Облыстық мемлекеттік архивтің Көкшетауға көшірілгеніне – 15 жыл

Ақмола облысының мемлекеттік архиві облыс орталығы – Көкшетау қаласына көшіргеніне биыл 15 жыл толып отыр. Өткен жылдарға тиесілі деректер мен құжаттарды жинақтауда және азаматтардың қажетті ақпаратқа қолжетімділігін арттыруда архивтің алатын орны зор. 1999 жылы Ақмола облысының орталығы Астана қаласынан Көкшетауға ауыстырылғаны белгілі.

Барлық мемлекеттік органдардың басқармалары жаңа облыс орталығына көшті. Архивтің көшуі 2005 жылғы 7 желтоқсандағы «1999 жылғы 8 сәуірдегі «Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде облыс орталығын Астана қаласынан Көкшетау қаласына ауыстыру және Красная көшесі (қазіргі Ә.Баймұқанов көшесі) № 23 мекен-жайындағы қайта құрудан өткен ғимаратқа облыстық архивті көшіру жөніндегі Ақмола облысы әкімінің қаулысына сәйкес жүзеге асты. Бірінші болып партиялық және комсомолдық құжаттар облыстық әкімдіктің жертөлесінен көшірілді. Көктемде Астана қаласынан қалған құжаттар әкелінді.
Мемлекеттік архив – бұл мамандырылған режимдік мемлекеттік мекеме. Ақмола облысының мемлекеттік архиві Қазақстан Респуб-
ликасы Ұлттық архив қорының ажырамас бір бөлігі. Онда архивтік құжаттардың есебі жүргізіліп, тұрақты сақтауға алынады.
Ақмола облысының мемлекеттік архиві облыс тарихының сақтаушысы ғана емес, сонымен қатар, аса маңызды мәдени және ғылыми орталық болып табылады. Қазіргі уақытта біздің архивке мемлекеттік сақтауға түрлі ұйымдардың басқармашылық, ғылыми-техникалық құжаттамалары, жеке шығу тегі туралы құжаттары алынады. Тұрақты түрде архив қорлары біздің өңіріміздің тарихын бейнелейтін жаңа фотоқұжаттармен де толықтырылып тұрады.
Облыстық архивте 18 ғасырдан бүгінгі күнге дейін жеткен құжаттар легі сақталған және 44 жеке шығу тегі қоры бар. Мәселен, жеке шығу тегі қоры сақталғандарға тоқталсақ, онда Қазақстанның Білім министрі Қ.Б.Балахметов, Бараев атындағы ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик А.И.Бараев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ.Қ.Әбуев, Ұлы Отан соғысы, ішкі істер органдарының, тыл ардагерлерінің және Социалистік Еңбек Ерлерінің жеке істері бар.
2013 жылдан бері құжаттарды цифрландыру жұмысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, ақпараттық бөлім қызметкерлері сол мақсатта арнайы техникамен жұмыс істеу үшін оқыту курстарынан өтті.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмысына Ақмола облысының мемлекеттік архиві белсене қатысты. 2018 жылдан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үш жоба іске асырылуда.
Бірінші жоба «Тарих беттерінде» деп аталады, оның шеңберінде архив материалдары негізінде жинақталған көптеген жинақтар мен кітаптар басылып шықты. Солардың ішінде «История латинизации казахского алфавита 1928-1941 годы», «Социалистік Еңбек Ерлері», «Книга памяти. Политические репрессии в Акмолинской области. 1919-1954 годы», «Соғыс. Жеңіс. Естелік», «Көкшенің біртуар тұлғалары» және тағы да басқалары бар.
Екінші жоба – «Ақмола облысы архив құжаттарында» тұрақты көрме залы ретінде ұсынылды. Бұл көрмеде 18 ғасырдан бастап, бүгінгі күнге дейінгі құжаттар қойылып, олар әр кезеңнің тарихынан сыр шертеді. Бұл көрменің мақсаты – туған өлкенің, еліміздің даму тарихында алатын орны туралы фотоархивтік құжаттар арқылы келушілердің білімдерін кеңейту.
Үшінші жоба «Өлке тарихы – ел тарихы» жылжымалы фотоқұжаттық көрмесі. Аталмыш жоба екі кезеңнен тұрады. Алғашқысында 18 ғасырдан бастап 1991 жылға дейінгі, кейінгісінде облыстың тәуелсіздік уақытындағы тарихи деректерден сыр шертетін фотосуреттер қойылған. Биыл әлемді дүрліктірген коронавирустың эпидемиологиялық ахуалына байланысты архивтің мерейлі жылына орай жоспарлаған көрмелері, дәрістері онлайн форматта өткізіліп жатыр. Барлық іс-шаралар облыстық архивтің ресми сайты мен әлеуметтік желілерінде жарияланып тұрады.
Облыстық архивтің қол жеткен жетістіктері өз ісінің майталманы болып табылатын білікті мамандардың арқасы. Архив қызметкерлері өз жұмысын мақтан етеді, жалпы сырт көзге көп белгілі бола бермесе де бұл жұмыстың ел үшін маңызы өте зор екені жаңа істерге құлшындыра түседі.
Гүлмира ҚАСЫМОВА,
Ақмола облысының мемлекеттік архивінің археографы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар