Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жаңадан ашылған «Болашақ сарайында» Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өткізіп, өз сөзінде ел тәуелсіздігінің қысқа мерзімінде қол жеткізген табыстарын атап көрсетті. Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына қосқан зор үлестері үшін марапатталған бір топ ақмолалықтарға мемлекеттік наградаларын тапсырды.
Салтанатты шараның басында Көкшемізге көрік беріп, облысымызда жаңадан бой көтерген үш қабатты «Болашақ сарайына» саяхат жасалып, «Тәуелсіздік дәуірі» атты бейнефильм көрсетіліп, мемлекеттік Әнұран шырқалды.
Тәуелсіздік жылдары Ақмола облысы да қарқынды даму жолына түсті. Биылғы жылдың өзінде 5,2 миллион тонна астық қамбаға құйылды. Мал шаруашылығы да үлкен жауапкершілікпен даму үстінде. Елорданы ет, сүт, нанмен қамтамасыз етіп отырғаны баршаға аян. Дәстүрлі ауыл шаруашылығы аймағына айналған Ақмола өңірі біртіндеп, индустриялық аймаққа да айналып келеді. Ауыл шаруашылығымен қатар, өндірістік кешендер даму үстінде. Сан алуан мектеп, спорт алаңдары мен медициналық мекемелер де бой түзеуде. Ермек Маржықпаев салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеп, облысымыздың жетістіктерін атап өтіп, осының бәрі ел қамын ойлаған азаматтарымыздың өлшеусіз еңбектерінің жемісі екенін мақтанышпен жеткізді.
Жиырма бірінші ғасырдағы басымдықтың бірі – туризм саласы. Бұл тұрғыда сұлу Көкшеге жер жетпейтіні белгілі. Аймақ ішкі туризмді дамытуға жан-жақты күш жұмсауда. Қазақстан Республикасының Президенті биылғы халыққа арнаған Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталған болатын. Еңсемізді көтеріп, егемен ел болғанымызға 29 жыл толды. Осының бәрінде Елбасы бастап, халық қоштап, жаңа мемлекет құрылды. Шекарамыз шегенделіп, Әнұранымыз әлемде шырқалып, көк туымыз көкте желбіреп, кәсіби әскері бар, ішкі қорғанысы берік қазақ елі атандық.
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алып, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев «Парасат» орденін Елордада алғаны өңіріміз үшін үлкен мерей болды. Дәл осындай «Парасат» орденін өңір басшысы «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовке табыс етті. Одан әрі мемлекеттік наградалар өзінің лайықты иесін тауып жатты. Нақтырақ айтсақ, 41 адам «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, «Халық алғысы» медалімен үш адам, «Қазақстан Ассамблеясына – 25 жыл» мерекелік медалімен екі адам марапатталса, «Педагогтің кәсіби міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» төсбелгісі және 2 222 400
теңгенің сертификаты Бурабай ауданы
Щучинск қаласының №11 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айман Әбдірахмановаға және «Педагогтің адал еңбегі үшін» төсбелгісі мен 1 300 000 теңгенің сертификаты Астрахан ауданы №2 Жалтыр орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Ризагүл Байқанатқа табыс етілді. Ал, Тұңғыш Президент қорының талантты жастарды қолдау қорының «Елбасы» медалін 10 үздік оқушы иеленсе, 4 оқушы «Мың бала» интеллектуалды олимпиадасының жеңімпаздары атанып, диплом және ноутбуктармен марапатталды. Салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласты.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.