Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов: «Өндіріс дамып, тұрғын үй құрылысы қарқын алуда»

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов аумақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде есеп берді. Өңір дамуының оң серпіні сақталуда. Оған мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың арқасында қол жеткізіліп отыр.

– Степногорск қаласы Ақмола облысының индустриалдық орталығы десек артық емес. Мұндағы кәсіпорындар облыстағы өндіріс орындарының бестен бір бөлігін құрайды. Біздің 72 кәсіпорын Қазақстан бойынша маңызды болып табылады, – деп сөзін бастаған қала әкімі Еркебұлан Баяхметов жыл басынан өндіріс көлемі 19,5 пайызды құрап, 163,7 миллиард теңгенің тауары өндірілгендігіне тоқталды. Өнеркәсіп өндірісінің индексі 99,2 пайызды құраған.

Ірі және орта кәсіпорындар бойынша тоқталсақ, тау-кен өндірісі бойынша «Қазақалтын» акционерлік қоғамы 368 келі катодты алтын,
флотоконцентраттың 32,1 мың тоннасын өндіріп, өсім 41 пайызды құрады. Сол сияқты «СГХК» серіктестігі 1227 тонна уран, «Қазақалтын
Technology» ЖШС 2,1 тонна алтыны бар Доре қорытпасын өндіріпті. «Степногорск ЕПК» акционарлік қоғамында. 17,3 мың тонна подшипник
өндірілген, яғни, көрсеткіш төмендеп, 74,4 пайызды құрап отыр. Мұның себебін шаһар басшысы қазір нарықта Ресейге теміржол тасымалының
азайғандығымен түсіндірді. «Астана-Ойл» мұнай үйі» серіктестігі 31 мың тонна қысқы дизель отынын өндіріп, жоспарды 202,8 пайызға
орындаған. Бұған қоса, қаланың өндіріс орындары өсімдіктерді қорғау құралдарының 1731,5 тоннасын, күкірт қышқылының 133,3 мың тоннасын, мыс концентратының 14,1мың тоннасын, спирттің 1346,2 мың литрін өндіріпті. 2020 жылдың қаңтар-қазан айларында қала экономикасына 44,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көрсеткіші 220 пайызды құрады.
Қаладағы жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру және кәсіпкерлерді қолдау карталарының жобалары өнеркәсіп өндірісінің көлемін ұлғайтудың
негізгі тірегі болыпты. Жыл басынан бері аталған Картаның жобасы негізінде 77,3 миллиард теңгенің тауары өндіріліпті. Бұл жерде де айтарлықтай өсім байқалады.

Осы қараша айында «Биотрон Групп» серіктестігінің «БиоАзоФосфит» кешенді биотыңайтқышын өндіру бойынша инвестициялық жобасы
аяқталады. Бұл жоба топырақтың құнарлылығын арттыруға бағытталып, оған Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік грант тағайындаған болатын. Онымен қоса, бұл жобаны іске қосуға қала бюджеті мен «Даму» қорынан да қаржыландыру жүзеге асырылды. Тыңайтқыштардың
тәжірибелі партиялары облыстың шаруашылықтарында пайдаланылып, тексеріліп, өзінің жемісін берді.
Степногорск қаласының түрлі салалары бойынша 3254 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді екен. Жыл басынан бері оларда 235 жаңа жұмыс орны ашылған. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2,3 миллиард теңгені құрайтын 23 жоба бойынша несие субсидияланады, оның ішінде ағымдағы жылғы 568,6 миллион теңгенің 13 жаңа жобасы бар. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 3 жоба қаржыландырылды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 131,8 миллион теңге сомасына жеңілдікпен 24 несие берілді. Сонымен бірге, коммуналдық меншіктегі жайларды жалға алып отырған 44 бизнес субъектісі аренда төлеуден ағымдағы жылдың соңына дейін босатылған.

Бөлшек сауда тауар айналымы 16,8 миллиард теңгені құраған екен, мұндай төмен көрсеткіштің орын алуына еліміздегі карантин шектеулері әсер еткені анық. Әлеуметтік-маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында қалада апта сайын жәрмеңкелер өткізіліп тұрады. Онда Степногорск қаласының аумағындағы, Нұр-Сұлтан қаласының және жақын аудандардың тауар өндірушілерінің өнімдері сатуға қойылады. Жыл басынан мұндай шараларда 163,2 миллион теңгенің тауары іске асырылған. Есепті кезеңде бюджеттің барлық деңгейіне 19,7 миллиард теңгені құрайтын салықтар мен төлемдер түсті. Республикалық және облыстық бюджеттерден берілетін трансферттерді есепке алғанда, 8,6 миллиард теңге игеріліп, бұл көрсеткіш 99,4 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы саласына келер болсақ, жалпы өнім өндіруі 4,9 миллиард теңгені құрады, оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 3,4 миллиард теңге, мал шаруашылығы – 1,5 миллиард теңге. Жалпы өнімнің индексі 102,7 пайызға жетті. 2020 жылдың 24 тамызында Қарабұлақ ауылында 50 бас ірі қара малы бар тауарлы-сүт фермасы, 226 бас қара малы бар 3 ет фермасы пайдалануға берілді.

Қала басшысы тұрғын үйлерді пайдалануға беру мәселесіне ерекше назар аудара келе, биыл қала тұрғындарына 6,4 мың шаршы метр аумақты
құрайтын пәтерлердің тапсырылғандығын атап өтті. Жалпы, соңғы отыз жыл ішінде қалада алғаш рет көптеп пәтер тапсырылғаны халықты да
қуантқаны сөзсіз.

Бүгінде тұрғын үй құрылысына 646 миллион теңге инвестиция құйылыпты. Қалада тұрғын үй мәселесін шешу бойынша маңызды бағдарламалардың бірі – «Нұрлы жер» де тиісті деңгейде іске асырылуда. Пайдалануға берілген алғашқы 45 пәтердің 30-ы көп балалы отбасы ретінде кезекте тұрғандарға берілсе, қалған 15-і халықтың әлеуметтік осал топтарына үлестірілген. Сондай-ақ, екінші 45 пәтерлі үйдің құрылысы да аяқталуға жақын қалды. Ол жыл соңына дейін өз үйін армандап жүрген азаматтардың баспанасы болады. Қалада тағы да 45 пәтерлі 4 үйдің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Сондай-ақ, Степногорск қаласының Шаңтөбе кентінде сумен жабдықтау жүйесін қайта құру бойынша жобалық-сметалық
құжаттамалар дайындалуда. Бұл орайда, қала әкімі шаһардың ішіндегі және оның әкімшілік құрылымына кіретін аумақтардағы абаттандыру,
жылу желілерін жаңарту, аулаларды көркейту, көше жолдарын жөндеу секілді мәселелерге тоқталып, ондағы көкейкесті жағдайларға да назар
аударды.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласына келер болсақ, биыл 1549 жаңа жұмыс орны ашылса, оның ішінде тұрақты жұмыс орындары 918
бірлікті құрап, 1733 адам жұмысқа орналастырылды, тіркелген жұмыссыздық деңгейі – 0,8 пайызды көрсеткен.

Қаладағы орташа айлық жалақы 185 283 теңгені құрайды дейді қала басшысы. 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша әлеуметтік көмектің әртүрлі түрлерімен 9929 адам қамтылыпты.

Коронавирусқа қарсы орталық қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде 30 төсек-орын әзірленген. Бүгінде онда тағы да қосымша 30 төсек-орындық провизорлы бөлімше жұмыс істеп тұр.Қазіргі уақытта қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен, жұқпалы аурулар бөлімшесінде 23 адам коронавирус жұқпасы бойынша ем қабылдауда. Індет басталғалы онда лабораториялық жолмен 460 оқиға тіркеліпті. Сондай-ақ, бүгінгі таңда қала мен оның қарамағына кіретін елді мекендер бойынша 11 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр.

Төтенше жағдай мен карантин режимінде орталық қалалық ауруханаға денсаулық сақтау басқармасы 5 өкпені жасанды желдету аппаратын, қорғаныс және зарарсыздандыру құралдарын берді. Демеушілік көмек есебінен ауруханаға өкпені жасанды желдету аппараты, оттегі концентраттары, қорғау құралдары, сондай-ақ, емханаға қорғау құралдары берілді. Бұл орайда, қала басшысы аймақтағы ірі кәсіпорындардың демеушілігі мен қолдауына ризашылығын білдірді. Степногорск қаласының аумағындағы 17 мектептің 6250 оқушысы бүгінде пандемияға орай қашықтықтан білім алып жатыр. Қала аумағындағы 5 елді мекеннің мектептері штаттық режимде оқытуда. Жалпы, брифинг барысында Степногорск қаласының әкімі журналистер
тарапынан қойылған сауалдарға әзірленіп келгені көрініп-ақ тұрды. Кезкелген мәселе бойынша жан-жақты жауап беріп, аймақтың көкейкесті,
өзекті мәселелерін де бүкпесіз айтты.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар