«Абай клубы» ашылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында №3 Шортанды орта мектебінде «Абай клубы» ашылды. Абайдың асыл мұралары қазір де өзекті, ол жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды құрал болып отыр. Бүгінгі ұрпақ  үшін Абай – ұлы ұстаз, ал, оның мұралары – Мәңгілік Елдің таусылмас асыл қазынасы.

«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп ақынның өзі айтып кеткендей, Абай бүгін жарқын бейнесімен, жалынды жырымен, нақыл сөздерімен бізбен бірге жасасып келеді. Осыған орай ашылған «Абай» клубына шығармашылықпен айналысатын, сөз өнерін бағалайтын абайтанушы жастар қабылданған. Клуб кеңесіне қазақ тілі мен әдебиеті, тарих,  музыка мамандары кіріп отыр. Клубтың жұмыс жоспары оның кеңесінің басшылығымен талқыланып, бекітіледі.
Бүгінде бұл клубта «Көркемсөз оқу», «Драма» және «Вокал» секциялары жұмыс істейді. «Абай» клубының  мақсаты – Абай мұрасын оқыту арқылы шығармашылықпен айналысатын, рухани дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру. Сондай-ақ, Абай өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, оны сөздік қолданбай аудару деңгейіне жеткізу мен ізденімпаздық, шығармашылық қабілетті жетілдіру «Абай» клубының негізгі міндеттерінің бірі. Жаңа клуб оқушыларды Абай мұрасын оқып-үйрене отырып, алған білім мен дағдыларын әртүрлі жағдаяттар мен сайыстарда қолдануға тәрбиелейді. Сонымен қатар, клубта жас ақындардың жыр мүшәйрасы, Абай өлеңдері бойынша сахналық қойылымдар, Абай әндерінің байқауы өтетін болады.
Клуб жұмысының жоспары бойынша  отырыстар, дөңгелек үстелдер, пікірсайыстар, көрсетілімдер, клуб мүшелігіне қабылдау, кездесулер өткізіліп тұратын болады.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар