–Нұргүл Ескендірқызы, жалпы менің түсінігімде филармония деген ұжымның кәсіби шығармашылық әлеуеті басқаларға қарағанда әлдеқайда мығым һәм жүйелі болуға тиіс. Өйткені, онда өткен уақыттың тарихы, дәстүрі, тәжірибесі бар. Ол – нағыз музыкалық өнердің қайнаған ортасы. Осы орайда, Сіз басқарып отырған филармонияның соңғы кездегі тыныс-тіршілігінен қысқаша хабардар ете кетсеңіз?
–Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 74 жылдық тарихы бар. Облысымыздағы мәдениет, өнер саласындағы бірден-бір іргелі шығармашылық ұжым. Әр жыл сайын біздің филармония ұжымы концерттік жаңа маусымның ашылуына қызу дайындықпен келеміз. Ол біз үшін үлкен өнер мерекесі десе де болады. Өйткені, шығармашылық ұжымның алдағы бір жыл бойы болатын концерттік бағдарламаларының шымылдығы ашылады. Бұл біздің өнер адамдары үшін үлкен жауапкершілікпен бірге тың шабыттың басы болмақ. Жер жүзінде, елімізде қалыптасып отырған қазіргі ахуалға байланысты кедергілер де жоқ емес. Алайда, біз қасиетті өнердің бағын байлап қоймаймыз, керісінше, мынандай қиын шақта халыққа рухани күш-қуат сыйлауды өзіміздің абзал борышымыз деп ойлаймыз. Биылғы жылғы жаңа маусымның ашылуы да өз ерекшеліктерімен қызықтыруға тиіс.
–Ол қандай ерекшеліктер екеніне тоқтала кетсеңіз?
–Атап айтар болсам, жаңа маусымның ашылу салтанатында барлық шығармашылық топтардың қатысуымен Халықаралық музыка күніне арналған тамаша концерт ұйымдастырып отырмыз. Сондай-ақ, қазақтың біртуар композиторы Ш.Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған ән мерекесіне К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен филармония әншілері түгелдей қатысады. Бұл концерт те көкшелік көрермендерді тамсандырары сөзсіз. Сонымен бірге, П.И.Чайковскийдің шығармашылығы бойынша симфониялық оркестрдің классикалық концерті, эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің жаңаша форматтағы шығармалары да өнер сүйер көпшілікті тәнті етеді деп ойлаймыз.
–Біраз жылдан бері филармонияның мұрындық болуымен «Талбесігім-Көкшетау», «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» атты республикалық деңгейдегі өнер фестивальдары ұйымдастырылып келеді. Олар дәстүрге айналды. Осындай фестивальдардың жиі болып тұруы ортақ мәдениеттің, соның ішінде ұлттық өнердің кең құлаш жаюына мүмкіндік беретіндей көрінеді…
–Оныңыз рас, мұндай өнер фестивалдардың беретіні көп. Оған көзіміз жетіп отыр. Айталық, «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» ән фестивалі алғаш рет 2016 жылы ұйымдастырылды. Аталмыш фестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» базалық жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылады. Жыл сайын ұйымдастырылатын Өңіраралық фестивальдің арнайы ережесі мен сметасы бекітіледі. Сөз орайында фестивальдің мақсаты мен міндеттеріне тоқтала кетсем, ол қазақ ән өнерінің ордасына айналған қасиетті Арқа өңірінің дәстүрлі ән өнерін дәріптеу, рухани-адамгершілік пен мәдени мұраларды сақтау және қалпына келтіру, дәстүрлі бай музыкалық-ән өнерімізді насихаттау, жас ұрпақты соның рухында тәрбиелеу, шығармашылық байланыстарды дамыту болмақ. Сондай-ақ, ол біздің шығармашылық әлеуетімізді арттырып қана қоймай, шығармашылық бастамаларымызға тың серпін береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл фестиваль рухани жаңғырудың нағыз өзегі болып отыр.
Ең алғашқы фестивальді Арқаның сал-серілерінің ән өнеріне арнадық. Республикамыздың түкпір-түкпірінен дүлдүл әншілер шақырылды. Қайрат Байбосынов ағамыздың өзі келіп, ақ батасын берді. Көкше топырағында бұрын-соңды болмаған дәстүрлі ән өнерінің туы желбіреді десе де болады. Алғашқы фестивальдің сәтті, ойдағыдай өтуі бізді қанаттандырды. Тәжірибе жинақтадық. Сосын келесі жылғы, яғни, 2017 жылғы фестивалі Үкілі Ыбырай бабамыздың шығармашылығына байланыстырылды. Ол да дүркіреп өтті. Ән фестивалі өз ырғағын тапқандай көрінді. 2018 жылды Ақан сері бабамызға, 2019 жылды Біржан сал бабамызға арнадық. Аталмыш фестиваль өз жалғасын табуға тиіс деп ойлаймын.
–Қазіргі карантин жағдайында шығармашылық жұмыстарыңызды қалай ұйымдастырып отырсыздар?
–Елімізде енгізілген карантин жағдайына байланысты біршама іс-шараларды онлайн форматта ұйымдастыруды қолға алып, жұмыстар атқардық. Нақтылап айтар болсам, «Біз біргеміз!» девизі бойынша арнайы роликтер шығарылып, онда елімізге, облысымызға танымал әншілер-әртістер лебіздерімен, әндерімен бөліссе, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының 3 жылдығына арналған бейне роликтер көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ, қалалық мәдениет бөлімімен бірлескен жоба негізінде «Пой с звездой» бағдарламасы да талғамды көрермендерімізге жол тартып, көпшіліктің көңілінен шықты. Ауыз толтырып айтатын тағы бір жоба, ол – әнші, өнертанушы Сәрсенбай Хасеновтің «Ән аманат», «Өнер өлкесінде» атты авторлық бағдарламалары болды дер едім. Сол сияқты, танымал әншілеріміз де өздері орындап жүрген бір әннің тарихы негізінде арнайы ролик түсіріп, соны ұсынуда. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Қазақконцерт бірлестігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған «Жазғы әуендер» концерттік бағдарламасына филармониямыздың қазақ оркестрі «Сен бе, Көкше, сұлулықтың арқауы?!» атты концертпен табысты өнер көрсетті. Карантин кезінде де «Музыкалық кофехана» жобасы онлайн түрде өз жалғасын табуда. Абайдың 175 жылдығына, Ш.Қалдаяқовтың 95 жылдығына, Р.Елебаевтың 110 жылдығына арналған концерттік бағдарламалар да жаңа форматта өткізілді. Мұндай іс-шараларды санамалап айта берсек көп. Мақсатымыз – қандай жағдай болса да, өрелі, өрісті өнердің биігін аласартпау.
–Риясыз әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық ұжымға жаңа табыстар мен өрлеу тілейміз!
Әңгімелескен Ерболат Баят.