Волонтер жылы қорытындыланды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық өңірлерде бейне байланыс арқылы өткізген Волонтер жылының салтанатты жабылу рәсімінен кейін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев әр облыстың әкімдерінің қатысуымен марапаттау шарасы одан әрі жалғасты.

– Бүгін біз еліміздегі маңызды шара – «Волонтер жылының» жабылу рәсіміне қатысып отырмыз. Жаңа ғана біздің алты жерлесіміз – «Жыл волонтеры» және «Жомарт жүрек» республикалық конкурстарының жеңімпаздары атанғанының куәсі болдыңыздар. Мұндай марапатқа ақмолалықтар екі жыл қатарынан ие болып отыр. Оларды тағы бір құттықтап қояйық, – деді өз сөзінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Салтанатты шарада өңір басшысы 16 адамға «Халық алғысы» медальдарын, «Жыл волонтеры» республикалық байқауының жеңімпаздарының әрқайсысына 250 мың теңгеден облыс әкімі сыйлығын, «Жомарт жүрек» және «BIRGEMIZ_AQMOLA» облыстық байқауларының жеңімпаздары мен қатысушыларына статуэткалар мен Алғыс хаттар табыс етті.
– Мемлекет басшысы бұл жылды «игі істер уақыты» деп атады. Осы қиын кезеңде біздің облыстың түрлі бизнес өкілдері өздерін белсенді түрде таныта білді. 2020 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс-
та құны 6 миллиард теңгеге жуық мыңнан астам әлеуметтік бастама қолға алынып, нәтижесін берді, – деген Ермек Боранбайұлы Бағдарлама жарияланғаннан бері жалпы құны 15 миллиард теңгені құрайтын үш мыңға жуық әлеуметтік бастама жүзеге асырылғанын жеткізді.
Осылайша өңірімізде қауіпті инфекциямен күреске қосқан үлесі, көмегі мен қолдауы үшін 110-нан астам ақмолалық жоғары мемлекеттік награда – «Халық алғысы» медалін иеленіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл – барша халқымыз, медицина қызметкерлері, полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер, волонтерлер мен журналистер және коронавирус пандемиясына қатысты қиын кезеңде еңбек еткендердің барлығының ерлігі мен ерен істері құрметпен аталып өткен лайықты күн болды.

Волонтер жылының жабылуына арналған республикалық салтанатты шарада «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінен төрт бірдей қызметкердің «Халық алғысы» мемлекеттік наградасын алуы үлкен жетістік екені сөзсіз. Олар: Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің фототілшісі Берік Ескенов, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі Асылай Айжарықова, «Акмолинская правда» газетінің тілшісі Владислава Кокорина және «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің фотобейне тілшісі Нариман Жүнісов. Барша әріптестерімізді жоғары марапаттарымен құттықтаймыз!
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар