Көп мәселелер портал арқылы шешілуде

Ақмола облысында әлеуметтік қызметтер порталы арқылы «пилоттық режимде» қызмет алу жалғасып келеді. Бүгінде мүгедектігі бар 11 жан ымдау тілі бойынша және 9 адам портал арқылы әлеуметтік көмекшінің қызметіне қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, санаторлық-курорттық емдеу қызметін алуға 9 ақмолалық өтінім беріпті.

Ағымдағы жылдың қазан айынан бас-тап, жоғарыда аталған порталға пилоттық режимде 3 қызмет енгізілді. 1 қазаннан бастап облыс бойынша жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының және санаторлық-курорттық емдеудің қызметтері бойынша 15 өтінім қаралды. Қазіргі уақытта сол портал арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға оңалтудың 130 техникалық құралдары берілген.
– Мен ымдау тілі қызметін жүзеге асыратын маманмын. Пилоттық жоба шеңберінде ымдау тілі қызметін көрсету үшін әлеуметтік қызметтер порталына тіркелдім. Бұл порталда жұмыс істеу ыңғайлы, барлығы түсінікті етіп көрсетілген. Қызметті көрсетудің бүкіл процесін мамандар да, мүгедектер де қадағалай алады, –дейді ымдау тілі қызметін ұсынатын маман Ирина Гущина.
Әлеуметтік қызметтер порталы ағымдағы жылдың қаңтар айында іске қосылған болатын. Порталдың (aleumet.egov.kz) ең басты ерекшелігі, оңалтудың техникалық құралдарын және басқа пайдаланушылардың бейінін, рейтингін және пікірлерін ескере отырып, көрсетілетін қызметтерді өз бетінше таңдау мүмкіндігі берілген. Екінші артықшылығы – қызметке қысқа мерзімде қол жеткізу. Мәселен, салыстырмалы тұрғыдан алатын болсақ, бұрын күрделі рәсімдерге байланысты мемлекеттік сатып алу арқылы тапсырыс беру кезінде мүгедектігі бар адамдар оңалтудың техникалық құралын 6 айға дейін күтуге мәжбүр болған. Қазір портал арқылы тапсырыс бергеннен кейін 15 күнге дейінгі аралықта үйге жеткізіп беріледі. Жеткізу қызметтері мемлекет тарапынан төленеді.
–Портал іске қосылғалы жақсы болды. Онымен жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл және жылдам, енді мен тапсырыс берген өнімді өзім бақылай аламын. Тапсырыс бұрынғыға қарағанда тезірек келеді. Қазір жеткізу мерзімі екі аптаға дейін қысқартылды. Бұл мүгедек жандар үшін қуанышты жағдай. Ал, жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері бәрін өте қолжетімді етіп түсіндіріп берді. Порталда оңалтудың техникалық құралына өтінім беруге көмектесіп, мемлекеттен көмек алу өте ыңғайлы болды, – дейді 1-ші топ мүгедектігі бар Артем Ященко.
Бүгінгі күні порталдағы тізілімде 75 өтінім беруші бар, оның 73-і әлеуметтік қызмет көрсету бойынша және екеуі санаторлық-курорттық емдеу бойынша тіркелген. Қазір арнайы жеке іріктеуді талап етпейтін оңалтуға арналған техникалық құралдардың 55 түрінің 24-і портал арқылы ұсынылады, ал, 2021 жылдың қаңтарынан бастап жеке іріктеуді талап ететін техникалық құралдар қолжетімді болады.
Портал арқылы алынатын барлық қызметтер мен оңалту құралдары сапасы жағынан болсын және сатып алушылардың қалдырған пікірлері жағынан болсын, өзін жақсы көрсеткен тауарлар мен қызметтердің орташа құны бойынша арнайы комиссия айқындаған, мемлекет кепілдік берген сома шеңберінде тегін ұсынылады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар