2011 жылдың желтоқсан айының 10-шы жұлдызында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні есебінде белгілеп, бұл күн мемлекеттік мерекелер санатына енгізілген болатын.
Көне тарихтың әлмисақтан бергі қағидаларына саяр болсақ, тіршілік жаралғаннан кейінгі бар оқиғалардың басында тұлғалар тұрған. Ал енді қазақ елінің ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігін және соған жету жолында бірнеше ғасырдың жүздеген жылдарының қасіреті мен зобалаңын, тар жол, тайғақ кешуін басынан өткерген халықтың тағдырын анықтап, тұтас бір елдің, тұтас бір халықтың сол тәуелсіздігін өзі жариялап, сол тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтерген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еді!
Біз күшті президенттік мемлекет құру таңдауын өте дұрыс жасағанымызды ел тәуелсіздігінің әр жылдарының әр кезеңдерінде айқын сезініп келе жатырмыз. Бұл еліміздің әлемдік дағдарыстардың ең бір ауыр да сындарлы кезеңдерінде тұрақты дамуын қамтамасыз етуге зор ықпалын тигізді, әлі де тигізіп келе жатыр. Қазақстандағы президенттік билік жүйесі 1990 жылғы 24 сәуірде енгізілді де, 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш рет президент сайлауы өткізілді. Сөйтіп, біз барша қазақстандықтар өз президентімізді өзіміз сайлап алу құқымызды тұңғыш рет жүзеге асырдық та, еліміздің демократиялық қағидаларға берік екендігін әлем алдында тағы да бір көрсетіп берген едік.
1 желтоқсан – тұңғыш президент сайлауында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барша қазақстандықтардың зор сеніміне ие болған күні. Тұтас ел мен халықтың сеніміне ие болу арқылы Елбасы өзіне жүктелген бар жауапкершілікті айқын сезіне отырып, өз елі мен халқының тағдырын анықтауда өзінің перзенттік те, президенттік те борышын адал атқара білді.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың құттықтауы
Құрметті ақмолалықтар!
Сіздерді шын жүректен мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын!
1 желтоқсан – Қазақстанның жаңа шежіресіндегі тарихи күн. Бұл мереке Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік қауымдастықтың лайықты бағасына ие болған тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуіне және дамып-нығаюына орасан зор үлесін айғақтай түседі.
Біздің еліміздің Тұңғыш Президенті егеменді Қазақстанның барлық жетістіктерінде өлшеусіз үлесі бар адам ретінде мәңгі тарихқа енді. Әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткер ретінде Елбасының бар еңбегі өзінің халқы мен Отанына қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады.
Еліміздің Тұңғыш Президентінің басшылығымен Қазақстан бейбітсүйгіш ел ретінде барша әлемге танылды. Этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастықтың тамаша моделін өмірге әкелген біздің елімізде қоғамдық келісім мен халықтың бірлігі ең басты құндылық пен игілік болып саналады.
Тәуелсіз республикамыз бүгінгі таңда Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастырып, өзінің мүмкіндігін кеңінен таныта түсуде. Ол өзінің ерекше даму жолы – қазақстандық жолды таңдап алған.
Құрметті жерлестер! Сіздердің баршаңызға зор денсаулық, ойға алған жоспарларыңыздың орындалуын, Отанымыздың игілігі жолындағы еңбектеріңіздің табысты болуын, туыстарыңыз бен жақындарыңыздың бейбітшілік пен береке-бірлікте өмір сүруін тілеймін!
Құрметті ақмолалықтар!
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні! Шын мәнінде, осы күннен бастап біздің тәуелсіз мемлекетіміздің тарихы басталды. Бұл тарихи таңдау мен келісімнің бірлігі күні, ол өзінің идеялық мазмұны бойынша Қазақстанның егеменді даму жолындағы барлық жетістіктерін көрсетеді.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүкіл өмірі өз халқына, өз Отанына қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылатын әлемдік ауқымдағы көрнекті саясаткер ретінде тарихқа мәңгілікке енді. Іс жүзінде басынан бастап, біздің көшбасшымыз бастаған Қазақстан халқы мемлекеттіліктің барлық белгілері бар елді құруға және оны сыртқы әлемге танытуға қол жеткізді.
Елбасының мол тәжірибесі, оның саяси даналығы, халықаралық беделі елімізге талай рет күрделі жаһандық сын-қатерлерді жеңуге көмектесті. Бүгінгі күні қауіп-қатерлерге қарамастан, біз өзіміздің құндылықтарымыз бен мұраттарымызға адал болуымыз керек. Сондықтан біздің мақсатымыз, Тұңғыш Президентіміз атап өткендей, өзгеріп жатқан әлемнің жаңа жағдайында өмір сүріп қана қоймай, бұрынғы жетістіктерімізді нығайта, өз мүмкіндіктерімізді кеңейте отырып, осы жаңа әлемге ықпал ету. Біз ежелгі және табиғаты көркем туған жерімізде бейбітшілік пен амандықты сақтауымыз керек. Бұл – өркендеудің маңызды шарты.
Біздің барлық бастамаларымыз нәтижелі, ал болашағымыз жарқын болсын! Мереке құтты болсын, қымбатты жерлес-тер!
Әсен Жақсылықов,
Ақмола облыстық мәслихаты хатшысының
міндетін атқарушы.