Коронавируспен күреске арналған фотокөрме

«Ерлікке әрқашан орын бар» фотокөрмесі коронавирус пандемиясымен күрескен жандарға арналған.

Бұл індет өкінішке орай, біздің еліміздің тұрғындарын да айналып өтпегені белгілі. Вируспен күресу үшін барлық арнайы қызметтер жұмылдырылды. Төтенше жағдай мен карантин кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мойнына үлкен жауапкершілік жүктелді. Санитарлық-эпидемиологиялық мекеменің қызметкерлері де инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша тікелей міндеттерін атқарды. Бірақ, пациенттердің өмірі үшін ең үлкен жауапкершілік медицина қызметкерлерінің мойнына жүктелді.
Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығы, Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы, темір жол ауруханасы коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеу үшін провизорлық бөлімшелер, инфекциялық стационарлар ашты. Дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің бұл жұмысы бірнеше айға созылды, олар туыстары мен жақындарынан оқшауланып, қызметтік міндетін орындады.
Коронавирусқа қарсы күресте арнайы қызметтердің қиын жұмысының тарихын түзу үшін мемлекеттік мұрағатта осы іс-шараларға арналған фотоқұжаттар жинағы жасалды. Мерзімдік басылымдардан, Ақмола облыстық полиция департаментінен, Ақмола облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен, Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасынан, Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығынан түскен фотоқұжаттар Көкшетау қаласының тарихы бойынша фотоқұжаттар топтамасының фотоқұжаттар тізімдемесіне енгізілді.
Қабылданған фотоқұжаттардан «Ерлікке әрқашан орын бар» көрмесі дайындалды. Көрменің мақсаты – болған оқиғаларды ұрпақтардың жадында сақтау, төтенше жағдайларда өзінің қызметтік ғана емес, азаматтық борышын да орындаған адамдарға алғыс білдіру. Фотокөрмеге коронавирустық инфекциямен күрес кезінде мамандандырылған қызметтердің жұмысын көрсететін фотоқұжаттар пайдаланылды. Олардың арасында Ақмола облыстық полиция департаментінің ахуалдық штабының жұмысы, полиция және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлерінің блок бекеттерінде қызмет атқаруы, медицина қызметкерлерінің провизорлық бөлімшелердегі жұмыс тынысы, коронавирустық науқастарды емдеумен айналысатын дәрігерлердің қажырлы еңбегі, Көкшетау техникалық институтының офицерлер құрамының қала аумағын санитарлық өңдеу процесі және басқа да фотоқұжаттар бар.
Науқастарды емдеудегі қажырлы еңбегі үшін облыс және қала медицина қызметкерлері түрлі марапаттарға ие болды. Қ.Құрманбаев атындағы облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Қ.Қ.Ташметов «Парасат» орденімен, осы емдеу орнының жоғары санатты дәрігер-фтизиаторы Л.Высоцкая «Ерен еңбегі үшін» медалімен, инфекциялық бөлімшенің аға мейірбикесі Р.Салықова «Шапағат» медалімен марапатталды. Өкінішке орай, медицина қызметкерлері арасында коронавируспен күресте орны толмас шығындар болды. Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасының анестезиология және реаниматология бөлімшесінің меңгерушісі Олег Исаевқа қызметтік борышын орындау кезіндегі жанқиярлық еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы қайтыс болғаннан кейін берілді. Ел әрқашан өз батырларын ұмытпайды. Адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғаған дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің, басқа да сала еңбеккерлерінің ерлікке пара-пар еңбегі тек алғыс сезімін тудырады. «Ерлікке әрқашан орын бар» фотокөрмесі де соның айқын айғағы.

Динара ЖҮСІПБЕКОВА,
Көкшетау қалалық мемлекеттік
архивінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар