Нұр-Сұлтан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға үлес қосуда

– Аудан бойынша 18 миллиард 764 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 182 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.

– Биылғы жылы ауданның көліктік инфрақұрылымын дамыту үшін 9,6 миллиард теңге бөлінді.

– Аз қамтылған 187 отбасына 61,2 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.

– Ауыл шаруашылығы саласында 50 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.

Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізіп, өңірдің 2020 жылдың он айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттері жайында сөз қозғады.

 Аслан ОСПАНОВ,

«Арқа ажары»

Брифингте аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған міндеттерге тоқталды. Ағымдағы жылдың он айының қорытындысы бойынша аудан экономикасын дамыту үшін 74 миллиард теңге инвестиция тартылды. Осының нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 31,5 миллиард теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімдерінің нақты көлем индексі 114 пайызды құрады. Тау-кен өнеркәсібінде көрсеткіш 991 миллион теңгені құрады. Қайта өңдеу өнеркәсібінде 26 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.

Аудан экономикасының негізгі бағыттарының бірі шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Биылғы жылғы пандемия оларға да әсер етпей қоймады. Дегенмен, мемлекеттік қолдаудың арқасында ауданда тауар айналымы мен жұмыс орындары тиісті деңгейде сақталды.

– Бүгінгі таңда ауданда 3530 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Он айдағы тауар айналымы 2,5 миллиард теңгені құрады, – деді аудан әкімі.

Ауданда кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 20 жоба жүзеге асырылып, 220 жаңа жұмыс орындары ашылды. Олардың қатарында «KB-ENTERPRISES» серіктестігі – қуаты 100 мегаватт күн энергиясы станциясының құрылысы, «Сапа Су» серіктестігі – темірбетон құбырларының өндірісін кеңейту және жаңғырту, «Агропарк» серіктестігі – 5000 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы бар.

Биылғы жылғы ауа райының күрделі жағдайына қарамастан, аудан диқандары  мол астық жинады. Ауыл шаруашылығы саласында 50 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Нұр-Сұлтан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамыту шеңберінде де аудан бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, аудан әкімі брифингте елорданың маңындағы елді-мекендерді дамыту, инженерлік инфрақұрылымдарды салу және тұрғын – үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыру, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ауданда автокөлік жолдарының ұзындығы 1554 шақырым болса, оның 100 шақырымнан астамы республикалық маңыздағы жолдар. Биылғы жылы ауданның көліктік инфрақұрылымын дамыту үшін 9,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға Талапкер,  Қосшы, Нұресіл және Қоянды ауылдарында ауылішілік көше жолдарына күрделі жөндеу жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, Садовое ауылында 2,6 шақырым жол жөнделді. Бұдан бөлек, Қараөткел, Талапкер, Қосшы, Қажымұқан, Жана Жайнақ, Раздольное, Ынтымақ, Шұбар ауылдарында жалпы ұзындығы 175,4 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар «Жұмыспен қамтудың  жол картасы» бағдарламасы шеңберінде де жүзеге асырылуда.

Елорданың іргесінде орналасқан аудан болғандықтан, өңірде құрылыс жұмыстарының көрсеткіштері де жоғары. Жылдың он айының қорытындысы бойынша 18 миллиард 764 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 182 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 225 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланған. Осы ретте, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақмол және Қосшы ауылдарында 45 пәтерлі үш тұрғын салынуда. Бұдан бөлек, Қосшы ауылында 45 пәтерлі, Ақмол ауылында 75 пәтерлі  тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.  Ал, Ақмол ауылында 26 көппәтерлі тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттарына түзетулер енгізілуде.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша аудан орталығында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс басталып, келер жылы аяқтау жоспарланған.

«Сарыарқа» магистралды газ құбыры жобасы бойынша «Қызылорда-Қарағанды-Астана» магистралды газ құбырына жақын орналасқан Талапкер, Қоянды және Шұбары ауылдарына газ құбыры мен тарату желісінің құрылысы үшін келісімшарт жасалды.

Бұдан бөлек, Ақмол, Ы.Алтынсарин, Қаражар, Қараөткел, қосшы, Қызылсуат, Тайтөбе, Талапкер ауылдарына дейін газ тарту желінің құрылысын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 40 миллион теңге қаржы бөлініп, газ тарту желісінің жоспары жасалды және елді мекендерде жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Аудан әкімі атап өткеніндей, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған әлеуметтік саланың дамуына да жете көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жұмыспен қамту бағытында біраз іс тындырылған.

– Аз қамтылған 187 отбасына 61,2 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1798 адам жұмысқа орналастырылды, – деді аудан әкімі.

Брифингте Бақытбек Оспанбеков пандемия кезінде ауданда коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуын болдырмау бағытында бірқатар күшейтілген шаралар қолға алынғанын атап өтті. Аудан аумағында тұрғындар арасында коронавирус инфекциясына қатысты санитарлық-эпидемиологиялық жағдай күрделі болып қалуда. Пандемия басталғаннан бері, аудан бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырудың 377 жағдайы тіркеліп, 6 науқас көз жұмған. Ауданда 11 медициналық бригида жұмыс істейді.  Пандемия кезінде 3 мыңнан астам нысанға дизенфекциялау шаралары жүргізілді. Аудандық медициналық ұйымдар коронавирустық инфекцияны бақылау және алдын алу шараларын өткізуде. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтіліп отыр.

– Мемлекет басшысының және Үкіметтің тапсырмаларын орындауда қол жеткізген табыстар – жергілікті атқарушы органдар мен аудан тұрғындарының келісілген жұмысының нәтижесі болып табылады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша барлық міндеттердің орындалатынына толық негіз бар, – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Брифингте әкім журналистердің өңірдің басқа да әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары жөнінде қойған сауалдарына жауап берді.

Аслан ОСПАНОВ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар