Серпін берген сала

22 желтоқсан – энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл мерекені ақмолалық энергетиктер де толайым табыстармен қарсы алып отыр. Энергетика саласы бүгінде қалыпты жағдайға айналған тұрмыстағы қажеттіліктерді қамтамасыз етуден бастап, ел экономикасының дамуына серпін беретін іргелі сала.

Өйткені, аталмыш сала қызметінсіз әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді айтпағанда, бірде-бір өнеркәсіптік кәсіпорын, зауыт немесе фабрика қалыпты жұмыс істей алмайды. Сондықтан, жарық таратушыларды өмірді сәулелі еткен еңбеккерлер деп зор құрметпен атау артық емес.
Таяуда кәсіби мереке қарсаңында Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының басшысы Иван Юрченко мен оның орынбасары Тимур Хамзин «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталғаны біз үшін зор мерей деп білеміз.
Мереке жыл соңына қарай атап өтілетіндіктен, жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығаратын сәт те келіп жеткен сыңайлы. Өткен жылдармен салыстырғанда жүргізілген жұмыстардың елеулі көлемін атап өту қажет. Бөлінген қаражатқа елді мекендердің электр желілері алмастырылды. Мәселен, бір жылдың ішінде коммуналдық-тұрмыстық сектордың 666 қазандығы, білім беру жүйесінің 721 қазандығы, денсаулық сақтау саласының 556 қазандығы, әлеуметтік саланың 567 қазандығы жөнделді.
Жылу көздері мен жылу желілерін ағымдағы жөндеуге және жаңғыртуға айтарлықтай қаражат бағытталды. Ерейментау, Ақкөл, Бурабай, Шортанды, Зеренді аудандарында қазандықтар жаңғыртылды. Сонымен қатар, Астраханка аудандық қазандығының құрылысы, Макинск қаласындағы блокты-модульді қазандықтың құрылысы, Көкшетау мен Ерейментау қалаларында, облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылындағы, Астраханка ауданындағы жылумен жабдықтау желілерінің құрылысы және қайта жабдықтау бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілді.
Ағымдағы жылы қосымша 61 көп қабатты тұрғын үйді, 454 жеке тұрғын үйді, 31 әлеуметтік сала нысанын жылумен жабдықтауға қосуға мүмкіндік туды, сондай-ақ, елді мекендердегі жылумен жабдықтау сапасын да жақсартып отырмыз. Сала қызметкерлері осы жылға белгіленген бірқатар іргелі жобаларды өз мерзімінде жүзеге асыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарды. Ағымдағы жылы Ерейментау ауданы мен Краснояр ауылындағы жел электр станциялары, сондай-ақ, Целиноград ауданында күн электр станциясы жобаларын іске асыру жоспарланған.
Қалай десек те, бүгінгі таңда өмірді электр жарығынсыз көзге елестету мүмкін еместігі баршаңызға аян. Энергетиктер жұмысының маңыздылығына баға жетпейді, олардың еңбектері арқасында тұрғындардың үйлері жайлы да жарық. Ұйымдар мен мекемелер де қалыпты қызмет етіп келеді. Сондықтан, жұртшылықты жарықпен қамтамасыз етіп отырған энергетиктердің еліміз үшін орны ерекше екендігін атап өтуіміз керек. Біздің өңірімізде энергетика саласында жүздеген мамандар жұмыс істейді. Олар жыл мезгіліне және ауа райы жағдайларына қарамастан, күн сайын бүкіл елдің игілігі үшін адал еңбек етуде.
Осы орайда, энергетика саласының барша қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Зор денсаулық, жұмыста табыс, отбасында амандық және барлық жақсылықты тілейміз!
Біржан ӘБДІРАХМАНОВ,
Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы энергетика бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар