Коронавирус: Сайлау науқанында қандай сақтық шаралары қабылданады

ҚазАқпарат – Еліміздің жоғары заң шығарушы органының төменгі палатасы – Мәжіліс пен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау жақындай түсуде. Осыған орай жұртшылықты саяси науқан кезеңінде әлемді әбігерге салып отырған коронавирустан сақтану шаралары алаңдатып отырғаны белгілі. Иә, індеттің беті қайтар емес. Алыс-берісіміз жақын көрші Ресейдің өзінде бір күнде 20 мыңнан астам адамнан вирус анықталып отыр. Елімізде де тәулік ішінде 588 адамның коронавирусқа шалдыққаны белгілі. Міне, осындай жағдайда қалаған кандидатына дауыс беруге ниетті сайлаушының көңілінде күдік ұялайтындығы анық.

Бірақ, қауіп бар болса да, алаңдауға негіз жоқ. Өйткені, сайлаудың ұйымдастырылуына, өз деңгейінде өтуіне жауапты еліміздің Орталық сайлау комиссиясы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңінде COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі ұсынымдар» әзірлеп отыр.

«Сайлау процесіне қатысушылардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – сайлау науқанының ең маңызды аспектілерінің бірі», – деген еді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев.

Айта кетерлігі, еліміздің басты саяси науқанына «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Бірлік» («Адал») саяси партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (Қазақстанның халық партиясы) және «Nur Otan» партиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарын сайлауға қатысатыны белгілі.

Дәл осы саяси ұйымдар өздері өткізетін түрлі шаралар кезінде коронавирустың таралуына жол бермеудің нақты әрекетін жасауға міндетті. Мұны ҚР ОСК төрағасы да айтып отыр.

«Осыған байланысты саяси партиялар өкілдерінің назар аударуын сұраймын. Депутаттыққа кандидаттар ұсыну жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу кезеңінде жауапкершілік шараларын ұйымдастырушыларға жүктеледі. Сондай-ақ аумақтық сайлау комиссияларының партиялық тізімді тіркеуді жүргізу кезінде барлық қажетті денсаулық сақтау шараларының қамтамасыз етілуі қажет екендігіне назар аудартамын», – деді Берік Имашев.

Жоғарыда ҚР ОСК мен Денсаулық сақтау министрлігі сайлау науқаны кезінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі ұсынымдар әзірлегенін айтқан едік. Енді соған тоқталсақ.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың айтуынша, сайлау процесінің депутаттыққа кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңінде маска режимін міндетті түрде сақтап, бір реттік қолғап киген жөн. Сонымен қатар қолды залалсыздандыру мақсатында антисептикті жиі қолданып, адамдар арасында әлеуметтік арақашықтық сақтау да маңызды.

Мұнан бөлек, қол алысып амандасудан, тікелей қарым-қатынастың өзге де формаларынан мүмкіндігінше арыла тұрған дұрыс. «ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну кезеңінде съездер, конференциялар және отырыстар өткізу барысында байланыссыз термометр құралдарының көмегімен қатысушылардың дене қызуын өлшеу, съездер, конференциялар мен отырыстар өткізудің бүкіл кезеңі ішінде шараға қатысушылардың барлығының маска режимін сақтауы ұсынылады. Шараға қатысушыларды залға отырғызған кезде әлеуметтік ара қашықтың сақталуын қамтамасыз ету қажет. Тиісті құжаттарды толтыру және қол қою барысында жеке қаламсап пайдалану керек. Ғимараттың техникалық мүмкіндігі болған жағдайға орын-жайға кіру және шығу есіктері жеке-жеке болуы тиіс», – деді Бас мемлекеттік санитар дәрігер.

Оның атап өтуінше, жоғарыда аталған жиындар өтетін орын-жайда жасанды вентиляция жүйесі болмаған кезде бөлме ауасын тұрақты түрде желдетіп отыруға кеңес беріледі. Сонымен қатар ғимаратқа кіреберісте және ішінде ара қашықтық белгілері орнатылып, бүкіл орын-жай залалсыздандыратын жуу құралдарымен үнемі тазартылып отыруы тиіс.

Сондай-ақ орын-жайға кіре берісте коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары туралы ақпараттық материалдар орналстырылып, залға кіре беріс холда қолды тазартуға арналған антисептик бар санитайзерлер орнатылуы қажет.

Қатысушылардың әлеуметтік ара қашықтық сақтауын бақылап жүретін жауапты адамды белгілеу де артық етпейді. Шараның барлық қатысушыларына ПТР тестілеу әдісімен коронавирус инфекциясына арналған зертханалық тексеруден алдын ала өтуге кеңес беріледі. Бұл ретте тест шараның басталуына 72 сағат уақыт қалғаннан кейін ғана тапсырылғаны дұрыс. Ал зертханалық тексерудің оң нәтижесі бар азаматтарды ғимаратқа кіргізбеген жөн.

Депутаттыққа кандидаттарды ұсыну шараларын ұйымдастыру және өткізу кезеңінде азаматтардың денсаулығын қорғау мен олардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігі жиынды өткізушілерге жүктеледі.

«Сайлау комиссияларына жұмыстарын ұйымдастыру барысында мынадай санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтау ұсынылады. Ең алдымен сайлау комиссиялары жұмысының бүкіл кезеңінде комиссияның барлық мүшелерін қолды антисептикалық құралдармен залалсыздандыруды қамтамасыз етуі тиіс. Сайлау комисиялары ғимараттарына кіреберісте санитайзерлер болуы және тұрақты түрде тазалау жұмыстары жүргізілуі керек. Жиһаздар мен техникалық құрал-жабдықтар бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр ара қашықтықта орналастыруы тиіс. Сайлау құжаттарымен жұмыс істеу барысында қауіпсіздік шаралары сақталуы қажет. Сайлау құжаттарын толтыру және оларға қол қою барысында жеке қаламсап пайдалану ұсынылады», – деді ҚР Денсаулық сақтау-вице-министрі.

Жалпы, Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы ұсынған деректерге сәйкес, Мәжіліс сайлауында сайлаушылар тізіміне кіргізілген азаматтардың саны 11 820 318 адамды құрайды. 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, бас бостандығынан айыру орындарында отырмайтын республиканың белсенді сайлау құқығы бар сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлауға орай еліміздің 14 облысында және республикалық маңызы бар Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында 10 мыңнан астам, сонымен қатар әлемнің 51 мемлекетінде 66 сайлау учаскесі ашылады.

Аталған 10 мыңнан астам учаскенің ішінде демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерінде, шалғайдағы және қатынасуы қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын жерлерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерінде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасына тиесілі және сайлау күні жүзуде жүрген кемелерде, әскери бөлімдерде құрылған 558 учаске де бар. Ал шетелде ашылатын сайлау учаскесінде сол мемлекетте тұратын немесе ұзақмерзімді шетелдік іссапарда жүрген және республика азаматының жарамды паспорты бар барлық азаматтар дауыс бере алады.

Айта кетейік, ҚР Орталық сайлау комиссиясының кезекті сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралар күнтізбелік жоспарларына сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын ұсыну 2020 жылғы 10 қарашада басталып, 2020 жылғы 30 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 18-де, мәслихат депутаттарын ұсыну 2020 жылғы 10 қарашада басталып, 2020 жылғы 4 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18-де аяқталады.

Партиялық тізімдерді тіркеу 2020 жылғы 10 қарашада басталып, 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-де бітеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар