Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмірлері өнегемен өрнектелген - АРҚА АЖАРЫ

Өмірлері өнегемен өрнектелген

Асылбековтер әулетінің өрт сөндіру қызметіндегі құтқарушылық еңбек өтілі 121 жылды құрайды

Ауыл баласы арманшыл келеді. Өйткені, арманды оятатын, қиялыңды қияға бағыттайтын батагөйлер көп. Асылбек атаның Амандықтағы үйінен адам аяғы үзілмейтін. Әкесінің қас-қабағын қағып үйренген Сапарғали табалдырықтан аттаған кісілермен жағалай амандасып, қолдарына су құйып дағдыланды. «Өй, азамат! Бәрекелдінің» астарына үңіле қоймағанымен, осы балаң қылықтары өзіне ұнайтын, үлкен мерей санайтын. Дастархан батасында «Еліміз аман, оттан-судан аулақ болсын» деген тілек жиі қайталанатыны есінде.Ауыл баласы арманшыл келеді. Өйткені, арманды оятатын, қиялыңды қияға бағыттайтын батагөйлер көп. Асылбек атаның Амандықтағы үйінен адам аяғы үзілмейтін. Әкесінің қас-қабағын қағып үйренген Сапарғали табалдырықтан аттаған кісілермен жағалай амандасып, қолдарына су құйып дағдыланды. «Өй, азамат! Бәрекелдінің» астарына үңіле қоймағанымен, осы балаң қылықтары өзіне ұнайтын, үлкен мерей санайтын. Дастархан батасында «Еліміз аман, оттан-судан аулақ болсын» деген тілек жиі қайталанатыны есінде.Амандық – Көкшедегі іргелі ел. Сыйлы жандар да көп. Мұғалімнің алдын кесіп өту, колхоз басшыларының қолын алмау үлкен қателік саналады. Сапарғалиға салсаң, барлығын құрметтеуге бар. Бірақ, көңілінің төрінде бір ерекше адам бар. Ол – үш аяқты мотоциклімен айналаны дүрілдетіп өтетін әскери киімдегі «пожарный» ағай. Астындағы моторлы «арғымағынан» түсіп жатқандағы түр-сымбаты, кез-келген есікті ашып кірер еркіндігі сөз жетпес көрініс еді. Ауылдағы сегіз жылдық мектепті бітірер шақта мұның сырын ұқты. Ол әлгі баталарда айтылатын «оттан-судан» сақтаушы ғой! Енді өзі де міндетті түрде өрт сөндіруші болуы керек…Аудан орталығы Чкалов ауылында 1966 жылы онжылдық мектеп-интернатты бітірді. Әйткенмен, арманын жетелеп өрт сөндірушінің оқуын іздей қоймады. Тәуекелге бармады. Ішкі дайындығы жеткіліксіз сияқты. Көршілес Ленинград ауданындағы «Бостандық» кеңшарында жұмысшы болды. Жергілікті комсомол ұйымының хатшылығына сайланды. Адам тағдыры қызық, ойламаған жерден бүгіп жүрген арманыңның бүр жара қалатынын қайтерсің! Бәлкім, баяғы «Өй, азамат! Бәрекелдінің» шарапаты ма екен? Аудандық комсомол комитеті 1967 жылдың күзінде Көкшетау облыстық ішкі істер басқармасының қарамағына арнайы жолдамамен жіберді. Мұнда да көп ұзамай, КСРО ІІМ Свердлов өрт-техникалық училищесіне жолдама берілді. Сапарғали жанын салып оқыды. Сенім де, жауапкершілік те тым жоғары еді. 1970 жылы оқуды бітіріп, лейтенант шенінде қызметін бастады. Өзіндік ұстанымы биік жігіт жұмыс істей жүріп Мәскеу, Ленинград қалаларында арнайы даярлықтан өтіп, Ташкенттегі жоғары инженерлік өрт-техникалық мектебін бітірді. Әріптес інімнің бірі өмір жайлы толғаныс жасағанда былай дегені бар еді: «Адам өмір есігін ашқанда-ақ өзінің ғұмыр жолын баянды еткізсем деп талпынады. Сондай шақтарда асқақ армандарға жетіп, биік белестерге көтерілуге тырысады. Сол асқаралы биікке шыққан сәтінде төменге қарап, өзінің алыста сағым болып қалған өмір өткелдеріне көз қиығын салады». Осы тәлсім бүгінгі ел ағасы, ішкі істер қызметінің полковнигі Сапарғали Асылбековке де қаратып айтылғандай жылы әсер қалдырады. Өйткені, ол өмірі өнегемен өрнектелгендер санатындағы жан.Өнеге демекші, Сапекең алғашқы ұстаздан жолы болған азамат. Жас маман 1970 жылы Володар (қазіргі Айыртау) аудандық ішкі істер бөлімінің өрттен қорғау мемлекеттік инспекторы қызметіне кіріскенде аудандық бөлім бастығы Нұрпейіс Әкпаров қабылдап, мынадай әңгіме айтқаны естен кетпейді.– Сенде оқудың теориялық жағы басым, ал, іс жүзінде бәрі басқаша болады, – дейді бастық. –Ең алдымен үгіт-насихат, алдын алу жұмыстарын ұтымды жүргізу керек. Өрт шықты деп естісең, жаяулап-жалпылап жүгірсең де сол жерге жетіп, өзіңнің ұйымдастырушылық қабілетіңді таныт. Абыржып тұрған халық саған сеніп, көмек күтетінін естен шығарма. Тайсалма, іске батыл кіріс!Міне, бұл Сапарғалидың құлағында үнемі күмбірлейтін, өзгелерге айтып жүретін тағылымға айналғаны әлі күнге байқалады. Елімізді өркендетуде қай кәсіптің болмасын орны бөлек. Әйткенмен, Сапарғалидың өмірі өзінің ғана емес, өзгенің өмірін сақтауға, от-жалынға оранған ошақтарда ел байлығы мен мемлекет мүлкін қорғауға арналғаны сол өмір мәнін арттыра түспек. Осы ретте, білікті маман Нұрпейіс Әкпаров Торғай облыстық өрттен қорғау басқармасын басқарып, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің ардагерлер кеңесінің төрағасы болғанын атай кеткіміз келеді.Мамандығына адал жан бізбен тілдескенде былай дегені бар: «Өрт сөндіру – көне кәсіп саналғанымен, қазақ болмысында бертінде қалыптасқан жайы бар. Облыс орталығы Көкшетаудың өзінде елуінші жылдардан 1981 жылға дейін әскерилендірілмеген қарапайым өрттен қорғау бөлімі болды. Бұл саладағы адамдар қашан алпысқа келіп, зейнетке шыққанша жұмысын атқара берді. Мұндай жағдайда жүктелген міндет жете орындалмайтыны, тәртіптің ақсап жататыны жасырын емес. Бетбұрыс әлгі сексен бірінші жылы басталды. Көкшетау мен Щучинск қалаларында әскерилендірілген мемлекеттік өртке қарсы күрес бөлімдері құрылды. Ендігі жерде әскери борышын өтеп келген, 25 жасқа дейінгі жастар қызметке алынды. Оларға осы салада жұмыс істеу жасына белгілі шектеу қойылып, тиісті жеңілдіктер қарастырылды. Мұның өзі қызметіміз әскери тәртіппен теңестіріліп, оқу-жаттығу шараларында, өрт сөндіру оқиғалары мен оның алдын алуда жоғары кәсіби шеберлікке жетуімізге септік жасады.Тағы бір айта кетерлігі, қызметкерлеріміздің барлығы жоғары білімді Москва, Ташкент, Свердловск сияқты қалалардан алатын. Ал, орта кәсіби училище Алматыда 1973 жылы ашылды. Міне, сол училище алдымен филиал, кейін еліміздегі жалғыз техникалық институт ретінде Көкшетауда жұмыс істеп тұр. Бұл біз үшін үлкен мерей», – дейді полковник С.Асылбеков.Сапекең Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылы Көкшетау облыстық өртке қарсы қызмет басқармасын басқарып, көптеген игі істердің ұйтқысы бола білді. Мемлекетіміздің қалыптасуындағы елең-алаң кезде, нарықтық қатынастардың бұралаң белінде оның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті жан-жақты көрініс берді. Облыстың өрт сөндіру қызметі республикалық деңгейде алдыңғы қатардан түсіп көрген жоқ. Әсіресе, жергілікті кадрлардың үлкен-кішісіне қарамай өсіп, шыңдалуына барынша ықпал жасағаны ілтипатпен ауызға алынады. Солардың қатарында Ақмола облысының өрт сөндіру және төтенше жағдайлар қызметтеріне байланысты департаменттер мен басқармаларды басқарған полковниктер Нұрболат Ілиясов, Талғат Кәкімов, Нұржан Рақымжанов, Қанат Байжанов, Дәулет Шамиғанов, Балтабек Қалиев, Сергей Советовтер бар. Ал, Алексей Сергеевич Советов бүгінгі күні облыстық төтенше жағдайлар департаментіне басшылық жасауда.Сол кездегі шәкірттерінің барлығы Сапарғали Асылбекұлының басшымын деп қызмет кабинетінде отырмай, үнемі төтенше жағдайлар ошағынан табылатыны бізді де алғы шепке жетелейтін еді дейді. Мынадай бір мысал келтірілді. Володар аудандық өрттен қорғау қызметін басқарған кезінде мұнай базасында өрт шыққан. Мұндағы сорғыш стансасында әрқайсысы он мың тоннадай жанар май сақтау резервуарлары бар екен. Жақын маңда тұрғын үйлер мен аудандық аурухана, «Казсельхозтехника» мен облыстық сауда базасының қоймалары орналасқаны жағдайды күрделендіре түскен. Жарылыс бола қалса, мұның зардабы орасан болатындығы айқын. Уақыт тығыз. Өрт бой бермеуге айналуда. Осы кезде өрт сөндірушінің арнайы киіміндегі Сапекең алапат жалынға қойып кетеді. Қатардағы сарбаздар да батылданып, қауіп лебі қайтарылды. «Тілсіз жау» шен мен шекпенді таңдамайды дегеніміз осы шығар.Тағы бір тәлім. Асылбековтер әулетінің өрт сөндіру қызметіндегі құтқарушылық еңбек өтілі 121 жылды құрап отыр. Сапарғали ағамыздың бұл саладағы еңбек өтілі 53 жылды құраса, жеңгеміз Ләтипа Есімбекқызы осы салаға 15 жылдық өмірін арнаған, ал, балалары полковник Мұраттың 29 жылдық, подполковник Жанаттың 24 жылдық құтқарушылық қызмет өтілі бар. Осынау аса жауапты істің қауіп-қатері молдығына қарамастан, олар бұл кәсіпті саналы түрде таңдаған.–1994 жылы Щучинск қаласындағы мұнай базасында өрт шығып, сыйымдылығы 2 мың текше метрлік үш цистерна жарылды. Оқиға орнына біздің басқарманың Нұржан Рахымжанов басқарған арнайы тобы жедел жетіп, жергілікті құраммен бірге ерлік үлгісін танытты. Өрт ошағы өндірістік және тұрғын үйлер ауданында болғандықтан, жарылыс қауіпі бар еді. Су бүркіп, көпіршік сұйық шашқанға бой берер емес. Ең қауіптісі жалын ішінде қалып қойған құрылғылар қыза бастаған. Ойланып жататын уақыт па, бір кезде екі жігіт қызыл жалынмен араласып кетті. Ақыры екі сағат ішінде тілсіз жау ауыздықталды. Әлгі жігіттің бірі прапорщик Геннадий Дорогов, екіншісі аға лейтенант Мұрат Асылбеков еді. Бұлар Қазақсан Республикасының Тұңғыш Президенті Назарбаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалінің еліміздегі алғашқы иегерлері атанды,–дейді С.Асылбеков.Сапекең бұл ерлікті мақтанышпен еске алғанымен, даусында діріл бар еді. Бұл түсінікті. Көз алдында жанып тұрған қызыл оттың ішінен өз ұлын көру кез-келген ата-ана үшін, жұмсартып айтқанда оңай емес…Сапарғали Асылбеков зейнет жасына келгенімен, оның бай тәжірибесі ескеріліп, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінде әртүрлі мемлекеттік қызметте болды, соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтында ғылыми-зерттеу бөлімінің инспекторы қызметін атқарады. Бұған қоса, еліміздегі салалық бірегей білім ордасының мұражайын ұйымдастырып, соған жетекшілік етуде. Сондай-ақ, 2010-2016 жылдары «Ақмола облысының төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағалығына сайланды. Қазіргі күні қайта құрылған Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі ардагерлер кеңесінің Ақмола облыстық филиалының президиум мүшесі, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің президиуым мүшесі – жастарды патриоттық және рухани тәрбиелеу жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, облыстық ішкі істер органдары ақсақалдар алқасының мүшесі ретінде абыройлы қызмет атқаруда. Ағамыздың омырауы мен жұмыс кабинеті сан алуан марапаттармен жарқырайды. Үй іші немере-шөберелерінің күміс күлкісіне толы.Бұл өмірі өнегемен өрнектелген жанның парасат биіктігін айқындайды. Бақберген Амалбек, «Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: әкелі-балалы Асылбековтер әулеті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар