Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы қашықтықтан «Биле, жастық!» аймақтық фестиваль-байқауын өткізді.
Аталған жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Байқауға Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 60-тан астам би ұжымы қатысты. Ақмола облысының 12 ауданы мен 2 қаласынан фестивальге қатысқан 38 хореографиялық ұжым лайықты өнер көрсетті. Жалпы, байқау халық биі, сонымен қатар заманауи билер – контемпорари, джаз-модерн, неофолк, афро-джаз номинациялары бойынша өткізілді.
Қазылар алқасы бейнематериалдарды іріктеп, нәтижесінде 20 би ансамблі мен жеке орындаушылар екінші кезеңге жолдама алды. Қатысушылардың өнері Instagram және Facebook әлеуметтік желілері парақшаларында жарияланды.
Байқау қорытындысы бойынша «Халықтық-стильдендірілген би» номинациясында Бурабай ауданының «Viva dance» үлгілі би ұжымы, «Халық биі» номинациясында Петропавл қаласының «Туған жер» би ансамблі, «Классикалық би» номинациясында Қостанай облысының «Танцевальная графика» халықтық эстрадалық би ансамблі, «Заманауи би» номинациясында Петропавл қаласының «Арабеск» үлгілі би ансамблі, «Көрермендер көзайымы» номинациясында – Қорғалжын ауданының «Қазына» халықтық би ансамблі жеңімпаз атанды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.