Коронавирустің жолаушылар тасымалына да кесірі тиді

Карантиндік шектеулерге байланысты Ақмола облысы аумағында қалааралық және облысішілік автобус және пойыз бағыттары қысқартылып, санитарлық талаптар күшейтілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Александр Рублевский, “Көкшетау” теміржол вокзалының басшысы Роза Арыстанқызы және  “Жолаушылар тасымалы қауымдастығы” жеке тұлғалар бірлестігінің төрағасы Рүстем Қалышевтың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Александр Рублевский атап өткендей, қазіргі кезде автобус арқылы қалааралық және облысішілік жолаушылар тасымалы 10 бағытта жүзеге асырылады. Яғни, Көкшетау –  Державинск, Көкшетау –  Ұлан, Көкшетау – Есіл (2 бағыт), Көкшетау – Атбасар, Көкшетау – Степногорск, Көкшетау – Щучинск – Макинск, Көкшетау – Капитоновка, Көкшетау – Тастыөзек, Көкшетау – Еңбек, Көкшетау  – Астраханка бағыттарында әлеуметтік қашықты сақтай отырып, жолаушылардың санына назар аударылады.

– Жолаушылар автобусқа отыратын кезде бірінші кезекте маска болуы тексеріледі. Жүргізуші мен жолаушылар қолдарын жуу үшін санитайзерлер орнатылған. Рейске шығар алдында және аяқталған кезде көліктің іші дизенфекцияланады. Қазіргі кезде, облыс ішінде жолаушылар ағыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама азайған. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, былтырғы жылдың осы кезеңінде Көкшетау автовокзалынан тәулігіне 500 адам жолға шықса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 50 адамды немесе 10 пайызды құрап отыр, – деді Александр Рублевский.

Сонымен бірге, ол биылғы жылғы қарашаның 5-нен бастап, Көкшетау – Алматы, Көкшетау – Ақтау бағытындағы әуе рейстері тоқтатылғанын атап өтті.

Ал, «Көкшетау» теміржол вокзалының басшысы Роза Арыстанқызы мәлім еткендей, осыған дейін күнәрә қатынап келген Көкшетау – Қызылорда пойызы қарашаның 9-нан бастап екі күнде бір жүруде. Сатылып жатқан жол жүру билеттерінің 75 пайызын жолаушылар интернет арқылы сатып алған.

Брифинг барысында “Жолаушылар тасымалы қауымдастығы” жеке тұлғалар бірлестігінің төрағасы Рүстем Қалышев пандемияның салдарынан облыс орталығында қалаішілік жолаушылар тасымалымен айналысып келген «Тұлпар» автобус паркі банкротқа ұшырағанын айтты. Оның есесіне «Көкшетау» автобус паркі қазіргі заманға сай жабдықталған жаңа тағы елу автобус сатып алған. Бұл автобустар желтоқсанның 1-нен бастап қызмет көрсете бастайды.

Аслан ОСПАНОВ,

“Арқа ажарының” өз тілшісі.

Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар