Балгерлік қабілет пе, бизнес пе?..

Өмірден әбден қағажу көрген адам алдымен балшы мен балгердің көмегіне жүгінсем деп ойлайды. Жолымды ашсам, бақыттың соны соқпағын табамын деп өзді өзін алдаусыратады. Біздіңше, адамның ойы өзгермейінше, оның өмірінде оң өзгерістер болмайтыны анық.

Пенде болғасын ба, кім білсін, кімде-кім бір жетістікке жетсе болғаны, «оның танысы бар, ақшасы көп» деп алдымен біреудің жетістігіне күмәнмен қарауға бейімбіз. Негізі шын ниет болса, барлығын жасауға болады. Ниет болмаса күмәнмен уақыт өткізе береді екенсің.
Жалпы құмалақ, карта, алақанға қарап бал ашу секілді амалдар діннің ісінен емес екендігін елдің бәрі түсіне бермейді. Ғайыпты болжаған адам қиямет күнінде айыпты болады дейді имамдар. Ойлап отырсақ, Хакім Абайдың «Моласындай бақсының жалғыз қалдым тап шыным» деген сөзінде де мән-мағына бар. Мұқағали Мақатаевтың өзінің «бал аштырған» деген өлеңінде:
Алжып кеткен атамның құмалағы,
Алдап мені ой-қырға қуалады.
Ақ батасы әйтсе де адал еді,
Соны ойлап жүрегім қуанады, –
дейтін өлең жолынан да балгердің болжағаны келе бермейтінін аңғаруға болады.
Көкшетау қаласындағы Орталық базарға барар жолда бал ашып отыратын апа-аталар мен қыз-келіншектер бар. Құмалағын шашып жіберіп, болашағыңды болжап бере аламын дейді. Ақ жаулық киген апаның ақ шүберекке түйген көз моншағы да анадайдан көздің жауын алады. Күн сайын солардың жанында отырған адамдарды аңғаруға болады. Балгерге жүгінгеннің арқалаған өз мұңы мен шері бары екендігі айтпаса да түсінікті. Мұңсыз балгерге бармайтыны анық.
«Адам тағдыры бұралаң бұлтарысқа толы болады. Өмір сынағында да мойы-
мау керек. Жігері жасымағанның болашағы жарқын. Мен алты баланың анасымын. Бар саналы ғұмырым ауылда өтті. Таяуда Көкшетау қаласына көшіп келдім. Ауылдан көшсем, жағдайым қиындайтындай көрінетін. Бір сөзбен айтқанда, өмірімді өзгерткім келмеді. Ана жағдай қалай аяқталады, мына баламның жағдайы не болады деп балгерлерді жағалап, құмалақ аштыртқан оңай көрінетін. Балгердің алдауына сеніп «Е, шүкір, балаларым аман екен. Жуырда хабар келеді» деп жүре беретінмін. Сөйтсем, қандай жағдай болмасын, балаларыңның жанында болғаннан асқан бақыт жоқ екен. Олар да менен көп нәрсені жасырып, біраз қателіктерге бой алдырды. Не де болса тәуекелге бел байлап, қалаға көшіп келдік. Ендігі орайда, қыздарым мен ұлдарым көз алдымда, жаным сая тапқандай. Әйтпесе, отағасы екеуіміз ауылда жалғыз отыратын едік. Жан баласы туындаған кез-келген мәселені өзі шешуге тырысуы керек. Балгер болашағыңды реттеп бере алмайды, – дейді көп балалы ана Жұмажан Жаныбайқызы.
Жасырары жоқ, қоғамда рухани құндылықтардың мән-мағынасы жоғалса, адамгершілікке нұқсан келеді, қиындықтар да көбейе түседі. Ал, түйіткіл мәселе көбейген сайын сәуегейлер мен сиқыршылардың айы оңынан туады. Естеріңізде болар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әртүрлі әулиелер көбейді. Теледидар арқылы да дерттен айықтырамын дегендер де табылды. Халық соған иланды. Қазіргі таңда халықтың зердесі ашық. Содан болар, ондай әулиелер жоқтың қасы.
Сөзіміздің басында базар жағалаған балгерлерді айтқан едік. Ойлап отырсақ, біреудің теңгесіне кіріптар болған адам басқаның жолын қалай аша алады деген сұрақ туындайды. Мұның да жауабын Абай айтып кетсе керек. «Пенде болсаң алдымен иманды бол, Адамға иман өзі ашады жол» деген сөзі кім-кімге болсын ой салары анық.
Өмір ешкімді де еркелетпейді. Өмір заңы қатал. Басымызға қандай да бір іс түскен болса, сабырлық танытып, адалдықтан аттамай, әрекет жасау керек. Әрекетке қашанда берекет бар. Берекет дегеннен шығады, осындайда балгерлік осы қабілет пе, әлде бизнес пе деген ойда қаласың. Ал, сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар