахуал тұрақты. 2020 жылдың тоғыз айында АИВ инфекциясының 90 дерегі тіркелген. Былтырғы жылдың есептік мерзімінде 117 жағдай анықталған екен. Жалпы, иммун тапшылығы вирусына шалдыққан науқастардың саны азайғанын байқауға болады.

Облыс бойынша АИВ деректері ең көп тіркелген өңірлерлердің қатарында Көкшетау, Степногорск қалалары, одан кейін Бурабай, Атбасар, Целиноград аудандары тұр.Себептерін зерделей келгенде, инфекцияның көбіне жыныстық жолмен және есірткіні инъекциялық жолмен егу арқылы таралғаны анықталған. Науқастардың басым көпшілігі жұмыссыздар. Соңғы жылдары осы аурудың 20-29 жас аралығындағы жастар арасында жиі тіркелетіні алаңдатады дейді орталық мамандары.

Жалпы, бүгінде  облыс бойынша иммун тапшылығы вирусына шалдыққан 830 адам ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығында диспансерлік есепте тұр.Ондай науқастарға тегін терапия жасалып, вирусқа қарсы препараттар беріледі. Иммунитеттерін көтеруге бағытталған осындай шаралардың арқасында ЖИТС-пен есепте тұрғандардың бірде-бірінде коронавирус дерегі тіркелмеген.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,«Арқа ажарының» өз тілшісі. Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар