Халықтық коммунистер бастамасы

Көкшетаудағы кәсіподақтар үйінде «Әлеуметтік қолдаудың ашықтығы мен толыққанды сипатын қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында «Дөңгелек үстел» мәжілісі өткізілді. Партия белсенділері ұйымдастырған басқосуға жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру саласының, жұмыспен қамту орталығының, үкіметтік емес ұйымдардың, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Дөңгелек үстелде» әлеуметтік қолдау шараларына қатысты көп әңгіме айтылды. Әйткенмен, халықтық коммунистердің Қазақстанның әлеуметтік картасын жасау туралы ұсынысы шара белсенділігін арттырып, талқылау барысын жандандырғанын айтуымыз ләзім.
Облыстық комитет хатшысы Олжас Сыздықов атап көрсеткендей, бұл әлеуметтік қорғау органдарының елімізде қалыптасқан жағдайлар туралы нақты ақпарат алуына септеседі. Өйткені, мемлекеттік органдар азаматтардың әлеуметтік әлжуаз топтарына байланысты статистикалық деңгейдегі құрғақ есептерді басшылыққа алатыны жасырын емес. Мұнда тиісті көмекке мұқтаж жандардың нақты санын анықтап, есепке алуда жаңсақтыққа ұрынуда. Осының салдарынан отандастарымыздың қаншасы адресті әлеуметтік көмекпен қамтылғаны туралы шынайы ақпаратқа қол жеткізу неғайбыл.
«Дөңгелек үстелде» сөз алған «Ақмола облыстық іскер әйелдер Альянсы» бірлестігінің төрайымы Дәмелі Қойшина, «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Шиманский, «Өмір» отбасылық тәрбие орталығының төрайымы Юлия Сәрсекеева, облыстық азаматтық альянсының төрайымы Ирина Терентьева, Степногорск қаласындағы «Балапан» қоғамдық ұйымының төрағасы Евгений Овчинников, Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық бөлімінің бас маманы Жанар Рахметова және басқалары әлеуметтік Карта жасау туралы ойларын ортаға салды. Олардың ортақ пікірі бойынша, шенеуніктер өтінішпен келгендермен ғана жұмыс істейді, көптеген азаматтарға тиісті ақпарат жетпейді және олардың біршамасы тиісті құжатқа ие болудағы қиындықтар салдарынан әлеуметтік органдарға хабарласпайды. Бұлардың арасында кедейлік шегінен төмен деңгейдегі азаматтар да бар.
– Сондықтан, әлеуметтік Карта жасалуы керек. Бұл үшін мемлекеттік органдар қоғамдық бірлестіктермен, саяси партиялармен, азаматтардың аталған топтарымен жұмыс істейтін басқа да мүдделі ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуі керек. Сонда ғана біз нақты жағдайларға қанығатын боламыз. Осынау игі іс арқылы әлеуметтік аз қамтылған жандар материалдық және ағартушылық қызметке қол жеткізіп, әлеуметтік кәсіпкерлік дамитыны анық. Пандемия кезінде бұл шараның маңыздылығы арта түседі.
Мәжілісте талқыланған мәселе бойынша мемлекеттік органдар мен Республика Парламентінің қарауына ұсыныстар жіберу туралы шешім қабылданды.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар