Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Аршалы және Целиноград аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты, биылғы жылдың қорытындыларына назар аударып, жаңа міндеттерді пысықтады.
АРШАЛЫ. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың жұмыс сапары ауданның Жібек жолы ауылында салынып жатқан 300 орындық мектепті аралаудан басталды. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компания «Достар» көпсалалы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нысанды 2021 жылы жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда ғимараттың бірінші қабатының кірпіші қалануда. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жобаны іске асыруда кейбір қиындықтар
туындап отырған көрінеді. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобаға өзгерістер енгізу қажет болып отыр. Сол себепті, құрылыс жұмыстары мерзімінен кешіктірілуде. Дәл осындай мектеп Жалтыркөл ауылында да салынуда. Онда да жобаға өзгертулер қажет. Осы ретте, облыс әкімі жоба құрастырушыларын қатты сынға алды. Жалпы, Жібек жолы ауылында мемлекеттік тілде оқытатын жаңа мектеп пайдалануға берілсе, мұндағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы 600 орындық орта мектептің жүктемесі азаяды. Қазір онда 1200-ге жуық бала білім алуда.
Бүгінде Жалтыркөл ауылында құс фабрикасы да салынуда. Былтыр бірінші кезеңі аясында бір құс қорасы салынса, биыл екі құс қора, өңдейтін және жем дайындайтын цехтар тұрғызылыпты. Келер жылы тағы алты құс қорасы салынбақшы. «Ақ-Дала Агро» серіктестігі жүргізіп жатқан жоба құны 21 миллиард теңгені құрайды. Алдын ала болжам бойынша мұнда келесі жылы 6000 тонна құс еті өндірілетін болады. Ал, 2022 жылы өндіріс көлемін 10500 тоннаға және 2023 жылы 15000 тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Мұнда өндірілген құс еті Нұр-Сұлтан қаласына және Ақмола, Қарағанды облыстарына, сонымен қатар, алыс-жақын шет мемлекеттерге жөнелтілетін болады. Технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстарын аяқтау қажеттілігіне, сондай-ақ, ағымдағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға, құс тұмауына байланысты кәсіпорын басшылығы құс фабрикасын іске қосуды 2021 жылдың наурыз айына қалдырып отыр. Ермек Маржықпаев жобаны жақсы бағалап, кәсіпорын басшыларына сәттілік тіледі.
Бүгінде ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы бағдарлама аясында №2 Аршалы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір мұнда 366 оқушы білім алуда. Оның ішінде 1-5 сыныптардың оқушыларын дәстүрлі режимде оқыту үшін кезекші сыныптар құрылған. Айта кету керек, білім сапасы жағынан аталған мектеп облыста алдыңғы қатарлардың бірінде. Биыл бес мұғалім халықаралық жобада жеңімпаз атанған. Осы ретте, облыс әкімі алдағы жылдан бастап педагогтардың еңбекақысы 25 пайызға көтерілетінін айтып, білім сапасына баса мән беруді тапсырды. Мектеп директоры әкімге білім ошағын аралатып көрсетіп, пандемия жағдайында білім беру үрдісінің қалай жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді. Сонымен қатар, облыс әкімі осында орналасқан №129 сайлау учаскесінде де болып, Аршалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Елена Андрухпен 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауын жоғары деңгейде және барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастыру жайында сөйлесті.
Бұл күні Ермек Маржықпаев ауданның жалпы білім беретін мектептеріне төрт автобустың кілттерін тапсырды.
Ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы аясында да жөндеу көрген әлеуметтік, мәдени және денсаулық сақтау нысандары бар. Биыл бағдарлама шеңберінде аудандық мәдениет үйін жөндеуге 34,8 миллион теңге бөлінген. Ғимараттың шатыры мен фасады ауыстырылып, іші жаңартылған. Жөндеу көрген мәдениет үйіне аудандық бюджет есебінен LED экран, көрермен залына креслолар сатып алынған. Мәдениет үйінде болған облыс әкімі жөндеу жұмыстарына жақсы баға беріп, алдағы уақытта аудан орталығында жаңа мәдениет үйі бой көтеретінін жеткізді. Биыл облыс бойынша елуден астам клуб жөнделсе, оның алтауы осы ауданға тиесілі.
Осы бағдарлама аясында күрделі жөндеу көрген тағы бір нысан – аудандық аурухана. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында салынған аурухана ғимараты жөндеуден кейін кәдімгідей жаңарып қалған. Мемлекеттен бөлінген 71,6 миллион теңгеге медициналық мекеменің бас корпусының фасады мен өтпе жолы жөнделген. Облыс әкімі келер жылы емхананы жөндеу жұмыстары басталатынын айтты.
Жалпы аурухана бір ауысымда 200 адамды қабылдай алады. Оның 70 төсек-орны тәуліктік стационар. Сонымен қатар, қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты 40 төсек-орындық инфекциялық стационар жұмыс істеуде. Осы күні онда коронавирус жұқтырған сегіз науқас ем қабылдап жатыр. Індет басталғалы ауданда коронавирустан төрт адам көз жұмған. Облыс әкімі аурухана ұжымына аты жаман аурумен күресте сіңірген өлшеусіз еңбектері үшін алғысын айтып, мұндағы инфекциялық стационар орталықтандырылған оттегі тасымалдау құралымен жабдықталатынын жеткізді.
Аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Әкімнің сапары кезінде Аршалы кентінде бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы осы сөзіміздің анық дәлелі. Бұл жобаның құны 724 миллион теңгені құрайды. Кешеннің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс басшысы аршалылықтарды өткен Тәуелсіздік күнімен және келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға баса мән берген болатын. Облысымызда биылғы жылдың өзінде спорттық нысандардың қатары жаңа 40 нысанмен толықты. Өңірде 2500-ден астам спорттық ғимарат бар. Соңғы жылдары облысымыздың бес ауданында, атап айтсақ, Зеренді, Атбасар, Жарқайың, Сандықтау және Астрахан аудандарында дене шынықтыру-сауықтықтыру кешендері ашылды. Ерейментау, Есіл, Целиноград аудандарында осындай кешендер салынуда. Жақында Біржан сал ауданында жаңа спорттық нысанның ашылуы болады. Келесі жылы тағы екі ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Щучинск қаласында спорт сарайы салынады. Алдағы үш жылда осындай кешендермен барлық аудан орталықтарын қамтамасыз ететін боламыз, – деген облыс әкімі Аршалы кентінде ашылған жаңа кешенге спорттық құрал-жабдықтар сатып алу үшін 5 миллион теңгенің сертификатын сыйға тартып, келешекте ауданда жаңа спорт кешенін салуға ұсыныс білдірді.
ЦЕЛИНОГРАД. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың бұдан кейінгі жұмыс сапары Целиноград ауданындағы Қоянды ауылында жалғасты. Мұнда әкім жаңадан салынған 1200 орындық мектепті аралап көрді. Нысан оқушылардың сапалы білім алуы үшін қажетті құралдармен жабдықталған. Мәселен, алты мультимедиялық, төрт компьютерлік кабинет, екі спорт залы, 300 оқушы сиятын салтанат залы мен үлкен асханасы бар. Осы мектептің пайдалануға берілуімен Қояндыда үш ауысыммен оқыту мәселесі толығымен шешімін тапқанын айта кетуіміз керек. Осыған дейін ауылдағы 900 орындық мектепте үш мыңнан астам шәкірт оқып жатқан болатын. Енді, жаңа жылдан бастап жаңа мектеп санитарлық талаптарды сақтай отырып, оқушыларды кезекші сыныптарда оқыта бастайды. Қазіргі күні 1300 баланың ата-анасынан өтініш түскен. Аудандық білім бөлімінің басшысы Қанат Ахметовтың айтуынша, алдағы уақытта мұнда екі ауысымда екі мыңнан астам бала білім алады.
Ауыл тұрғыны Төлеухан Омаров Президенттің атына, сондай-ақ, облыс басшысына ауылда заманауи мектеп салып бергені үшін алғыс айтып, жолдарды жөндеу және ауылдан Нұр-Сұлтан қаласына қатынайтын қосымша автобус бөлу туралы өтінішін жеткізді. Осы орайда, облыс әкімі жолдарды жөндеу және ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету әкімдіктің жіті назарында екенін айта келе, аудан басшылығымен жолдарды жөндеу, су тарату желілерін салу мәселелерін және электрмен жабдықтауға қатысты жобаларды талқылады.
Сапар барысында әкім Талапкер ауылындағы көкөніс сақтау қоймасында да болды. Жобаны жүзеге асыруға 737 миллион теңге қаржы жұмсалса, оның 600 миллион теңгесі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Облыстық әкімдіктің қолдауымен серіктестікке жер бөлініп, қоймаға дейін жол салынған. Электр қуатын тартуға да мемлекет қол ұшын беруде. Бүгінде ауданда көкөніс сақтайтын үш қойма бар болса, солардың ішінде Талапкердегі қойма ең үлкені. «ПКФ Табыс» серіктестігінің директоры Евгений Самусевичтің айтуынша, қазір қоймада төрт мың тонна картоп пен бір мың тонна сәбіз сақтаулы. 2022 жылы жобаның екінші кезеңін іске қосып, қуаттылығын 10 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Осылайша серіктестік елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыруға үлес қосары анық.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Целиноград ауданында үш ауысымдық мектептер мәселесі өзекті тұрғаны белгілі. Бүгінде Қосшы ауылында салынып жатқан 1200 орындық екі мектепосы проблеманы шешуге ықпалын тигізері анық.Алдағы жылдары Шұбар ауылында да 300 орындық мектептің құрылысы басталмақшы. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің басшысы Қанат Ахметов Талапкерде, Қараөткелде және Қабанбай батыр ауылдарында да мектеп салу перспективада барын айтты.Қажымұқан ауылында болғанында әкім биылғы жылдың қараша айында жаңадан пайдалануға берілген 300 орындық мектепті аралап көрді. Ермек Маржықпаев келесі жылы атақты жерлесіміз Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдық мерейтойы екенін еске салып, бұл айтулы датаға Қажымұқан ауылы ерекше дайындықпен келуі керектігін және жаңа мектепке қосымша мультимедиялық кабинеттер жабдықтау үшін бюджеттен қаржы қарастыратынын жеткізді.
Жұмыс сапарының соңында әкім Қараменді батыр ауылында салынып жатқан 120 орындық мектепті көрді. Бүгінде ғимараттың құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалған. Қазір мердігер компания – «Аспап» өндірістік кооперативі» серіктестігі ішкі әрлеу жұмыстарына кіріскен. Айта кетейік, былтыр мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 72,8 миллион теңге, 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 714,6 миллион теңге қаржы бөлінген.
Жұмыс сапарының соңында әкім Арайлы ауылына ат басын бұрды. Ауылда 2014 жылдан бері салынып жатқан мектеп сақалды құрылысқа айналған. Осы уақыт аралығында мердігер компания да бірнеше рет ауысқан. Араға алты жыл салып, мектеп құрылысы енді ғана бітуге жақын. Осы ретте облыс әкімі бұл білім ошағының ауыл халқы үшін маңыздылығын айта келе, мердігер компанияға құрылысты алдағы жылдың бірінші ақпанында аяқтауды тапсырды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.