Қазақстан халық партиясы сайлауалды бағдарламасын таныстырды

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халық партиясының сайлауалды бағдарламасын қолдау мақсатында Орталық мәдениет және демалыс саябағынан Тұран даңғылына қарай автошеру өтті. Шара мас күйінде көлік рөліне отыратындарға ой салу мақсатында ұйымдастырылған болатын. Осылайша партия өкілдері қоғамдағы мас күйінде көлік жүргізу проб-лемасына назар аударуға тырысты.
Автошеру барысында көліктерге Қазақстан халық партиясының символикасы мен тулары ілінді. Сайлауалды штабтың үгіт-насихат шеруіне полиция департаменті мен қаланың автоклубтары да белсенділікпен қатысты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Жамбыл Ахметбеков шеру алдында сөз сөйледі.
– Біз бүгінгі автошеру арқылы жол қауіпсіздігі мәселесіне назар аударғымыз келеді. Әсіресе, ел азаматтарының, оның ішінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілу қажет. Қазақстандықтар қауіпсіз елде өмір сүрулері керек. Біздің еліміздің сот жүйесі бейтарап болуы тиіс. Жол жүру барысында туындаған әр мәселе қалтаның қалыңдығымен емес, заңды түрде шешілуі керек. Қазақстанда тұрып жатқан азаматтардың бәрінің құқығы тең болуы қажет. Мейлі ол саясаткер, шенеунік, бизнесмен болсын, бәрінің де заңға бағынғаны абзал.  Егер ол ереже бұзып, жол-көлік оқиғасына себепкер болса, заң алдында жауап беруі керек. Көлік жүргізушілері өздерінің ғана емес, өзгелердің де қауіпсіздігіне жауапты екенін естен шығармауы тиіс, –деді Жамбыл Ахметбеков. Сайлаушылар алдында сөз сөйлеген Жамбыл Ахметбеков Қазақстан халық партиясының сайлауалды бағдарламасын жан-жақты таныстырды. Сондай-ақ, партияның негізгі бастамалары мен мақсат-міндеттері туралы толыққанды ақпарат берді.
– Мемлекет ең алдымен өз азаматтарына қамқорлық жасауға тиіс. Сондықтан, ел дамуының векторы әлеуметтік дамуға, әділдікке, қарапайым қазақстандықтардың мүдделері мен құқықтарын шынайы қорғауға бағытталуға тиіс. Экономика халықтың мүддесі үшін жұмыс істеуі керек. Мемлекеттік шешімдердің ашықтығын және олардың орындалуын бақылау қажет, – деді депутаттыққа кандидат.
Шара барысында Қазақстан халық партиясының үгіт-насихат материалдары жұртшылыққа таратылды. Автошеру сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халық партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Олжас Сыздықов пен Ислам Сұңқар «Спина бифида» қорының ерекше балаларының ата-аналарымен жүздесті.
Сонымен қатар, партия өкілдері Атырауда еңбек ұжымдарымен және мұнай-газ секторы кәсіпорындарының жұмысшыларымен кездесулер өткізді. Партия өкілдері кездесулерде тезистерді түсіндіріп беріп, сайлауалды бағдарламаларымен жан-жақты таныстырды.
Сондай-ақ, Қазақстан халық партиясы атынан Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидат Сүйінғали Жарлығасымов та Орал қаласында  жастар қауымымен кездесу өткізді. Онда Қазақстан жастарын қолдау, олардың қоғамдағы рөлі секілді өзекті тақырыптар талқыланды. Депутаттыққа кандидат Сүйінғали Жарлығасымов жастарды жұмысқа орналастыру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін жан-жақты талқылады. Білім берудің қолжетімділігі және қазақстандықтардың бастамаларын қолдау жайында сөз қозғады.
– Партия жас отбасыларды қолдау құралдарын арттырмақ. Ол үшін әр өңірде әлеуметтік тұрғын үйге квоталар бекіту және тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген кредиттер беру секілді үлкен қадамдар жасалмақ. Біз қоғамның тұрақты дамуы үшін Қазақстан жастарын қолдауға тиіспіз. Біз жас отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйдің өзіндік құнын төмендетуге қол жеткіземіз. Осы мақсатта мемлекет шаршы метрдің қолайлы құнын және мұқтаждарға қолдау көрсету құралдарын кредиттеудің нөлдік мөлшерлемесін белгілейтін болады, – деді Сүйінғали Жарлығасымов.
Партия мүшесі Қазақстанда жайлы және қауіпсіз жағдайларда өмір сүру сапасының ең төменгі стандарттарын заңнамалық деңгейде бекіту қажет деп санайды.
Қазақстан халық партиясы еліміздің мәдени, білім беру және спорттық әлеуетін дамытуға бағытталған жастар мен жастар бастамаларын қолдаудың жаппай жүйесін құруды көздейді. Барлық азаматтар тегін білім, сапалы медициналық қызмет алуда, қолжетімді баспана сатып алуда және өздерінің шығармашылық, зияткерлік, еңбек және патриоттық әлеуетін жүзеге асыруда тең мүмкіндіктерге ие болуы тиіс.
– Мұның бәрін іске асыру әрбір жас қазақстандыққа өз отбасын құруға және балаларын толыққанды отбасыларда лайықты жағдайда өсіруге мүмкіндік береді, – деді Сүйінғали Жарлығасымов. ҚХП мүшесінің Орал жастарымен кездесуі сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында ұйымдастырылды. Қазақстан халық партиясының атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында азаматтармен кездесулер өткізуді жалғастыруда.
ҚХП атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Ирина Смирнова мен Жамбыл Ахметбеков Өскемен қаласындағы Қаржы-экономикалық колледждің ұжымымен және оқушыларымен кездесу өткізді. Күн тәртібіне жас отбасыларды қолжетімді ипотекамен қолдау мәселесі қойылды.
Спикерлердің пікірінше, қазір мемлекет жастардың дамып, жетілуі үшін олардың барлық әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешіп, тұрғын үймен қамтамасыз етуі керек.
Ирина Смирнова Қазақстандағы жастардың үлесі халықтың едәуір бөлігін құрап отырғанын айтты.
– Соңғы ресми мәліметтерге сәйкес, елдегі 15 пен 34 жас аралығындағы жастардың саны 5 миллионнан асады және осыншама мөлшерде 14 жасқа дейінгі балалар бар. Үкіметтің алдында жас қазақстандықтарға білім алуға, жұмыс орнын табуға және жеке тұрғын үй сатып алуға көмектесу міндеті тұр, – деді Ирина Смирнова.
Төменгі палата депутаттығына кандидаттар қазіргі жастардың негізгі екі проблемасы бар екенін атап өтті. Олар – жұмысқа орналасу және жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету.
– Біз азаматтардың барлық санаты үшін, оның ішінде жастар мен жас отбасылар үшін жыл сайын жеңілдетілген тұрғын үй салуға заңнамалық кепілдік берілген квоталарды бекіту қажет деп санаймыз. Қазақстан халық партиясы еліміздің барлық мұқтаж азаматына лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін мемлекетіміздің жеткілікті ресурстарға ие екендігіне сенімді, – деді Жамбыл Ахметбеков.
Кездесу спикерлері Қазақстандағы қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары жастар үшін қолжетімсіз екенін, оларды жастар мен жас отбасылардың пайдасына қарай өзгерту қажет екенін еске салды.
Семейде Қазақстан халық партиясының атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Оксана Шишкина сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында жергілікті тұрғындармен кездесті. Онда ел игіліктері мен табиғи ресурстарды бөлуге қатысты мәселелер көтерілді.
Оксана Шишкина табиғи ресурстар халыққа қызмет етіп, республика азаматтарының бақылауында болуы керектігін және олардың әділ әрі ашық бөлінуі тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығы салаларды дамыту арқылы жүзеге асырылуы керек.
– Әлемдік дағдарыс инновациялар мен өткізу және қызмет көрсету нарықтарында жаңа мүмкіндіктерді ашып отыр. Индустрияландыру тәсілдері түбегейлі қайта қарауды талап етеді. Экспорттың шикізаттық бағытын мемлекеттік қолдаудан алып тастау керек. Негізгі басымдықтар ауыл шаруашылығы, жеңіл, тамақ, фармацевтика және химия өнеркәсібі, жоғары технологиялық қызметтер нарығы мен ғылымға берілуі керек, – деді Оксана Шишкина.
Оның айтуынша, реформаларды тиімді іске асыру және экономиканың нақты секторын реттеу үшін мемлекеттік әрі квазимемлекеттік шығыстарды оңтайландыру қажет. Бұл экономиканың нақты секторы үшін қажетті активтерді шоғырландыруға мүмкіндік береді. Квазимемлекеттік сектор нысандарына ревизия жүргізу қажет. Оның нәтижелері бойынша қаржылық көрсеткіштері төмен және экономикалық тұрғыдан тиімсіз субъектілерді жойған дұрыс. Жан-жақты бағалау негізінде бірін-бірі қайталайтын және тиімсіз мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды қысқарту қажет.
Кездесу барысында ҚХП шетелдік инвестицияларды тарту кезінде ұтымды тәсілді жақтайтыны атап өтілді. Бұл тәсіл жаңа жобалардың пайдалылығы мен қажеттілігін алдын ала талдау үшін білікті мамандар мен халықты тартуды талап етеді.
ҚХП өкілінің жергілікті тұрғындармен кездесуі сайлау-алды үгіт-насихат науқаны аясында ұйымдастырылды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар