Дина – ономастика байқауының жеңімпазы!

Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Ұлттық ономастика – ел айнасы» атты онлайн байқауда Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Дина Бейсембаева жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алды.

Аталған байқау жергілікті атқарушы органдарда қызмет істейтін тілдерді дамыту бөлімдерінің мамандары арасында өткізілді. Шараның басты мақсаты – тілдерді дамыту бөліміндегі мамандардың ономастика саласы бойынша атқаратын жұмыстарын, әсіресе, елді мекендерге, көшелерге атау беру және қайта атау, тарихи атауларын қайтару секілді жұмыстарын жетілдіріп, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыру және күшейту, тіл саясатының бір бөлігі ретінде ономастика саласын жүргізіп отырған қызметкерлерді моральдық және материалдық тұрғыдан қолдау.
Көкшетау және Степногорск қалалары мен 14 ауданнан қатысқан мамандар байқаудың алғашқы кезеңінің талаптары бойынша 2015-2020 жылдар аралығында ономастика саласында атқарған жұмыстарын, яғни, қалалар мен аудандағы көшелер мен елді мекендердің атауларын қазақшаландыру, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды жаңарту немесе бұрынғы тарихи атауларын іздестіру секілді жұмыстарының нәтижелері көрсетілген слайд немесе бейне көрініс ұйымдастыруы қажет болды. Бұл кезеңде барлық аудандар мен қалалар шама-шарқы жеткенше дайындалыпты. Екінші кезеңде қатысып отырған мамандарға Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» заңынан, ономастика саласын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерден, «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан» сұрақтар қойылды.
Қазылар алқасының шешімімен Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Дина Бейсембаева жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Ақкөлдік Әйгерім Түменбаева мен Целиноград ауданынан қатысқан Ақбота Амангелдиева жүлделі екінші орынды бағындырды. Үшінші орынды Ерейментау ауданының намысын қорғаған Аяулым Қанапиянова мен бурабайлық Динара Хамзина еншіледі. Сонымен бірге, Зеренді, Жарқайың, Біржан сал аудандарынан қатысқан мамандар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Облыстық кезеңнен жеңімпаз атанған үміткер республикалық кезеңде облыс намысын қорғайтын болды.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар