Адам атын биіктеткен

Күні кеше ғана қимастықпен ақтық сапарына шығарып салып, сенер-сенбесімізді білмей, көңіліміз құлазып жүргенде, аяулы әріптесіміз, Ақмола облыстық «Акмолинская правда» газетінің бас редакторы Серік Зәйкешұлы Смағұловтың қазасына да қырық күннің жүзі болып қалыпты. Адам баласына ырық бермеген сұм ажал мен желдей ескен уақытқа тоқтау бар ма?! Асыл азаматтың жарқын бейнесі әрі аңсатып, әрі өкінтіп, көз алдымыздан көлбей береді.

«Қазақ журналистикасы ауыр қазаға душар болды. 62 жасқа қараған шағында Серік әріптесіміз дүниеден озды. Бұл қаралы хабар баспасөз саласында жүрген бәріміздің де жүрегімізді ауыртып, қабырғамызды қайыстырып кетті.
Сенбедік, сенгіміз келмеді, күні кеше ғана арамызда жүрген асыл азаматты ажалға қимадық. Алайда, амал не, жаратылыс заңы осы. Кеше көкірегіміз қарс айырылып, қара жер қойнына мәңгіге беріп келдік.
Бүгін де міне, таңертеңнен аяулы әріптестің жарқын бейнесі көз алдымыздан кетпей, өзегімізді өкініш өртеп, осы бір ауыр ойлармен еңсеміз түсіп отырған жайы бар. «Бәрі жақсы» дегенді аңғартатын жылы жымиысымен қазір бөлмемізге кіріп келетіндей.
Өйткені, былтырдан бері Ақмола облыстық «Акмолинская правда» газетінің «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына кіруімен бұрыннан көңіл, ниетіміз бір біздердің де арамыз көп жақындай түсіп еді. Бір ғимаратта қатар еңбек етіп, қос газеттің кей мәселелерін бірге ақылдасып, көп уақытымыз осында, редакцияда өтіп, күніне сан жүздесіп, сан сөйлесіп тұратын кездер де енді сағынышқа айналатындай» деп жазыппыз сол бір қайғылы күндері.
Серік ең алдымен, өзімен кездесе, әңгімелесе қалған кез-келген адамды кішіпейілділігімен, жан-дүниесінің тазалығымен баурайтын үлкен азаматтық қасиетке ие еді. Қашан көрсең амандығы түзу, көңілі үлкен-кішіге бірдей жылылық шуағын төгіп тұратын.
Осы қалпымен, осы Алла берген мінезімен мемлекеттік қызметте, сондай-ақ, баспасөз саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етті. Ешқашан мен әкімдіктемін, газет басшылығындамын деп өзін жоғары ұстаған кездерін көрген жоқпыз. Көптің бірі болып, қарапайым ғұмыр кешкен азаматты елі де сыйлағанын, бағалай білгенін өзі жоқ екінші өмірі де жақсы аңғарта түсуде. Осы күндері «Серіктен қалай айырылып қалдыңдар?», «Қалай өмірден өтіп кетті?» деп сұраушылар да, тым тез болған қазасына сенбей, қамығып, қайғырушылар да аз емес.
Сондайда сен үшін де бір-ақ нәрсе айқын. Ол Серіктей жаны жайсаң әріптесіміз, қаламы қарымды журналист, екі тілге бірдей жүйрік аудармашының ендігі арада бізге жетпей тұратындығы. Керегінде оны талай іздейтініміз, ризашылықпен, сағынышпен еске алатынымыз, өмірден ойда-жоқта, тым ерте кеткеніне өкінетініміз – бәрі, бәрі келер күндердің еншісінде. Тіпті, алдағы күнді былай қойып, қазір де өзіміз отыратын екінші қабаттан орыс газетінің редакциясы орналасқан үшінші қабатқа көтерілсең, орны жетімсіреп тұратындығы, ұялы телефоныңдағы нөміріне дейін өзіндей, көзіндей, бір ауыр ойға жетелеп, қайта-қайта қимастық сезімі қинайтындығы анық.
Соңғы кезде бір жылдай бір ғимаратта қатар жүріп, сырт көзге көп сөзге жоқ, тұйықтау көрінгенімен, мәселе ортақ мүддеге, соның ішінде газет мүддесіне тірелгенде, бірбеткейлігін, әр нәрсеге өз көзқарасы барын да байқаушы едім. Мына әркім би болған заманда онсыз газетті газет ету қиын екенін түсінгендігі, бір күн болса да өз қызметімді ар алдында адал, таза атқарайын дегендігі шығар онысы да.
Ежелден тізгіні қазаққа аз тиген «Акмолинская правда» газетін екі-ақ жылдай басқарып, сол биігінде кете барды. Өн бойынан тектілігі, өнегелі ортадан шыққандығы «мен мұндалап» тұрушы еді. Асқан кішіпейілділігі өз алдына, қаншама журналист ағайындар арасынан мәдениеттілігі мен ірілігі де бәрімізге үлгі болып қала берді.
Әкесі Зәйкеш өз кезінде талай ауылдың білім, ілімін көтеріп, ұлағатты ұстаз атанған екен. Алғаш еңбек жолын сол әкесіне ұқсап, мұғалімдіктен бастап, баспасөз саласында үлкен биіктерге көтерілген Серік Смағұловтай арда азаматтың беймезгіл өмірден өтуі барша әріптестері үшін орны болмас ауыр қайғы.
Әдеттегідей тамыздың 28-і, жұма күні қос газеттің 30 тамыз – Конституция күніне арналған мерекелік санын шығардық. Бұл – Секеңнің жылдағы кезекті еңбек демалысы алдындағы соңғы жұмыс күні еді. Сағат алтылар шамасында бөлмемде отыр едім:
–Ал, амандық болсын. Мен енді дүйсенбіден бастап демалыстамын, – деп сол ақжарқын қалпы қоштасып кетті.
–Секе, жақсы дем ал, – деп қала бердік.
Бар көрген-білгеніміз осы. Осыдан кейін жұмысқа шыға алмады. Екі газет бірге қарайтын серіктестігіміздің басшысы Жабал ағамыз, редакция жүргізушісі Береке үшеуіміз көңілін білуге барғанда, әлсіреп қалған екен.
Одан кейінгісі белгілі. Өмірден өтті дегенге қимаймыз. Сол демалысынан әлі де келетін сияқты…
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар